mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ШЫҰ Үндістан мен Пәкістанды қатарға қосуға дайын

21 сәуір күні Астанада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен ШЫҰ бас хатшысы мен ШЫҰ Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы Атқарушы комитеті директорының қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) кезекті отырысы өтті. Бұл кездесуді ұйымға мүше мемлекеттер Басшылары кеңесінің маусымда Астанада өтетін отырысына қорытынды дайындық кезеңі десе болатындай.
«2016 жылдың маусымынан бастап Қазақстан ШЫҰ-да төрағалық етіп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің өткен отырысында белгілеп берген Ұйым шеңберіндегі Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары сіздерге мәлім. Ол ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру тұрғысынан өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзиттік-көлік әлеуетін ашу, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету», — деді Қ. Әбдірахманов өз сөзінде.
Отырыста министрлер ШЫҰ-ға жаңа мүше ретінде Үндістан мен Пәкстанның қосылу процесін аяқтау мәселелерін талқылады. Қатысушылардың пікірінше, бұл екі елдің толыққанды мүше етіп қабылдануы даму мен көпжақты ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа кезеңін ашып, Ұйымның халықаралық ықпалы мен беделін нығайта түседі.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Ұйымның экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттілігіне баса назар аударды.
Отырыс аясында Қ. Әбдірахманов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «ЭКСПО — 2017» шеңберінде бірқатар іс-шаралар, сондай-ақ Астанадағы XI білім аптасы, Өнер фестивалі және «Жасыл экономика, туризм мен спортты дамыту» тақырыбында ШЫҰ Жастар форумы өтетінін хабарлады.
Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) отырысы барысында қатысушылар өңірлік қауіпсіздікті нығайту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі шараларды, ШЫҰ-ның алдағы кеңеюі шеңберінде ынтымақтастықты дамыту перспективаларын да талқылады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары күн тәртібінің жобасы туралы шешім қабылдады. ШЫҰ Астана декларациясының жобасы келісілді. Сондай-ақ, Ұйым саммитінің қорытындылары бойынша қол қоюға енгізілетін Құжаттар тізбесінің жобасы туралы шешімге және басқа да құжаттарға қол қойылды.
Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы елдерінің сыртқы істер министрлері талқылаған басты тақырыптың бірі Сириядағы жағдай, жоспарланып жатқан Иранның ШЫҰ-ға қосылуы, сондай-ақ эктремизммен күрес болды. Сирия төңірегіндегі геосаяси әбігерлік туралы Ресей сыртқы саяси ведомство басшысы Сергей Лавров мынаны мәлімдеді: «Сирия төңірегінде қаншалықты үлкен геосаяси әбігерліктің басталып жатқанын ескерер болсақ, ол (дағдарыс) ешкімді бей-жай қалдыра алмайды. Әсіресе соңғы Сирия үкіметінің химиялық қару қолданды деген дәлелсіз айыптауы мен сол жерде не болғанын өз көзімен көріп, сынамаларды өз қолымен жинап алу үшін инспекторларды жіберуді қамтамасыз етуден біздің батыстық әріптестеріміздің бас тартуы үлкен түсінбестік туғызуда», — деді ол.
Еске сала кетейік, сәуірдің басында сириялық оппозиция Идлиб провинциясында химиялық қару пайдаланумен жасалған шабуылдан 80 адамның құрбан болғаны туралы мәлімдеген. Оқиғаға Сирияның үкіметтік әскерін айыптаған, олар өз кезегінде айыптауларды қабылдамай, жауаптылықты содырлар мен оларды жақтаушыларға артқан болатын.

АСТАНА САММИТІНДЕ АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ҚАБЫЛДАНУЫ МҮМКІН

Сол күні түс ауа Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен кездесті.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Э. Абдылдаев, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С. Лавров, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі С. Аслов, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі А. Камилов, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Р. Алимов, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік антитеррористік құрылымының атқару комитетінің директоры Е.Сысоев, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Н.Онжанов қатысты.
Қазақстан Президенті құттықтау сөзінде ұйымның Астанадағы саммиті қарсаңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кездесуі өтуінің маңыздылығын атап өтті.
— Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші ел ретінде біз биылғы маусым айында өтетін саммитке зор мән беріп отырмыз. Ұйымға біздің төрағалығымыз өңірдегі және әлемдегі қиын үдерістер кезеңімен тұспа-тұс келді, — деді мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге тоқталып өтті. Бұл ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымының қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығы тұжырымдамасын бекіту жұмыстарын жандандыру, ұйымның экстремизмге қарсы тұру жөніндегі конвенциясына қол қою және осы туралы мәлімдеме мен ұйымға мүше мемлекеттердің нашақорлыққа қарсы күрес стратегиясын қабылдау мәселелері қамтылды.
— Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызы зор. Алдағы саммиттің күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі ретінде Үндістан мен Пәкстанды Шанхай ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылдау үрдісін аяқтау туралы шешім жөнінде де айтып өткен жөн. Сондай-ақ, келешектегі жоспарларымызды айқындайтын Астана декларациясын қабылдауды көздеп отырмыз, — деді Қазақстан Президенті.
Естеріңізге сала кетейік, ШЫҰ саммиті 2017 жылғы 8-9 маусымда Астанада өтеді.

(19)