Туған жердің тарихын білу — ұлттық рухтың қайнар бұлағы

Қазақ үні

Төріңдегі көк сандықты ашып қалсаң, атыс-шабыс, босқын халық, адамдардың өз қолымен жасалып жатқан қанды қырғын. «Мейірімді болмағанға мейірім бұйырмаған» тас жүрек пенде, еш нәрсеге селт етпейтін тас бауыр қоғам. Төрткүл дүниені астан-кестенін шығарып жатқан табиғи апаттар. Бүкіл әлемді шарпыған дағдарыстан төбе шашың тік тұрады. Осының бәрі жер бетін мекендейтіндердің рухани азып-тозуының салдарынан болар, бәлкім. Біздің еліміз де осы дерттің салқынын сезіне бастағандай. Жаман әдет тез жұғатыны тағы бар.
Тарихтан білетініміздей, кез келген ел қиналғанда елін тығырықтан алып шығар, көш бастайтын көсемдерінің жанынан табылып, ұйыса білген. I Петрдің — орыстарды, Ататүріктің түрік елін қай деңгейге көтергенін білеміз. Көрші Иран елінің басшысы да, қосшысы да Аятолла Хомейиді рухани көсем ретінде таниды.
Батыс пен Шығыстың озық мәдениеті, әдебиеті рухани қазынасының кәусарынан қанған, әлем мойындаған Абайды рухани көсем деп танып, Абай іліміне ілесуіміз керек сияқты. Абай «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» дегені, айналада болып жатқан дағдарыстардың себебін көріп, білуіміз үшін Абайға жүгінсек болар еді. Өйткені Абай «Құдай Тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз деген, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз» деген иманы кәміл жан. Бір ғасыр бұрын «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел», — деген Абайдың түзу сөзінен ғибрат алайық, түсінейік. Абай ілімін мектеп, жоғары оқу орындарында оқытылатын негізгі пәндердің біріне айналдыратын уақыт жетті. Әлемді ерекше дарынымен тамсандырған Димаш Құдайбергеннің «сүйікті кітабым — «Абай жолы» деген жауабынан кейін бұл кітаптың қытай тіліндегі таралымы күрт өсті.
Димаш орындаған «Дайдидау» қытай көрермендерінің көзайымына айналған компьютерлік ойынға айналды. Қазақ баласының өнеріне тәнті болған бір жарым миллиард халықтың қазақтың қара домбырасы мен қазақы аспаптарға, қазақы киімге деген қызығушылығын арттырды.
Қазіргі заманда да айла-тәсілімен жолын тауып, ұлттық рухты көтеруге болатындығына дәлел бола алатын бұндай талай жақсы жобалар жоқ емес, бар.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыртудағы» «Таяу жылдардағы міндеттер» бөліміндегі «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасында «патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқытудан көрініс тапса игі», — деп, ұлттың рухын көтерудің қайнар көзі тарихты білуде екендігін ашып көрсетті.
Қазақтың кең байтақ жерінің әр төбесі, ескі көң жұртында тарих жатыр. Әлемде жанды-жансыздың бәрінің рухы бар. Рухта тіл жоқ. Бедер, белгі бар. Сол белгінің кілтін тап та, сөйлете біл. Мен тұратын ауылдың кіре берісінде сылдырлап аққан сұлу өзен «Тораңғылсай» бөктерінде «Бұхартөбе» құмы ауылға жолы түскен кез келген жолаушыны ыстық ықыласы мен қонақжай пейілімен қарсы алып тұрған абыз ақсақалдай елестейді. Келген қонақ, ауылын сағынып жеткен әрбір жан төбенің басына шығып, айналаға көз салып, оның баурайындағы ел туралы білуге құмартары сөзсіз.
Бұхара, Хиуа жағынан сатып алынған бір байдың түрікмен інгені ботасы аяқтанған соң, еліне қашып кетеді. Ағыны қатты Сырдың суына үріккен бота түспей, табандап тұрып алады. Ботадан айырылып, аруана еліне тартады. Інген қашқан соқпақ жол «Мая жолы» деп аталып кетеді. Бұхара, Хиуа, Үшқұдыққа Сыр қазақтары төрт түлік мал, тең-тең тері-терсек, жүнін пұлдау үшін сапарға аттанар алдында қазіргі Бесарық ауылының іргесіндегі бүкіл атырап түгел көрінетін құм төбеге жиналатын бекеті болған төбе Бұхартөбе аталып кетеді. Бұхартөбе — тарихи орын. Ауыл мұражайында жинақталған жәдігерлер — соның айғағы. Бұхартөбеден үш бірдей құмыраның табылуы бұл төбенің көне тарихты қойнына бүккен тарихи орын екенін әйгілей түсті. Кейін археологтар зерттеуі бойынша, бұл құмыралардың сыйымдылығы екі, екі жарым куб текшеметр. Өзеннен шығыр арқылы су шығаруға арналған ХV-ХVІІ ғасырда саз балшықтан күйдіріп жасалған баға жетпес байлық екенін атап өту керек.
Сөйтіп, әр ауыл-аймақ Елбасы көрсеткен міндеттерді орындау арқылы заманына сай дамыған жаңалық пен өшуге айналған ескіні жаңғыртып, үйлесім тапқан рухани дамуға жол ашар еді.
Қолында билігі бар, іс басындағы азаматтар мен қаражаты бар ұлтжанды кәсіп иелері «Бұхартөбе» этно ауылын жаңғырту жайлы дайын жобаны жүзеге асырып жатса, құба-құп. Ауыл музейінде жинақталған құнды жәдігерлер, Бесарық ауылы тарихы жайлы жазылған тарихи кітаптарды ауыл мектебіндегі оқушыларға оқу бағдарламасына енгізіп, оқыту қажет. Тек бұл ынта болса, орындалуы оңай, оңтайлы іс болар еді.

Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Бесарық ауылы

(111)