Полицейлерге таяқша қайтарып берілуі мүмкін

nur.kz

Сенатта өткен үкімет сағатында сенатор Серік Ақылбай ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымовтан xалықтың шағымын ескеріп, полицейлерге таяқшаны қайтарып беруді өтінді. Ведомсто басшысы бұған: «Таяқшадан бас тарту еуропалық тәжірибені ескере отырып жасалған қадам. Қазір полицейлер жарығы бар жилеттермен және қолғаптармен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Бүгінде жол сақшылары жүргізушілерді қол қозғалысы арқылы тоқтата алады. Полиция көлігінде кем дегенде екі бейнетіркегіш орнатылған, біз сол арқылы олардың іс-қимылын бақылап отырмыз. Жыл соңына дейін барлық полицейді бейнетіркегішпен қамтамасыз ету туралы тапсырма бар. Сол себепті мен бұйрық беріп, полицейлерге жүргізушілермен бейнетіркегішсіз жұмыс істеуге тыйым салдым. Бұдан басқа, біз кезекті рет құқықтық практиканы егжей-тегжейлі саралап, әкімшілік құқық бұзушылықтың 14 құрамы бойынша айыппұлды төмендетуді жөн санадық. Алайда бұған өрескел заң бұзушылықтар кірмейді. Мәселен, жолда тоқтау мен көлікті тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін төмендету ұсынылып отыр. Ал көлік шамын жағып жүру талабы алғаш рет бұзылса, онда тек ескерту жасаумен шектелу көзделуде. Тағы бір жаңалық — енді жүргізушілерге ереже бұзғаны туралы ақпарат оның поштасына келеді»,— деп жауап берді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеxа: «Таяқшаны қайтару мәселесі әлі қаралады. Өз басым мұнымен келісемін, себебі, реттеушінің іс-қимылында таяқша анағұрлым түсінікті. Сенаттың ұсынысымен біз бұл мәселемен үкіметке тағы кіреміз. Ал көлік тоқтату үшін керек емес деп ойлаймын»,— деген ойымен бөлісті.

(8)