Шенділерге жалпақтауды доғару керек

Ratel.kz

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өткен «ҚР-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев: «Біз жеңілдік шарттарымен баспана бөлуді, жалдау құнын міндетті түрде өтеуді, зейнет жасындағы мемлекеттік қызметшілерге жеңілдіктер ұсынуды, балаларын кезектен тыс балабақшаға орналастыруды ұсынамыз. Мемлекеттік органдарды қамтамасыз етуге арналған шығыстар құрамында өкілдіктік шығындарды қарастыру керек. Орталық, облыстық, аудандық тараптан кез келген тексерушілерді міндетті түрде күтіп алып, қандай да бір сыйлық беріп жатады. Мұның бәрін жою үшін өкілдіктік шығындарды қарастырған жөн. Бұл аздай өңірлерге іссапармен барғандарда пара алу деректері жиі кездеседі. Сондай бір деректі келтірсек, Қаржы министрлігінен Қарағанды облысына тексеріспен барыпты. Ақша қаражаттарын алғандарымен қоймай, супермаркеттердің біріне кірген олар бастан-аяқ киініпті. Ақыр аяғы ұсталып, 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Мұның бәрін әлгі қызметкерлер заңды білмегендіктен істеді дегенге сенбеймін. Өйткені, бүгінгі күні басшылар жемқорлыққа қарсы саясатты, заңдарымызды біледі. Біз барлық дерлік мемлекеттік органдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әдеп нормаларын бұзу салдары бейнеленген видеолар көрсеттік. Қалай десек те төменде бар психология өзгеріп келеді. Бірақ, меніңше бір жылдың ішінде өзгере қоймайды. Оған уақыт керек»,— десе, осы комитет  төрайымы Дариға Назарбаева: «Жергілікті әкімдіктер Астанадан келген қонақтардың көңілінен шығуға барынша тырысады. Бұл процедураны немесе өңірге сапармен келгендерді қабылдау тәртібін қатаң регламенттеу қажет. Бұл жерде де қатаң тәртіптің болғаны жөн. Әкімдіктер Астанадан келген қонақтардың көңілін табуға барын салып жатады. Мұны доғару керек»,— деген талап қойды.

(26)