Сүрілетін үйге берілетін өтемақы сын көтермейді

Сурет: Жас қазақ

Алматыда сүрілетін үйлер үшін берілетін өтемақы құнына қатысты дау толастамай тұр.  Жергілікті билік оны төмен бағалап отырған сыңайлы. Әңгіме жолайырық салынатын аумақтағы үйлерге қатысты. Мүлікті есептеудің қыр-сырын білетін мамандар: «Өтемақы көлемі жер учаскесінің кадастрлық құны бойынша есептелген. Ал, тұрғындардың үйді ретке келтіруге кеткен шығыны есепке алынбаған. Сондай-ақ, мүлікті бағалаушылар мен іс сотқа кеткен жағдайда төленетін мемлекеттік баж салығы да есепке алынбаған.  Келісімде нарықтағы баға, өтемақы мен шығын  құны көрсетілуі тиіс. Заң бойынша Жер қатынастары басқармасы сотқа беру кезінде мемлекеттік бажды төлеуден босатылған. Мұны Жоғары сот та айтып отыр. Әкімдік тұрғындарды сотқа береді. Және олар мемлекеттік баж төлейді. Мұнда қандай әділдік бар? Жер басқармасындағылар мүлікті бағалау әдістемесі заңнамада көрсетілген есеппен жүргізіліп отырғанын айтады. Яғни баға мүлікті сатып алу және сату жөніндегі келісім бойынша  төленеді. Демек, әкімшілік жер құнын бірнеше есеге төмендетіп отыр деген сөз»,— десе, тұрғындар: «Біз үйімізді сатуға өз еркімізбен қойған жоқпыз ғой. Бізге биліктің өздері келді. Сондықтан заң бойынша жер қатынастары басқармасы нарықтағы бағадан жоғары төлеуі керек. Тәуелсіз бағалаушылар қолдарына есептегіш құралдарын алып келіп, суретке түсіріп жұмыс істейді. Ал жер қатынастары басқармасынан екі әйел келеді де, төлқұжаттарын көрсетпестен: «Барлық сұрақ жер қатынастарына»,— деп қысқа қайырады»,— деп, өз наразылықтарын білдіруде.Әділдік болмаған соң, сөйтпегенде қайтеді енді?

 

(47)