Сый беруде/алуда шарттың маңызы неде?

Өткен демалыс күні жақсы танитын бір ағамыздың тойына барған едім. Тойда бір ақсақал той йесіне тілек тілеп, бір мал атап жатты. Заңгер болған соң тыныш отырамыз ба? Дереу ақсақалдың уәдесіне, ойымда, құқықтық сараптама жасап жібердім.

Менің жеке ойым, сыйға тарту шартын азаматтық кодексімізде заң шығарушы реттегенде мүмкіндігінше жарамсыз қылып тастауға тырысқан сияқты. Неге екенін төменде Сіздерге түсіндіруге тырысайын. Заңнамамызға сәйкес сыйға тарту ақысыз түрде бір мүліктік құндылық беріледі немесе беруге уәде етіледі, ол да үш жағдайда жасалуы мүмкін:

Бір заттың меншігін ақысыз беру немесе біреуден алатын алашағын беру әлде, сый алушыны бір қарызынан босату арқылы болады. Бірінші жағдайда сыйға «бердім» деді ме, әлде келешекте беруге «уәде етті» ме маңызды. Яғни сыйға тартқанда бір заттың меншік құқығын «бердім» десе, затты беруі керек. «Бердім» деді бірақ іс жүзінде беруді ұмытып кетсе, бермесе, жарамсыздықты қойыңыз, шарт мүлдем жасалмаған болады. Ал сый алушы бұл жағдайда «сыйды бер» – деп те талап ете алмайды. Сыйға берілген затты нақты беру мен қатар символикалық та беру болуы мүмкін: кілт беру, құжатын беру сияқты. Осы бірінші жағдайға байланысты сыйға беру қозғалатын мүліктер туралы, тоңазытқыш, тв, көлік тб. Егер сыйға берілген зат үй немесе жер сияқты (қозғалмайтын мүлік) болса, ол жазбаша жасалғаннан кейін, мемлекеттік тіркеуден (әділет басқармасында) өтуі керек. Осы жағдайларда сіз заттың меншік құқығын бергендіктен, сый алушы затқа өз қалауынша билік етеді, тіпті затты жойып жіберсе де өз еркі. Мысалға гүл сыйға берсеңіз гүлді сыйға алған, өз қалауымен, гүлді төріндегі ваза салып қояды немесе тікелей қоқысқа тастауы – өз еркінде. Бірақ келешекте бір затты беретініңізді уәде етсеңіз, тойдағы ақсақал сияқты, оның құқықтық тұрғыдан дұрыс болуы үшін жазбаша түрде жасалуы тиіс. Олай болса, тойларда сыйлыққа берілген қаражаттарды салатын сөмкемен қатар, бір бет қағаз ұстап жүруіңізге тура келеді. Себебі сыйға тартуға келешекте уәде берген кісіге уәдесін жазбаша жаздырып, қол қойдырып алмасаңыз, сыйға тарту шарты жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін.

Екінші жағдайда, сый беруші басқа біреуден алашағын (алатын бір мүліктік құндылығын) сый алушыға беруі мүмкін. Мысалға, әріптесіңіздің сізден, алған қарызын, өзіңізге емес, 8 наурызға хатшы қызға беруін өтінсеңіз, бұл да – сыйға тарту шарты. Бірақ бұл жағдайда хатшы қызға талап құқығыңызды бергеніңіз туралы мәселені хатшы қыз бен Сіз, яғни сыйға тартушы, жазбаша жасауларыңыз тиіс. Олай болмаса, сйыға тарту шартыңыз жарамсыз болып қалады.

Үшінші жағдай сый алушының қарызын төлеу (босату) немесе келешекте төлеуге уәде беру. Бұл қарызы үшінші кісіге де болуы мүмкін. Мысалы, Сіз туған күнімен құттықтап, сыйлық ретінде, банктен алған кредитін төлейсіз немесе келешекте төлеуге уәде етесіз. Жоғарыда айтылғандай, уәде етілсе, жарамды болуы үшін, жазбаша түрде жасалуы тиіс. Қарыздан босату арқылы сыйлық жасаудың екінші нұсқасы: сый алушыны өзіңізге болған қарыздан босатасыз немесе босатуға уәде етесіз. Бұл жерде де уәде жазбаша болуы керек. Ал қарыздан «босаттым» – десеңіз не болады, бұл өте күрделі мәселе. Себебі сонау ежелгі Римнен кележатқан міндеттеменің тоқтау жағдайларының бірі «борышты кешіру» – жағдайы. Мұны жеке құқық мамандары жақсы біледі. Бұл кезде, яғни борышты кешірген жағдайда, міндеттеме тоқтайды және ол үшін қарызды алашақ кісінің «қарызды кештім» – деуі қарыздың тоқтауы үшін жеткілікті. Осындай істі заңгерлер «бір жақты мәміле» – дейді. Ал сыйға тарту шарты болса, «екі жақты мәміле», яғни екі тарап келісуі қажет. Осы жағдайдың тәжірибедегі көрінісін талқылап көрелік:

Ауылдың бетке ұстар кәсіпкерлерінің бірі Сізден қарыз алды, алайда жағдайы ма, ыңғайы ма келмегендіктен қайтармай жүр. Сіз сол кәсіпкердің мерейтойына бардыңыз. Уәдесін орындамаған кәсіпкердің бұдан кейін сөзі берік болуы үшін сабақ бермекші болып, тілегіңізді тілеп болған соң, әлгі қарызын есіне салып, әрі сыйлық ретінде: «Қиналып жүргеніңді ескеріп, менен алған бәленбай сома қарызыңды кештім, төлемей-ақ қой!» -дедіңіз дейік. Осыған намыстанған кәсіпкер сол жерде шығып: «Қарызың міне, ал, тіпті пайызымен!» – деп қайтара ала ма? Жауап пікірталасты. Себебі қарыз «борышты кешіру» арқылы тоқтаған болса, қай қарызды қайтарғаны? Ал сыйға тарту шарты десек, сый алушының қабылдауынсыз шарт жасалмаған болады да қарызды қайтара алады. Осы мәселеге байланысты, құқық ғалымдары осындай екі түрлі жауап беруде.

Бұл – бір тойда отырып, сыйға тарту шартына жасаған сараптамам. Байқағандарыңыздай, сыйға тарту шартын осынша күрделендірудің мәнісі неде? Оны заңгер логикасымен мен де түсіне алмадым.

Бірақ айтарым бар, бізде халықтың ұзақ уақыттан бері қалыптасқан қатынасын заңдастыру мәселесін парламентімізде басқаша шешуі болып отыр. Оны да модель (үлгі) ретінде алынған азаматтық заңнаманың солай болғанына негіздейді. Қарапайым тілде айтсам, көшіріп алған заңымыздың солай болғаны ғой.

Түйін, заңнамалар парламентте қабылданғанда халықтың күнделікті өміріндегі әдеттері үлгі (модель) ретінде алынбауының салдары осындай болмақ.

Айдын Аманқожаев, aqparat.kz cайты

(27)