Ағамның ақылы

Сурет: Объектив.kz

«Қызға тән тәкаппарлық, наздану, өжеттік деген ұғым Қыз Жібектің заманында қалып кетті…» — деді ол мұңайып.
— Жандос аға, сізге не болды? Өкпеңіз қара қазандай ғой?
— Қарындасым-ау, білесің бе, қазір қыздардың өзі де, жан дүниесі де жасанды. Сояудай жалғаған кірпіктері, жапсырған тырнақтары, қарлығаш сызып қойған қастары, инемен үргізген еріндері, көзіндегі баттасқан сүрмелері — бәрі-бәрі… Оны қойшы, арсыз күлкілері мен ашық-шашық киімдерімен күнәға батып жүрген қазақ қыздарына қарап, жаным ашиды.
— Оныңыз рас қой. Бірақ бір қыздан көңіліңіз қалғандықтан айтып отырсыз ғой мұны, солай ма?
— Жоооқ, қателесесің. Исламға келіп, бес уақыт намаз оқығалы бері жәннаттық болуға асығып жүрмін. Сонда қасиетті Құран Кәрімде суреттеп жазылған ең сұлу да сымбатты хор қызынан дәмелімін, — деді күлімсіреп…
— Жандос аға, жасыңыз 27-ден енді асты. Осы өмірде үйленбейтіндей сөйлейсіз ғой?
— Теңімді жолықтырмасам да, оған еш өкінбеймін. Бірақ жолыққан адамымды бақытты ету үшін барымды саламын
— Аға, бой десе, бойыңыз бар, түріңіз келісті, сымбатты жігіттердің бірісіз. Маған қыз қарамайды десеңіз, бұл өтірігіңізге сене алмаймын енді…
— Бар мәселе осында ғой. Қарап тұрған жігітке қыз артылады дегеннің кебін киіп жүргеннің бірі мен. Мен емес, қыздардың өзі ішіп-жердей өңменімнен өткізіп, жанарын алмай қадала қарағанда, дәмханаларда «неге жалғыз отырсың» деп қасыма келіп таныспақ болғанда, түн екен демей, телефоныма қоңырау шалғанда, «Астағфируллах» деп нәпіл намазын оқуға кірісемін.
— Ееех, сұлулық қыздың ғана емес, жігіттің бойына бітсе, тіпті қиын екен ғой. Бірақ, заман сондай қазір, аға, несіне таңғаламыз? Қоғам біткен қыздарды сіз түземейсіз ғой енді…
— Жоооқ, сол қоғамды түзейтін біз, ер-азаматтар. Өзгенің қызын түзей алмасам да, саған айтар ақылым мынау, қарындасым. «Қыз атаулысы жылтыраққа, әшекей-бұйымға құмар. Өйткені Жаратушы осы жағынан сендерді әлсіз етіп жаратты. Соның бәрін тағынып ап, сыланып-боянып ап, болмысың инкубатордан шыққан сұлусыған сүйкімсіз сұлулардың қатарын толықтырма, қарындасым. Өзіңді Жасаған Иеміз қалай жаратты, сол қалпыңда қал. Ұяң бол, нәзіктік болсын. Тәтті қылығың жоғалмасын. Ең бастысы, жігіттерге тәкаппар, өктем бол! Өз құныңды түсірме, жарығым!» — деп, маңдайымнан мейірлене иіскеді.

Еркенің хатынан, Қызылорда қаласы

(92)