Мемлекеттік мекемелер пәтердің алғашқы жарнасын салуға көмектеседі

ҚР Инвестициялар және даму министрілігі құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алатындар үшін алғашқы жарнаның көлемі 50 пайыздан 30 пайызға төмендетілді. Қазіргі кезде оны 15 пайызға дейін түсіру мәселесі қаралып жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Сосын дәрігерлер бар, жаңағы мұғалімдер бар, басқа да мемлекеттік кәсіпорындарда істейтін қызметкерлерге алғашқы жарнаны, яғни ақшаның 30 пайызын құюға көмектесуге мүмкіндік беруді қарастырудамыз. Енді, 2,5-3 миллион теңге алғашқы жарна қажет болады ғой. Мемлекеттік кәсіпорындарға соған көмектесуге мүмкіндік беріп жатырмыз. Осыған байланысты бағдарламаға («Нұрлы жер» – авт.) өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл үлкен жеңілдік деп ойлаймыз. Біз есептеп көрдік, қазір 428 мың адам кезекте тұрса, соның 187 мыңы – мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік кәсіпорындарда істейтіндер және әскери қызметкерлер», – дейді Жайымбетов. Комитет басшысының айтуынша, ондай көмек мемлекеттік орган, я болмаса, мемлекеттік кәсіпорынның табысы мен қаржылық жағдайына байланысты болмақ. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген комитеттің басқарма басшысы Кенжеболат Мыңбаев аталған меxанизмнің мән-жайын түсіндіріп берді. «Аталмыш көмекті кез келген адамның ала алмайтыны белгілі. Оны шынымен де баспанаға мұқтаж азаматтар ғана алуы тиіс. Ондай тәжірибе кеңестер кезінде де болған. Мемлекеттік органның өз бюджеті бар ғой. Ол ақшаны 13-ші жалақыға емес, машина алуға емес, баспанаға мұқтаж адамдардың алғашқы жарнасына салса, біраз адамдардың баспана мәселесін шешуге болады. Мәселен, 100 миллион қалды дейік, оны пәтердің алғашқы жарналары ретінде неге салмасқа? Кәсіподақтар бар. Олар бәрін тізім бойынша қарап, мұқтаж адамдарды анықтай алады. Меніңше, солай болуы керек. Бірақ ол үшін бір негіз болуы шарт. Сол себепті бағдарламаға тиісті тетікті енгізу керек», – деп атап көрсетті Мыңбаев.

 

(11)