Латынға көшсек…

Сурет: kapital.kz

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуір күні жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқыға түскен мәселелердің бірі болып тұр.  Жұрт назарын бірден аударғаны — Президенттің  осымен екінші мәрте  графика мәселесіне  көңіл бөлуі. Тәуелсіздік алғалы бері күн тәртібіне қойылған аталмыш тақырып аясында ой жүгірткен адамдар аз болған жоқ. Ал Президенттің кезектегі мақаласы жарияланғалы бері БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде кең көлемде пікірталастың өзегіне айналып шыға келді. Бұл тақырыпқа шетелдік сарапшылар да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Осы арада бір байқағанымыз  — пікірлердің екіге жарылып тұрғандығы. Қазақ елінің латын жазуына көшуіне түркі тілдес елдердің ғалымдары бірауыздан қосылатындығын ертеден бері айтумен келеді. 1990 жылдардың басында-ақ туысқан елдердің тілтанушы ғалымдары ортақ пікірге келіп үлгерген екен. Қазақстан Президентінің аузынан шыққан бұл бастама туралы қырғыз ғалымдары мен депутаттары: «Егер Қазақстан латын графикасына көшер болса, Қырғыз елі де осы тәжірибені қабылдап, тездетіп латын жазуына көшкені жөн», — деген ойларын айтыпты. Ал Ресейдің кейбір сарапшылары латынға көшудің орасан зор экономикалық шығын әкелетіндігін ескертсе, кейбір сыңаржақ пікір айтушылар «Назарбаев латын әліпбиіне көшуге жарлық беру арқылы «орыс әлеміне» соққы берді», «қазақтар осы арқылы Ресей ықпалынан құтылып, түркі әлеміне қарай бет бұрып бара жатыр. Бұл дегеніңіз — стратегиялық мәні бар дүние» деген болжамдар айтып, үлкен саяси астар іздеген екен. Бір қызығы, Ресейдің кейбір ғылыми мекемелері мен ресми орындарының саясаткерлері «Қазақстанның латын жазуына көшуі орыстілді әлемге ешқандай кері әсерін тигізбейді. Оның үстіне бұл — Қазақ мемлекетінің ішкі мәселесі» деп баға беріпті. Өз ішімізде де алты бақан алауыз пікірлердің аттандап тұрғандығын ескерсек, өзгелердің бұлайша «тон пішуі» қалыпты жағдай секілді. Біз бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған осы мәселе жөнінде қоғамдағы көзі қарақты бірнеше азаматтың ой-пікірлерін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл соңғы шешім емес екендігі баршамызға белгілі.

Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері:
— Бұл — жақсы бастама. Сол арқылы орыстың топонимдерінен құтылуға болады. Латынға көшу туралы мәселе көптен қозғалып келе жатыр. Шынын айтсақ, латын әліппесі бізге жат нәрсе емес еді. Соғыстан бұрынғы жылдары Қазақстанда бір мезгіл осы латын әліппесі қолданыста болғанын жақсы білеміз. Ал қазіргі жастарға тіпті оңай болмақ, күнделікті компьютерде, ғаламторда осы әліпбимен жұмыс істеп жатыр. Кезектегі бастаманы әркім өз әлінше пайымдап жатқаны белгілі. Бізді күні бүгін өздерінің отар еліндей көретін солтүстіктегі көршіміз, Қазақстанның латын әліппесіне көшкенін ұнатпай отыр. Енді біреуге ұнамайды екен деп, егемен еліміздің маңызды шешімінің жауабын өзгелерден күтудің қажеті қанша? Қазірге дейін латынға көшкен түркі елдері бірнеше түрлі нұсқамен кетті. Енді оларды оқып, түсінуде де ешқандай қиындықтар жоқ. Бар-жоғы бірнеше әріптің айырмашылығы бар. Барлық түркі тілдес халықтар ортақ әліпбиде болсақ дегенді біздің ғалымдар көтерген еді. Бірнеше жыл бұрын халықаралық Түркі академиясы өзге бауырлас елдермен ортақ әліпбиде болудың маңыздылығын тағы да алға тартты. Бұл ұсыныс ғалымдар жағынан бірауыздан қолдау тапты. Сондықтан түркі тілдес елдер ортақ бір жүйеге келуге мүмкіндік те бар, — дейді.
Біраздан бері айтылып келе жатқан мәселе төңірегінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев маңызды нұсқаулар берумен келеді. «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан — 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдедім. Бұл — сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды — бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», — дейді. Сөйте тұра, мемлекет басшысының бұл айтқандары «науқандық шара» болып кетпесе екен дейтін азаматтар да бар. Өйткені Елбасымыз осымен екінші рет арнайы тоқталып отыр. Ал 2013 жылы латынға көшу мәселесі төңірегіндегі пікірталас республикалық деңгейдегі талқылауларға жалғасып барып басылған болатын. Әр саланың ғалымдары өздерінің дәлел-дәйектерін келтіре отырып, 40-тан астам (жалпы ел көлемінде 100-ге тарта) нұсқа БАҚ беттерінде жарияланған еді.
Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғалымдары «жан-жақтылы талқылаулардан өткен» нұсқаның дайын екендігін айтып отыр. Бұл жағы ғалымдарымыздың еншісінде. Ал біздің мақсат «аққу, шортан һәм шаян» секілді жан-жаққа тартып жатқан жұрт пікірін екшеп көру ғана.

Қуандық Шамақайұлы, журналистика саласында ұстаздық етіп, талай ғылыми еңбектер жазған ғалым:
— Бұл да көп айтылып, орындалмайтын саяси популизмнің нысаны болып кетпесе игі еді. Латыншаға көшсек, Ресейден алыстаймыз деп қорқатын орысшыл бір топ бар. Ал сол сияқты Ресейдің ықпалынан құтыламыз деп ойлайтын тағы бір топ бар. Бұл екі пікір де сыңаржақтылау дүние. Негізі, «соза берсе, тоза береді» демекші, қалай болғанда да тезірек латын əліпбиіне көшкен дұрыс. Уақытша қиындықтар болар. Соған қарамастан көшкен жөн. Баспасөз жүйесі жаппай көшкен соң, пəлендей қиындық бола қоймас. Аудитория да, баспасөз де өз орнында қала береді, — дейді күдігін жасырмай.
Әлеуметтік желіде өз ұстанымдарын ашық білдіріп жатқандардың арасында әліпби алмастырудың үлкен шығындарға әкелетіндігін алға тартушылар да бар. Мұндай пікір 2013 жылы да бой көрсеткен болатын. Ал экономикалық қиыншылықтардан басқа да себептерге байланысты латынға көшуді құптамайтын азаматтардың бірі — дінтанушы Мұртаза Бұлұтай мырза. Ғалымның пікірінше, «қазақ тілі өз деңгейінде мәртебелі орынға көтеріліп алмай тұрып, жазу алмастырудың қажеті шамалы» көрінеді.

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы:
— 77 жыл қолданыста болған кирилшенің өзін жөнге келтіре алмай жатып, қазақ тілінің сөздік қорын өмірдің барлық саласын асырай алатын деңгейге жеткізе алмай жатып, бір әліппені өзгерту арқалы осы хроникалық науқастың бәрін ампутация жасап тастаймын деу — әншейін демагогия, популизм, иллюзия… Қазақ тілі онсыз да қиын жағдайда қазір, халықтың көбісі білмейді, білгендердікі жүрмейді. Ал латыншаға өту бір күндік шаруа емес. Халқының бəрі өзбекше білетін Өзбекстан ресми түрде 2000 жылы латын әліпбиіне өткенімен, əлі күнге шейін кирилшелерін тастаған жоқ. Өзбектер 17 жылда толықтай өте алмай жатса, біз 30 жылда да өте алмай, дүбəра халде қалатын шығармыз. Қазақша сөйлейтін халықтың басым бөлігі кирилшеде қала беретін шығар, жастар латыншаға үлкендерден гөрі тезірек өтуі мүмкін. Ал орыстілді көпшілік болса, ол тілдің əліппесі өзгеріссіз қалғандықтан, ешбір қиындыққа душар болмайды. Қазақтілділер бірнеше əліппеге бөлініп, өтпелі кезеңде бытырап, жанталасып жатқанда халықтың көбісі орыс тілінің ықпалында кетуі әбден мүмкін…
Әр халық өзінің тарихын, мәдениетін, адамзат өркениетіне қосқан үлесін мақтаныш етеді. Ал әліппе — осының бәрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін басты құрал. Жапондар, кәрістер, үнділер, гректер сияқты көптеген халықтар өздерінің байырғы жазуларымен келе жатыр. Еврейлер ғасырлар бойы қолданыстан шығып кеткен жазулары мен тілдерін жаңғыртты, Израиль орнағанда олар латыншаны қабылдаулары да мүмкін еді ғой. Бірақ тәуелсіз елдің тәуелсіз азаматтарының тәуелсіз санасын қалыптастыру үшін өздерінің төл жазуларын, ата-баба аманатын өмірге қайта әкеліп, еврей жастарының санасына құйды. Ал біздің арғы ата-бабаларымыздың да өздерінің керемет жазу үлгілері болған, бұл тіпті ғылымның бір саласына айналып та кетті. Меніңше, кім көрінгеннің әліппесіне жармаса бермей, Күлтегін бабамыз қолданған байырғы түркі жазуына көшкеніміз жөн болар, — дейді.

Ерғазы Сейтқали

(229)