Еріксіз жылап жібердім (Жолдыбайдың түсі)

Мен жақында түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім…
Түсімде әкем ақ боз ат мініпті. Иығында аңшы мылтығы, белінде шоқпары бар, сірә, аң аулауға бара жатқаны болуы керек. Мені көріп:
— Балам, сенің атыңды әрдайым жолы болсын, тура жолмен жүрсін деп, Жолдыбай қойған едім. Үмітімді ақтамадың, қисық жолмен жүріп барасың, мұның қалай? — деді.
— Әке, менің атымды дәл тауып қойғансыз. Өзіңіз үйреткендей тура жолмен жүріп, ылғи да жолым болып келеді. Адал жүріп, бұрын қала әкімі едім, енді міне, облыс әкімі болдым.
— Қайдағы адалдық?! Арам жолмен ақша жинап, біз қорғаған, сендерге аманат етіп қалдырған жердің астындағы байлықты сатқанмен де тоймай, жердің үстін де өзгелерге сатқалы жатырсыңдар. Не деген тойымсыз, жалмауыз болдыңдар?..
— Әке, оның бәрін мен емес, жоғары жақтағы әкімдер ғой жасап отырған. Мен тек солардың тапсырмаларын орындаушысымын ғой, — дегенімше болмады.
— Жап аузыңды, күшік, сорлы неме, солардың ішінде сен де барсың! Неге өз бауырларыңа қарайласпайсың, күндерін әрең көріп отыр. Ал сен қалтаңа сыймаған ақшаны басқа елге апарып тығып жатырсың.
— Әкетай, оның бәрін сізге кім айтты? Мен тазамын, адал жүріп, баспалдақпен үлкен қызметтерге өсіп келемін.
— Сен өспейсің, өспегір, сен сияқтылар өшеді. Мен бәрін де көріп жүрмін. Біз бақилық болғандар, сендерді көреміз, бәрін де білеміз. Алайда байланысқа шыға алмаймыз. Саған осы соңғы рет ескертуім, арам жолмен жүргеніңді қоймасаң, сазайыңды өзім беремін!
— Әке, мен түзу жолға түсемін, тазарамын, — деп, аузымды аша бергенім сол еді, ол үлкен шоқпарымен қақ маңдайымнан періп кеп жіберді…
Зәрем ұшып, қатты шыңғырып, шошып оянсам, бір жарым жасар ұлым ағаш қасықпен маңдайымнан ұрып ойнап отыр екен. Менің шыңғырған дауысымнан қорқып кетті ме, жылап жатқан баламды құшақтап, мен де еңіреп, еріксіз жылап жібердім.

Айбол Битуғанов

(76)