mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Смирнованың сиқын қашырған кім?

Сурет: ratel.kz

Бүгінгі күні көзі ашық жұрттың Мәжіліс депутаттарының кейбіріне өкпелері қара қазандай. Билік үкілеп додаға қосқан марқасқалардың баз біреулері тегіс жерде сүрініп жатса, кімге өнеге? Кімге үлгі? Күні кеше Компартияның атынан Мәжіліске сайланған депутат Ирина Смирнова Парламенттің қақ төрінде отырып латын әліпбиіне қатысты пікір айтамын деп, шынайы келбетін көрсетіп алды. “Жаман сырын айтамын деп, шынын айтыпты” дегеннің кебі келді. Орыстың шоққа піскен бөлкесіндей қызара бөртіп жүретін Ирина қыз айды аспанға шығарды осылайша. «Латын әліпбиіне көшсек, орыс әлемінен алыстаймыз» деп, кім көрінгенге емес, Елбасы саясатының өзіне қарсы шыққаны қай сасқаны? Әлде «үй артында кісі бар» деп сес көрсеткені ме? «Айтылған сөз — атылған оқ». Ол оқ кімге бағытталды, кімнің жүрегін жаралады? Оны өзіңіз пайымдай беріңіз.
Шынын айтайық, қазақ Парламентінде Ирина ханымның Ресей думасында отырғандай еркін көсілуі — көзсіз ерлік! Оны мойындауымыз керек. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген осы! Әйтпесе өтірік көлгірсіп, «неткен керемет» деп айта салса, кім қой депті? Оның жүрегіне біреу кіріп шыға ма?
Алайда күн өтпей жатып сабасына түсіп, астындағы жылы креслоны қимай: «Мен айтатын ойымды дұрыс жеткізе алмай қалдым», — деп ақталғаны жарамады. Депутат бір сөзді болғанға не жетсін! Айттың ба, сөзіңде қатып қал! Айтар алдында жүз ойлан, мың толған! Парламент мінбері ешкімге ойыншық емес.
Депутат — халықтың айнасы. Айнадан кім жаман көрінгісі келеді? Өкінішке орай, осыдан кейін Парламентте шынайы жүзін жасырып, қулығын асырып, бетіне маска киіп жүргендер бар секілді көрінеді. Бірақ оларды әшкерелеу мүмкін болмай тұр. Тек қана ашынған кездерінде бұлтты тілгілеген найзағайдай жарқ ете қалады. Одан кейін түлкі бұлаңға салып, ұстатпайды-ау, ұстатпайды. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп қазақ осыны айтса керек-ті.
Р.S: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген тәмсілді Ирина ханым білмесе керек. Қазақшаны қақпайтын депутат, Мәжілісті думамен шатастырып алғанын кеш аңғарыпты. Енді өз обалы өзіне. Ирина Смирнованың тәртібін енді Мәжілістің этика жөніндегі комитеті қарайды деген үміттеміз.

(80)