Елде міндетті медициналық сақтандыру енгізіледі

Сурет: Айқын газетінен

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Стратегия және медициналық қызмет ақысын төлеу департаментінің директоры Серік Тәңірбергенов: «Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда алғаш рет 1996-1998 жылдары енгізілді. Оның сәтсіздіктерге ұшырау себебі неде? Біріншіден, ол елде экономикалық дағдарыс әбден шегіне жетіп тұрған кезеңмен тұспа-тұс келді. Басқа төлемдерді былай қойғанда, тіпті, зейнетақының өзі дұрыс төленбеді. Сақтандыру жарнасын төлей алмаған тұтас облыстар болды. Түскен қаржы болса сол кездің өзінде денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Жарналар мен төлемдердің дер кезінде аударылмауы, ақшаның дұрыс шоғырланбауы салдарынан түсім мен шығын арасында үлкен айырма пайда болып, қор төлем қабілетінен айырылды. Десек те, сәтсіз делінген реформаның да пайдалы тұстары болды. Осы үш жылда нарықтық экономиканың негізгі принциптері медицина саласына аздап болса да енгізілді және ақсап тұрған саланы біршама дамытуға ықпал етті. Әлбетте, ол кездегі жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жылдары денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ. Ал, қазір экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелерінің көбі заманауи қондырғылармен жабдықталды. Жеке меншік клиникалар көбейді. Елімізде жүрек, бүйрек, буын алмастыру сынды күрделі операциялар жасалатын болды. Сондықтан медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын деп айтуға әбден болады. Жарналар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы Ұлттық банктегі есеп-шотқа түседі. Ақша қолға берілмейді. Емханалар мен клиникалар көрсеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақты көрсетілген қызмет бойынша берілген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкін емес. Осы жерде қаржы «қағаз жүзіндегі» қызмет түрлеріне кетіп, талан-таражға түспей ме деген сұрақ туындайды. Мұны қадағалайтын бақылау жүйесі бар. Және ақшаның мақсатқа сай жұмсалуын, көрсетілген қызметтің сапасын қадағалауға азаматтардың да көмегі қажет. Себебі, ай сайын жарна төлеген адам көрсетілген қызметтің сапасын тексеруге мүдделі болуы тиіс. Қызмет сапасы көңілінен шықпаған жағдайда азаматтар өз наразылықтарын Қорға хабарлап отыруы керек», – деп, жобаның тиімді болатындығына сендірді.

 

(51)