Авиабилеттер арзандауы мүмкін

Сурет: baq.kz

ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек: «Жыл соңына дейін ұшақпен жол жүру бағасы айтарлықтай төмендейді. Осыған байланысты биыл әуедегі апаттың салдарын тергеп, тексеретін жаңа мемлекеттік орган құрылады.  Қазір елімізде керосин тапшы, сондықтан билеттің бағасы да жоғары. Отандық ұшақтарға жылына 800 мың тонна керосин керек. Керосиннің 60 пайызын шетелден тасымалдаймыз. Ал билет құнының 30 пайызы жанармай бағасына байланысты. Еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттар қайта іске қосылған соң тапшылықтан құтыламыз. Соған орай жыл соңына қарай әуекомпанияларына билетті арзандату туралы талап қойылады. Егер бағаны төмендетуден бас тартса, бағытты басқа тасымалдаушыларға береміз»,— деп мәлімдеді. Осы отырыста сенаторлар жиілеп кеткен ұшақ апаттарына қатысты тексеруді сиырқұйымшақтандырып, нақты себебін жариялаудан қашатын шенеуніктерге де шүйлікті. Бұл ретте Мұхтар Алтынбаев әуедегі қауіпсіздік пен төтенше жағдайларды зерттейтін бөлек орган құруды ұсынды. Бұған министр: «Азаматтық авиация комитеті әуе кеңістігінде болған апатты, төтенше жағдайды тексеру жұмыстарына араласпайды. Оған комитеттің еш қатысы жоқ. Ал көлік прокуратурасының талаптарына қатысты дәлел, уәжіміз бар»,— деген дәлелді алға тартты.

(54)