Өзбек-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс

Тәжік-өзбек шекарасында қарулы қақтығыс болып, өзбек шекарашысы тәжік азаматына қарсы оқ атқан. Өзбекстанның мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 15 сәуірде Сұрхандария облысы Құрықсай елді мекенінде өзбек шекарашылары Тәжікстаннан Өзбекстанға қарай айдалып бара жатқан ірі қара малдарды көреді. Өзбек шекарашылары бір үйір малды кері қайтарып, осы уақытта Тәжікстаннан Өзбекстанға бет алып бара жатқан белгісіз үш адамды аңғарады. Өзбекстан арнайы қызметі: «Олар шекарашылардың малды Тәжікстан аумағына кері қайтарыңдар деген сөзіне құлақ аспай, қолдарындағы пышақпен оларға шабуыл жасаған. Нәтижесінде Тәжікстан азаматы Аслиддин Шоимов атылған оқтан жарақат алып, сол жерде қаза тапқан. Екі заң бұзушылар іздерін жасырып үлгерген», – деп мәлімдейді. Өз кезегінде Тәжікстанның шекара әскері бас басқармасы өзбек шекарашыларының айтқандарын жоққа шығарып отыр.

(141)