Тәрбиеші сәбилерді «өлтірем» деп қорқытқан

Қызылорда қаласындағы балабақшада айтқанын сөзбен орындата алмай, бес жасар баланың басынан ұрған тәрбиеші жұмысынан қуылыпты. «Бибі-ажар» балабақшасындағы бұл оқиға әлеуметтік желіде пайда болғалы, оны көрген жұрт қызу талқыға салуда. Ал баласының таяқ жегенін интернеттен білген ата-ана бес жыл бойы тәрбиеші болған Анар Нұрғалиева өз жазасын алуы керек деп отыр. Бес жасар Дастан анасына: «Күнде осылай ұрады. Айтуға қорқамын, оны айтсам, мені өлтіремін деп айтады. Енді балабақшаға бармаймын»,— деп мұңын шағыпты. «Бибі-ажар» балабақшасының құрылтайшысы Серік Тәшімбаев: «Қызметкерлермен тағы тәрбие жұмысын жүргіземіз. Бұл тәрбиешілердің өзіне тәрбиеші керек болып тұр. Біз енді әрбір жатын бөлмеге камера қояйық деп отырмыз. Сосын меңгерушінің компьютеріне қосып, сөйтіп бақылаймыз»,— деп, Дастанның ата-анасынан кешірім сұрапты. Жұмыстан кеткен тәрбиеші жазасыз қалмасы үшін бүлдіршіннің ата-анасы құзырлы органдарға өз шағымдарын жазып қойған көрінеді.

(40)