Субсидия шаруалардың түсіне ғана кіреді

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының диқаншылары: «Былтыр көктемгі егіс науқанына деп бөлінген миллиондаған ақшаны  жергілікті әкімдіктегілер игере алмай, кері қайтарды. Салдарынан біз кеткен шығынның өтеуін кімнен аларды білмей дал болудамыз. Осылайша, аудандағы бес мыңнан астам шаруа өткен жылы егістікке берілуі тиіс субсидиядан қағылды. Себебі, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың тәртібі өзгергендіктен, оны қайта қалпына келтіріп, құжат ресми күшіне енгенше жылдың соңы болды. Бізге сала мамандары жаңа ережені кеш түсіндірді. Құжаттарды да дер кезінде тапсыра алмадық. Бұл ауыл шаруашылығын қолдау емес қой»,— дейді ашынып. Қазақстан фермерлер одағы облыстық бөлімшесінің басшысы Жүсіп Шәріпов: «Сайрам ауданы әкімдігі субсидиялау бағдарламасы бойынша 164 миллионнан астам теңгенің бар-жоғы 16 миллионын шаруаларға беріп, қалған 148 миллион теңгесін игеру мүмкіндігі жоқ екендігіне байланысты кері қайтарды.  Сайрам ауданының әкімшілігі 4 СХ және 29 СХ негізінде 5000-нан астам фермерге жаңағы 148 млн теңгеден астам субсидия беру керек еді. Ал, олардың жасап отырған ісі адамның ақылына да, заңға да сәйкес келмейді деп ойлаймын»,— дейді.  Ал, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрпапа Көпеев болса: «Шаруалардың дер кезінде мемлекет тарапынан берілетін қаражатты ала алмағаны рас. Бұған былтырғы қабылданған тиісті нормативтік құқықтардың кешігіп шығуы себеп болды. Бұл жерде шаруалардың ешқандай кінәсі жоқ»,— деп, өздерінен кеткен кемшілікті мойындап отыр. Бірақ, одан шаруаға келер бес тиын пайда болмаған соң, не шара?

(12)