Испаниялық қорға киіз үй тарту етілді

Сурет: akzhunis.kz сайтынан

Испания орталығындағы Монтес-де-Толедо өңірінде Орталық Азия көшпенділерінің дәстүрлі тұрғын үйі — киіз үй тігілді. Испандық EFE басылымының жазуынша, бұл — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының Кармен Арнау Муро қорына сыйлығы екен. Киіз үйдің диаметрі 6,5 метр және биіктігі 4 метрге дейін жетеді, іші қазақтың ұлттық жабдықтарымен, әшекейлерімен толтырылған. Киіз үй Сібір халықтары мен Орталық Азия мәдениеттерін зерттеуге арналған екі музейдің бірі және антрополог Кармен Арнау қоры орналасқан Лас-Вентас-кон-Пенья-Агилера қаласына құрылды. Сібір мен Орталық Азияға 20 рет экспедиция жасаған Арнау киіз үйді әсерлі деп атап: «Бұл — үлкен қуаныш, бұл — ғажайып. Екі жыл бойы хат жазып, киіз үй сұрап едім. Қалауым орындалды»,— деп, сыйлыққа балаша қуанып мәз болыпты. Киіз үйді құру рәсіміне Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, қазақстандық делегация, музыканттар мен жергілікті қазақ диаспорасы қатысқан көрінеді. Олар қазақтың әдет-ғұрыптарын көрсетіп, этнографиялық музейге келушілерге ашық аспан астында қазақтың тағамдары мен сусындарынан дәм татқызыпты.

(101)