mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

“Біз кесте өнерін барша қазақ халқы білсе екен дейміз”

Қазір еңкейген қария да, еңбектеген бала да тамсанып қарайтын ат құлағында ойнаған цирк және тек музейлерден кездестіретін түрлі ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасаушы қолөнер шеберлерінің өнері бір кездері қазақтың күнделікті әрекеті еді дегенге кім сенер? Ал біз кесте әдісімен дайындалған бейнелерді біреу білсе, біреу мүлдем көрмеген немесе естімеген де. Осы орайда абстракция өрнектерін біз кесте әдісімен дайындап, десе де, шетелдің не өзі, не халық түсінбейтін композицияларды емес, ұлттық нақышты ұмытпай, қазақы бояуға басымдық беріп жүрген Өмірзақ әулетінің еңбегін атай кетпеске тағы болмайды. Алматы қаласында тұратын өнерлі отбасының талантты қызы Гүлназым Өмірзақ Астанаға келді дегенді ести салысымен, бірден байланысқан болатынбыз. Көзі қарақты көрермен, ойы орамды оқырман Германияда білім алған Рыстанұлы Өмірзақтың отбасы жайында жақсы білетіндіктен, қайтадан таныстырып жатпай, бірден әңгімеге көшуді жөн санадық.

Гүлназым ханым, елордамызға қош келдіңіз! Осыдан 15 жыл бұрын халықаралық «Шабыт» фестивалінде топ жарған Гүлназым Өмірзақтың шығармашылығында қандай жаңалықтар бар?
— Көп рақмет! Негізінде, соңғы кездері көптеген көрмелер Астанада өтетіндіктен, бас қалаға жиі келіп тұрамын. Әсіресе ЭКСПО көрмесінің төбесі көрінген сайын елордаға ат басын жиірек бұрып жүрміз. Әрине, қазақтың төл өнерін, оның ішінде ұмыт болып бара жатқан біз кесте өнерін бір адамдай арқалап жүргеннен кейін, оның салмағын барынша сезініп, ізденісті күшейтеміз. Қазір, Құдайға шүкір, халықтың түскиіз жасау технологиясына деген қызығушылығы жоғары, тіпті, кесте өнері Еуропада да сұранысқа ие. Әпкем Айнұр балаларымен үйде отырғандықтан, екеуміздің қолымыздан шыққан дүниелер қойылған көрмелерді өзім өткізіп жүрмін. Шетелде де, Қазақстанда да көрме өткізу кезінде шеберлік кластарын ұйымдастырып, білгенімізді үйретуге тырысып бағамыз. Осындай тылсым сыры бар өнерімізді Астанада жеке шеберхана ашып, басқаларға үйретсем деген ойым бар. Білгеніммен бөлісуге әрқашан дайынмын.
Білуімше, қос мегаполисте де шәкірттеріңіз бар ғой?
— Иә, миллиондар ішінен біз кесте өнеріне талпынып, менімен бірге жұмыс істеп, көп нәрсе үйренген шәкірттерім бар. Бірақ олардың барлығы да қазір тұрақты түрде бұл өнерді алып жүр деп айта алмаймын. Себебі де белгілі. Дәл осы заманда біз кесте өнерімен айналысу оңай шаруа да емес. Менің де бұл өнерден қол үзіп қалуым мүмкін еді. Тек біз кестені бекем ұстауға үйреткен анам Калемхан Рахметбайқызының үнемі қамшылап отыруының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмын. Алланың берген таланты әрі күш-қуатымен шығармашылықпен еркін айналысып келемін.
Жақсы екен. Бренд, авторлық құқық мәселелеріне көңіл бөлдіңіз бе?
— Шынын айтсам, осыған енді ғана бас қатырып жатырмын. Өйткені соңғы кездері еңбегімізді көшіріп жүрген жандар кездесіп жүр. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бірақ елімізге белгілі бір дизайнер өзінің тіккен киімдеріне менің суретімді айнытпай көшіріпті. Одан бөлек те көшірмелер кездесіп жатыр. Алайда олардың әрқайсысымен бір айтысып-тартысып жүргенше, авторлық құқыққа көңіл аударғанды жөн санадым. Аңғалдығымызды пайдаланып, ақкөңілдігімізді қажетіне жаратып жүргендермен күресудің бірден-бір жолы сол деп түсіндім. Десе де, оның да шаруасы шаш етектен екен. Ал шығармашылық адамы, өзіңіз де жақсы білесіз, қағаз, құжат жинауға келгенде енжарлық танытады. Амал нешік, «өзім дегенде өгіздей қара күшім бар» дегендей, өз еңбегім үшін күресуге тура кеп тұр.
— Ендеше, ісіңіз берекелі болсын! Бренд қалыптассын. Өнеріңіз өрге жүзсін!

 

(74)