АҚШ: Әуе компаниясының басы тағы да дауға қалды

Америкалық United Airlines әуекомпаниясы тағы да даудың ортасында қалды. Олар рейстен жас жұбайларды түсіріп тастаған. Майкл Хол қалыңдығы Амбер Максвелмен Коста-Рика еліне үйлену тойларын атап өту үшін ұшпақшы болған. Жұбайлар ұшар алдында салондағы бос орындардың біріне ауысқан. Бірақ, жайлылық жағынан жақсы болғандықтан, ондағы орындардың бағасы қымбаттау болып шығады. Нәтижесінде әуекомпаниясы бір орыннан екіншісіне «секірген» жастарды ұшақ салонынан қуып шығып, келесі рейспен ұшатынын айтқан. Бұған шағымданған Хол: «Біз мұның үлкен маңызы бар екенін білмедік. Бірінші классқа секіру ойымызда болмады. Эконом-класстан бірнеше қатар алда орналасқан орынға отырдық», — десе,  әуекомпаниясы бұл әрекетін: «Аталған жолаушылар өздері ақысын төлемеген, қымбат орындарға бірнеше рет отырмақ болды»,— деген уәжбен түсіндірді. Бір қызығы, осыған дейін тағы бір жолаушы — Дэвид Даоны ұшақ бортынан күшпен шығарған соң, аталған әуекомпаниясының капиталы 750 миллион долларға дейін төмен түсіп кеткен болатын. Соған қарағанда, әуекомпаниясының өкілдері бұрынғы қателіктерінен қорытынды шығармаған-ау, сірә…

(33)