Президенттер қанша жалақы алады?

Сурет: Рамблер

Кез келген жұмыс қиындығымен бағаланады десек, ел басқару да оңайлықпен атқарылатын іс емесі кәміл. Әлемдік БАҚ-тардың мәліметтеріне сенсек, өзінің мемлекеттік міндеттерін атқарғаны үшін бәрінен көп жалақы алатын Сингапур Республикасының премьер-министрі болса керек. Оның жылдық табысы 2 183 мың долларды құрайды екен. Бұл Сингапурда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жүйелі әрі барынша табысты жүргізілетіндігімен байланысты деседі мамандар. Ресей президенті Владимир Путин 2016 жылы 8 млн 858 мың 432 рубль табыс тапқан. Бұл мәлімет мемлекет басшысының Кремльдің сайтында жарияланған декларациясында келтіріліпті. Мұны долларға шағатын болсақ, Ресей президентінің табысы шамамен 132 мың долларды құрайды екен. АҚШ-тың бұрынғы басшысы Барак Обама өзінің ресейлік әріптесінен 400 мың доллардай артық табыс тауыпты. Ал, Американың қазіргі президенті Дональд Трамп тиісті жалақыдан  (жылына 400 мың доллар) үзілді-кесілді бас тартып,  1 доллар үшін еңбек етеді. Өзі миллиардер болса, артық ақшаны ол не қылсын? Ал, Германия канцлері Ангела Меркель жылына шамамен 284 мың доллар, ал Жапонияның премьер-министрі  Абэ Синдзо — 273 мың доллар жалақы алатын болса керек. Ұлыбританияның премьер-министрі жылына 42,5 мың фунт (220 мың доллар) ақша табады екен. Бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде табысы Владимир Путинмен салыстыруға келетіні  тек Литваның басшысы Дали Грибаускайте  деседі. Оның жылдық табысы 94 мың долларды құрайды деседі.

(239)