Салафизмді күштеумен емес, тәрбиемен жеңу керек

f

ult.kz сайтынан

Экс-депутат, ф.ғ.д, профессор Амангелді Айталы: «Терроризмді дінге байлауға болмайды. Бүгінгі батыстың ғылыми әдебиетінде, публицистикада: «Мұсылмандардың бәрі террорист емес, террористердің бәрі мұсылмандар»,— деген пікір бар. Шын мәнінде ол да дұрыс емес. Мысалы, кейбір жерлерде террористік әрекет ұлттық теңдікке, бостандыққа, автономияға ұмтылу; тағы бір жерлерде түрмедегі әріптестерін құтқару сияқты жағдайлармен байланысты өтеді. Ақтөбедегі террористік әрекетті тұтас билікке қарсы әрекет дей алмаймын. Бұл құқық қорғау органдарына, погонды, шенді адамдарға қарсы әрекет. Жалпы, бұл тек террористік бағыттағы әрекет, оның негізінде дін жатыр деуге де болмайды. Бұның негізі — адамдар арасындағы мәдениет, түсіністік. Мәселен, сол күштік құрылымдарда істейтін адамдар, осы дін мәселесін реттейтін мемлекеттік органдағы кейбір адамдар дін саласынан өте сауатсыз. Бұлар қадағалауды, дікеңдеуді біледі, бірақ адамдармен мәдениетті түрде сөйлесуге, солардың жағдайын түсінуге, оларды өздерінің бауырына тартуға мәдениеті, білігі жетпей жататын сияқты. Бұл жерде адамдарды түзетудің үлкен бір жолы — гуманистік көзқарас пен саясат жетпей жатыр. Біз салафиттер деп айта береміз ғой, сол салафиттердің ағайындары мен туыстары бар ғой. Соларға жақын жастар оларды террористерден бөліп қарау керек. Олар барлығын бірдей қаралап, барлығын бірдей қауіпті көруді дұрыс көрмейді. Біз әлде де күштеу емес, әлеуметтік тәрбие жолдарын терең ойлануымыз керек сияқты. Мен биліктің: «Теріс ағымдағы салафизммен күресу – қырып-жою емес. Бұл үлкен бір әлеуметтік саяси мәселе»,— дегеніне келісемін. Бұл өте дұрыс бағыт. Қырып-жою, қадағалау — большевиктердің саясаты болды. Сондықтан салафизмге тыйым салынбады деген, оларға рұқсат берілді деген сөз емес. Әрине, заңды бұзған жағдайда оларға заң жолымен тыйым салу керек. Терроризм біздің еліміз үшін тың мәселе. Дегенмен әлемдік тәжірибе бар. Жат ағымда жүрген жастарды білімге тарту, барлығын бірдей университетте оқыту емес. Қалай болғанда да ақысыз оқуға тартып, мамандық беріп, елдің азаматы етуіміз керек»,— деген пікірін ортаға салды.

(35)