«Үш тұғырлы тіл» реформасы «Қазақстандық ұлтқа» апарар жол емес пе?

 

mugalzhar.kz сайтынан

Қазақ тілінің болашағы кейінгі уақытта көмескі тарта бастағаны айқындала түскендей. Жаңа оқу жылы басталғалы енді бұған мұғалімдер тарапынан да алаңдаушылық қосылып жатқаны анық. Айта-айта жақ талған, жаза-жаза жауыр болған осы бір тіл мәселесіне биылғы жылы да оқушыларды үш тілде оқыту жайы қарастырылғалы бері халықтың назары ауа түсті. Қазақ тілі, мемлекеттік тіл ғылымның, техниканың тіліне айналмайынша, оның көсегесі көгеруі неғайбыл. Ал қазіргі жағдайда ең қарапайым техниканың тізгінін орыстілділер ұстап отыр емес пе? Ірі өндіріс орындарына қазақтілді маманның қажеті шамалы секілді. Сол себепті де техникалық мамандарды мемлекеттік тілде даярлауға жоғары оқу орындары құлықсыздық танытып отыр. Бұл жөнінде Президент: «Дүниеде қазір ағылшын тілі бизнестің, ең жоғары технологияның тілі болды. Ал біз ағыл-шыннан орысшаға аударылған біліммен жүр-міз. Қазақ тілін ондай дәрежеге жеткізу үшін уақыт қажет», — дегені бар еді. Міне, сол уақыт күн өткен сайын алыстап, қарасын көрсетер емес. Тілдің қадірі бері емес, кері кетіп бара жатқан сыңайлы. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өткізуді енгізу мәселесі бой көтергелі қоғамда әртүрлі пікір, көзқарастар туындап жатыр. Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз деп жүргенде орыс, қала берді ағылшын тілінің тасасында қалып, ұлттық сипатымыздан айырылып бара жатқанымыз жасырын емес.
Үш тілділік реформаны енгізуде нені ұтып, неден ұтылатынымыз қоғамда кең талқылануда. Ұтатынымыз — ғылымды игереміз. Дегенмен, өзге тілде білім алып, одан келер залалды кезінде үнді көсемі Джавахарлал Неру: «Басқыншы тәрбиесін алған зиялы — өз халқының басты жауы», — деп ойын түйіндепті («Интеллигенция, воспитанная колонизатором, является главным врагом собственного народа»). Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілін дамыту жолында талай реформалар қолға алынып, маңызды қадамдар жасалды. Бірақ ойға алған істің орындалмауы, қоғамға дендеп ене алмауы өткен ғасырдың ұлттық ой-санамызға әкелген орасан қасіреті деп білемін.
Қарапайым халыққа бұл реформаның қаншалықты ұтымды екендігі әлі де түсініксіз. Ғылыми жағынан дәлелденбеген реформа. Халықаралық қатынас тілін білу қажеттілігінің өзекті екендігіне дау жоқ. Кезінде Елбасымыз 2006 жылы қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ құрылтайында «үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария етіп, 2007 жылы халыққа Жолдауында мәдени жобаның кезең-кезеңмен іске асырылуын ұсынып, жіліктеп берген. Кімге де болсын белгілісі, екі-үш тіл білу, шет тілін меңгеру арқылы әлемнің ақпараттық-инновациялық ағынына жол ашылатыны. Ал көпшілік қауым көкейіндегі сұрақ, қолға алған осы мақсат ұлттық мүддеге қайшы келмейтіндей бағдарламамен жүзеге асырылып жатыр ма? Болса қандай? «Үш тұғырлы тіл» саясатының ұлттық бағдарламасы бар ма деген сауалдар төңірегінде болып жүр. Онсыз да орыстілділер басым қоғамымызда ұлт тұтастығын сақтау мәселесі бірінші кезекте тұруы шарт.
Қазіргі таңда дүбәра түсініктегі, салт-санадан, ұлттық құндылық қасиеттерден жұрдай жастардың тәрбиеленіп келе жатқанына, қазақи болмыстың құрдымға кетіп бара жатқанына назар аударсақ, құба-құп болар еді. Үш тілді саясаттың салдарынан қазақ ұлты өз елі, өз жерінде көлеңкеде қалып, «біртұтас қазақстандық ұлтқа» айналмасына кім кепіл?!
Қазақ-станның болашағы жастар десек, сол балалардың алған тәрбиесі мен біліміне басты назар аударуымыз қажет. Бастауыш мектепте қазақ тілі, әдебиеттік оқу, дүниетану, математика, ағылшын тілі, информатика, өзін-өзі тану, бейнелеу өнері тағы басқа пәндер оқытылады. Жыл сайын өзгеретін, бағасы удай оқу құралдарының бизнесі біреулердің табыс көзіне айналды. Жаны ашыған ата-ана баласының ауыр сөмкесін арқалап, мектепке таситыны тағы бар. Ал осы кітаптардан сондай салмақтағы білімді бала қаншалықты деңгейде қабылдауда? Қосымша кітаптардағы көп тапсырмалар орындалмайды да. Сондықтан мұндай қосымша кітаптарды оқулыққа кірістіріп жіберсе, құба-құп болар еді. Жасыратыны жоқ, әр баланың қабылдау деңгейі әртүрлі. Бір ғана мысал, былтырғы жылы 3 сыныпта оқитын оқушылардың ағылшын тілінде оқуы былай тұрсын, әріптерін де танымайтынына көзім жеткен. Ағылшынды оқытып, «елден озамыз» деген ниет дұрыс-ақ, тек оның келешекте ұлтқа тигізер залалын ойластырып барып кіріскеніміз құп. Бірінші сыныпқа барған баланың басын ағылшын тілімен қатырып, мектептен жеріндіру жарамайды. Мұндай қадамдарға бару арқылы ұлттың тамырына балта шабылып жатқанын байқар ма екенбіз?!
Биологияның тұрақты заңдылығы бойынша, баланың логикалық жүйесі 9-12 жастан қалыптасады екен, 10 жастан ерте ана тілінен басқа тілді үйрету арқылы ұлттың түп-тамырына нұқсан келтірмегеніміз дұрыс. Тілді міндеттеу арқылы жас баланың психикасына жүк салмайық. Тіпті, Алаш көсемдері де баланың мүшел жасқа дейін өз тілінде білім алуы қажеттігін мақсат тұтты. Балабақшадан енді шыққан баланың басын екі, қала берді үш тілге үйрету арқылы «жартытілділік» жағдайына апарып соқтырғаннан бізге келер пайда жоқтығын осы бастан ойланайық.

(95)