Келінімді ұзатсам деймін…

Өзім сүйіп оқитын «Қазақстан ZAMAN» газетінің тұрақты оқырманы ретінде ішкі сырым мен қайғы-мұңымды көпшілікпен бөлісіп, шер тарқатсам деймін…
Осыдан үш жыл бұрын Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлым шаңырақ көтерді. Ол кезде келінім Жадыра 18 жасар жап-жас қыз еді. Босағамызды ақ некемен аттап, апа-әке деп құрақ ұшып, бізді кішіпейілділігімен баурап алды.

Алланың ісіне шарасызбыз ғой. Орда бұзар шағында балам жол апатынан қайтыс болды. Жүк таситын көлік жүргізушісі еді. Талай қыстың қақаған аязы мен көк мұзында жолға шыққанда, Алладан баламның амандығын тілеп, зәре-құтым қашып отыратынмын. Өзіне де сан мәрте «осы жұмысыңды тасташы, одан да мамандығың бойынша, тарих пәнінен неге сабақ бермейсің?» деп кейісем, «анашым, мен осы үйдің азаматымын. Әкем де зейнет жасынан асты. Мектептегі жалақыдан осы жұмыста мен үш есе артық алатынымды білесіз. Оның үстіне келініңіз Жадыра 2-курстың студенті. Ол қолына диплом алмайынша, жұмысқа орналаса алмайды. Сондықтан сәл шыдаңыз, бұл уақытша жұмыс қой», — деп, мені жылы сөзімен жұбатып қоятын. Содан бері екі жарым жыл уақыт өтіпті. Үйіміз қаңырап бос қалды.
Көзіміз жастан әлі құрғамай келеді. Мені қойшы, келінім Жадыраның жадыраған түрін көрмегелі қашан. Әлі бізбен бірге тұрады. Күні кеше есепші мамандығы бойынша дипломын алып, бірден үй маңындағы банкке жұмысқа орналасты. Жиырмадан енді асқан қыз ғой. Алданыш болатын баласы да жоқ. Төркінінің хал-жағдайын телефон арқылы ғана сұрап тұрады, оларға мүлдем барған емес.
Келінімнің ұлым Мұратқа деген кіршіксіз таза махаббаты шығар, әлі өзге ер-азаматтарға көз қырын да салмайды. Тіл-көзім тасқа, өзі толған айдай ғажап сұлу. Қолын сұрап, көңілі бар жігіттер келсе, қабағын түйіп, маған сыр білдірмеуге тырысады. Менен қысылатын болар деп, бір күні оқталып, оған осы мәселені айтпақшы болып едім, үйге қонақ болып Жадыраның төркіні келіп қалды. Олардың айтары осы екен.
Шәй үстінде әкесі: «Тірі адам тіршілігін жасайды, қызым. Екі жарым жылдай уақыт өтті. Үйге жүр, сенің болашағың үшін алаңдаймыз», — дегені сол еді. «Мұрат кеткенімен, оның рухы тірі. Ол осы үйде, мен оны тастап кете алмаймын. Енді бұл жайлы сөз қозғамаңыздар», — деп жылап жіберді. Сөзіне қарап, Жадыраның қайтатын ойы жоқ екендігін екі жақ та білді.
Күндер зулап өтіп жатыр. Уақытты кері қайтара алмаймыз ғой. Жауқазындай келінімнің жастай жесір қалғаны жаныма қатты батады. Жұмысына да түзу барып, түзу келеді. Келе сала бізге шай беріп, ас әзірлейді. Туған қызымыздай болып кетті.
«Қашанға дейін осылай жүре бермексің, Жадыражан, сені ұстамаймыз», — деп айтқым-ақ келеді, әттең!.. Бірақ тілі құрғыр батпайды. Шарасызбын…
Мен анамын, Жадыраның енесі емес, анасымын. Қызымның өз бақытын тапқанын қалаймын. Асыл жар, аяулы ана болып, әйел бақытын сезінгенін қалаймын. Өзін түсінетін, қорғаныш болатын, Мұратымдай жақсы азамат жолықса екен деймін. Бірақ оған мұны қалай айтамын, білмеймін…

Күләштың хатынан, БҚО

(69)