Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының түйген ойлары:

ult.kz сайтынан

Адам ақша жемеу үшін ең болмаса бір-екі көркем әдебиет оқу керек. Көркем әдебиетке орын жоқ жерде адамның рухы мықты болмайды. Рух жоқ жерде ештеңе жоқ: ұлт та жоқ. Кітап — ата-бабаңның үнін ғасырдан ғасырға жеткізетін нәрсе. Кітапқа жүгінбейінше, кітапты көбейтпейінше, мектептегі балаға кітап оқытпайынша, біз шын мәнінде мәдениетті ел бола алмаймыз. Мен білген шындық — мемлекеттік тапсырыстың тамыр-таныстық арқылы берілетіндігі. Сонау отызыншы жылдары Американың президенті Рузвельт: «Американы ақша билемеу керек, ақыл билеуі керек. Мен ақыл билететін президент боламын!»,— депті.  Ал, ақылдың қайнар көзі — кітап. Міне, мәселе қайда? Кітап шығару мемлекетке керек, мемлекет онымен өз адамын тәрбиелеуі қажет. Мемлекетін сүйетін, мемлекеті үшін жан қиятын ұрпақты кітап арқылы тәрбиелейсің. Ақшамен, байлықпен тәрбиелей алмайсың. Ертең еліңе күн туған кезде ең бірінші солар сатып кетеді: Отанын да, елін де, көсемін де, батырын да, әке-шешесін де. Өйткені, оның Құдайдан кейінгі Құдайы – «ақша». Ақпарат — алуға ғана тиімді, бірақ ол — білім емес.  Адамгершілікке кітап қана тәрбиелейді, әке-шешең тәрбиелейді. Сосын ұрпақ текті  болады. Ал қазір бізде кітап оқымайтын балалар көп, тегінің, әке-шешесінің арқасында жақсы жүріп-тұратындар болады.  Ал, кітаппен өзін-өзі тәрбиелейтін адамды табу өте қиын. Қазір бізде ұлттық тіліміз қайсысы болатыны белгісіз. Бірінші сыныптан бастап оқытуларына қарағанда үшеуі де ана тілі боп кететін сияқты ғой. Шет тілі бізге керек. Өте қажет. Бірақ ұлттық тілді ысырудың қажеті жоқ. Ең бастысы, бастауыш мектепте қазақ тілінде оқыту керек. Мемлекеттік сыйлық комиссиясында ылғи адалдық болады деп ойламаймын. Ақшаның жоқтығы шын жазушыға кедергі болмауы керек.

(44)