Б.Асадтың әскери қылмыстары шетелдік сотта қаралмақ

31 арнаның хабарлауынша, Сирия президенті Башар Асадтың әскери қылмыстары алғаш рет шетелдік  сотта қаралатын болыпты. Сөйтсек, Испания азаматы Сирияда тұратын бауырын билік қинап өлтірді деп, Мадридтегі Ұлттық сотқа арызданған. Келіншектің сөзінше, бауыры жүк көлігімен жеміс-жидек тасумен айналысқан және оппозицияға еш қатысы болмаған. Алайда, билік әскерилері оны сонда да азаптап өлтірген. Cириядағы қақтығыс әуелде президент Башар Асад режиміне қарсы көтерілістен басталған. Кейін мақсат-мүдделері әртүрлі қарулы топтар көбейіп, бұл соғысқа АҚШ пен Ресей араласқалы жағдай тіпті ушығып кеткен. 6 жылдан бері ұрыс қимылдары тоқтамай келе жатқан азаматтық соғыста 500 мыңнан астам адам қаза болды. Оның көбі бейбіт тұрғындар. Осыған қатысты отандық саясаттанушы Расұл Жұмалы: «Бәлкім, Ресей көмектесуге тырысатын шығар, өйткені, Сирия оның аймақтағы бірден-бір одақтасы ғой. Бәлкім, Янукович, Ақаев сияқтыларға пана бергені сияқты,  оған да пана беретін шығар. Негізі өз елінен қашқан осындай кейбір жемқорлық, кейбір қантөгіске барған президенттерге пана беріп отырған бірден бір мемлекет — Ресей екені анық»,— деген пікір білдірді.

(11)