mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Бағдарламаны шоуға, экранды шуға айналдырғандарға тоқтам бола ма?

Отандық телеарналардың бірінде үнді телесериалы жүріп жатқанда қазақтың бір кемпірі: «Осы телесериал біткенше өліп қалмасам екен», — деп армандапты деген астарлы әзіл бертінге дейін айтылып жүрді. Бұл да болса ашынғаннан шыққан уытты сөз екені даусыз. Әзіл демекші, соңғы жылдары телеарналардағы бағдарламалардың көпшілігі әншілер мен әзілкештердің қолына өткендей әсерге бөлеп жүр. Өйткені орынды-орынсыз қылжақ, бәтуәсіз әзіл өз нысанасына тимей, лағып кету көбейді. Бұл келеңсіздік халықтың сенімді өкілдері — депутаттардың да ашуына тие бастағандай ма, қалай? Мәжілістің жалпы отырысында мәжілісмен Бақытбек Смағұл телеарналардағы қаптап кеткен шоуларға қатысты өз көзқарасын білдіріп, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдады. Парламент отырысынан соң депутатпен жүздесіп, осы сауал төңірегінде ой бөліскен едік.

Бәке, телеарна тәрбие құралы ғой. Алайда бағдарламаның көбін шоуға, көңіл сергітер дүниенің бәрін шуға айналдырғандарға «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай тұрғаны рас. Сіздің шамырқануыңызға қарағанда, шымбайыңызға батқан нәрселер көп секілді?
— Ел ішінде көп жүремін ғой. Той-томалақта да халықтың сөзіне құлақ түремін. Ол аз десеңіз, сайлаушылармен кездесу барысында жұртшылық тарапынан қазақтілді телеконтентке қатысты айтылып жүрген ой-пікірлерге жиі жолығамын. Өзімнің де телеарналардағы көп нәрселерге көңілім толмайды. Осының бәрін сараптап келе, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдауға тура келді.
Сауалдың тікелей министрге жолдануына қарағанда, түйткілді мәселе шарықтау шегіне жеткендей.
— «Шыдамның да шегі бар» дейді атамыз қазақ. Әзілді әжуаға, күлкіні сайқымазаққа айналдырған әзіл-сықақ бағдарламаларына айтылар сын көп. Жайдары күлкі жан саулығы десек те, қазақстандық телеарналардан берілетін әзіл-қалжың сапасының төмендігі алаңдатады. Орынсыз әрі жалған күлкі, ұлттық құндылықтарды келемеж ету, қысыр сөздер, бос қылық, ыржалақ, әдепсіз мазақтар әзілдің қадірін кетіруде. Мен осыны жөнге келтірер деген ниетпен министрге тікелей тарттым.
— Әп бәрекелді! Көптің көңіліндегі көрікті ойды дөп басқан екенсіз. Бұл өзі парасат-пайымы жоғары жұртты телеарнадан қашырып жатқан дәлдүріштердің ісі болып тұр ғой. Шынымен-ақ, әзілі қайсы, әділі қайсы, біле алмай қалдық қой.
— Түсінікті болу үшін айта кетейін. Көптеген елдерде әзіл-оспақ телебағдарламалары таптырмас, тамаша идеологиялық құрал болып отыр. Содан да болар, әзіл-қалжың телеөнімдері өткір, бірақ жарасымды. Сындары ащы, бірақ шынайы. Сықақтары мен әзіл-оспақтары өмірде болып жатқан оқиғаларды, өзекті мәселелерді және ұлттық ұстанымды түсіндіреді. Біздегілердің көбі «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін құшып тұрғанын қашанғы жасырамыз?
Депутаттық сауалыңызда отандық телебағдарламаларға әзіл атын жамылып шығып алып, аузына келгенді көкитіндерге тыйым салынуы керектігі айтылыпты. Өте орынды. Осы орайда сізге бір сұрақ. Біздің бүгінгі сатираға не жетіспейді? Телебағдарламалар неден ақсап жатыр?
— Менің пайымдауымша, отандық бағдарламаларға көбінесе қисынды қағытпа қалжыңдар, ойнақы да орынды әзілдер, контексті астарлап, әзіл түрінде ұтқыр жеткізетін ұшқыр ой мен тапқырлық және шешендік жетіспейді. Әдемі әрі орынды әзіл арқылы халық, соның ішінде жастар арасында жалпыұлттық идеяларды да, мемлекеттік бағдарламаларды да ілгерілетуге, түсінікті әрі танымды түрде насихаттауға болар еді. Ал әдепсіз әрі сапасыз әзілге мұндай миссия арту қорқынышты, ол тек теріс нәтиже әкелмек. Бейәдеп әзілдің қауіпті жағы тағы бар. Олар ұлттық құндылықтарды карикатураға айналдырады, құнын түсіреді.
Баяғыда әділдік іздеген бір бейбақ «болса да бас жарылды ғой, аяғына дейін төбелесемін» деген екен. Сол айтпақшы, сіз де ешкімнің көңіліне қарамай, шындықты шырқыратып айтып жатырсыз. Енді түрін түстеу ғана қалған секілді. Біздегі ұлттық телеарналар санаулы ғана ғой?
— Бұл жерде мені қинама. Әдептен аспайын. Мәдениет сақтайын. Атамыз қазақ «Ымды білмеген дымды білмейді» деген жоқ па? Менің қай бағдарламаларды меңзеп отырғанымды, кімдер жайлы айтып отырғанымды көзі ашық жұрт түсінер. Телеарна басшылары да сыннан нәтиже шығарар деген үміттемін.
Жарайды, Бәке, ерік өзіңізде. Соңғы сауал мынау. Отандық телебағдарламалар әзілді әжуаға айналдырмау үшін қандай қадамдарға барғандары жөн? Қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
— Қайталап айтамын, әзіл бағдарламаларының еліміздегі рейтингі ең жоғары телеөнімдер қатарына жататыны рас. Олар — эфирдің негізгі қозғалтушы күші, олар тіпті интернет аудиторияға да кең тарайды. Мен депутаттық сауалымда министр мырзаға мынадай ұсыныстар айттым: Айтылғандарды назарға ала отырып, мына мәселелерге назар аударуыңызды сұраймын. Біріншіден, телебағдарламаларға көңілділер мен тапқырлар клубының әзілкештерін ғана емес, мәдениет саласындағы көрермендерге риясыз күлкі сыйлап жүрген, қазақы қалжыңның майын тамызып, өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды, маман сценаристер мен жазушыларды кеңінен тартуға көңіл бөлсеңіз; Екіншіден, отандық сапалы әзіл-сықақ және ойын-сауық телеөнімдері өндірісін дамыту мақсатында Ақпарат және коммуникациялар мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлескен шараларды әзірлеп, қабылдау мәселесін қарастырсаңыз дедім. Осы айтылған екі ұсыныс та сіздің сұрағыңызға дөп келіп тұр-ау.
Уақытыңызды бөліп, сауалдарға жауап бергеніңізге рақмет!

(83)