mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Артық деталь, жалған пафос, әсіресе бояудан ада фильм

1965 жыл. КСРО мен АҚШ текетіресіп, бақталасып тұрған кезең. Қырғи-қабақ салдарынан соғыс отының да тұтанып кету қаупі таяу. Әлемге билік жүргізу үшін ядролық қару мен ғарышты игеру екі мемлекетке де ауадай қажет. Сол үшін бар байлықты сарп етсе де, ғаламды дүр сілкінту — басты мұрат. Бірінің жетістігіне бірі күйінген екі аждаһа атақ шығару жолында барлығын құрбандыққа шалып жіберуге даяр. Көздерін қан басқан екі алып ел жанталас үстінде. Әсірелеп айтсақ, «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймай» жатқан тұс. Бірі капиталистік дәуірдің жетістігін дәріптесе, екіншісі кеңестік жүйенің артықшылығын айтып, жаһанға жар салуда. Осындай жан алысып, жан беріскен уақытта Американың ашық ғарышқа адам жібергелі жатқаны туралы хабар Кремльді дүр сілкіндіреді. КОКП ОК бірінші хатшысы Никита Хрущевтен ұйқы қашады. Маза кетеді. Дереу ғарышты меңгеріп, қалай болғанда да Америкадан бұрын ашық ғарышқа Кеңес азаматын ұшыруды практикалық космонавтиканың негізін қалаушы, орыс ғалымы, конструктор Сергей Королевтің алдына қатаң талап етіп қояды. Алайда өрескел қателіктерге ұрынған «кеңестік көсем» (ішкі саяси шиеленістер салдарынан) 1964 жылы өткен қазан пленумында орнынан алынып, 1-хатшылыққа Л.И.Брежнев сайланады.
Сол заманның көзімен қарағанда өте жуас, сабырлы делінетін Леонид Ильич те сайлана сала кеңестік астамшыл тәкаппарлықпен, орыс рухымен Хрущевтің ізін жалғастырды. Үш жылға жоспарланған ғарышты меңгеру жобасын бір жылда аяқтап, Американың алдын орап кету мәселесі құпия жағдайда іске асырылады. Мұндай әпербақан бұйрықтар адам ғұмырымен санаспайтын кеңестік көсемдерге ғана тән іс болатын. Эпизодтық көрсетілімдерде оны шашыратпай аша білу үлкен табыс. Мол олжа!
Осылайша 1965 жылғы 18 наурызда Мәскеу уақытымен сағат 10:00-де Қазақ даласынан, Байқоңыр айлағынан «Восход-2» кемесі ғарышқа көтерілді. Бортта Алексей Леонов (Евгений Миронов) пен оның серіктесі Павел Беляев (Константин Хабенский) бар еді. 11:34:51-де Алексей Леонов шлюзден ашық ғарышқа шығады. Ашық ғарышта Леонов 12 минут 9 секунд болып, өліммен бетпе-бет келеді.
Тап сол күні барлық әлем жұрты ашық ғарышқа шыққан Кеңес ұшқышы Алексей Леоновты тікелей эфир арқылы тамашалады. Таңдай қақты, тамсанды. Бұл Кеңес Одағының ұлы жеңістерінің бірі-тін.

КИНО НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

Қазақ тілінде дубляж жасалған Тимур Бекмамбетовтың «Время первых»/«Алғашқылар дәуірі» фильмі осылай өріледі. Қалай десек те, орыс халқының қайсарлығы, табандылығы, бірбеткейлігі (Кеңес дәуірінің тоғышарлығын мансұқтап жатқанымен) арагідік актерлер бойынан, іс-әрекеттерінен, сөз саптастарынан өзіміздің ана тілімізде саңқылдап санаға құйылады. Ұлт намысын асқақтата көрсету орыс актерлеріне ана сүтімен берілген ізгі қасиеттің бірі екені даусыз. Біздің актерлердің көбінде осы жағы жұтаң. Көздерінде от, қимылдарында ширақтық болмағандықтан, рөлдері де әлжуаз, солғын шығып жатады. Соның салдары ғой, кино залдан шыға бере көзден де, көңілден де бал-бұл ұшатыны.
«Алғашқылар дәуірі» фильмінде қазақ киноларында көп кездесетін пәлсапа, мылжың монолог, қисынсыз күлкі, орынсыз жылап-сықтау, минуттап көрсетілетін табиғат пизаждары жоққа тән. Махаббат сергелдеңінен мүлдем ада. (Бұл жерде айтқымыз келгені: үлкен дүниені сөз етіп отырғандықтан, уақытты жеп қоятын «күйіп-жануды» құрбандыққа шалып жіберген). Оның орнына патриоттық рух, отбасылық сыйластық, дос-жаранға құрмет басым. Шынайылық тіні бекем. Басты қаһармандар: Алексей Леонов (Евгений Миронов) пен Павел Беляев (Константин Хабенский) нағыз орыс рухымен тәрбиеленген азаматтар екен, шіркін! Өздеріне артылған миссияны толығымен орындап шығып қана қоймай, ғарыш сапарындағы қарбаластар мен кедергілерді, ішкі күйзеліс пен толғаныстарды жеріне жеткізе суреттейді.
Мысалы, фильмнің басты эпизоды — ғарышкердің ашық ғарышқа шыққан сәті. Тебіренерлік көрініс. Тұла бойың шымырлайтын сурет.
Ашық ғарышқа шығу барысында Леонов (Евгений Миронов) кемеден фал ұзындығымен белгіленетін 5,35 м ең алыс қашықтыққа бес рет алшақтайды. Көзге елестетіп көріңізші, салмақсыздық әлеміне еніп, осы бейнеге кіруге қаншама күш-жігер керек десеңізші. Актер мұны терең сезініп, оны алып шыққан. Және қалай ойнайды? Сенбесіңе қоймайды.
Сол сәттегі оның күйзелісі, қиналысы шынайы. Өмір мен өлім арпалысын көрермен терең түйсінеді. Ешқандай көркемдеу, әдемілеу жоқ. Керісінше тіршілік үшін жанталас бар. Сол мезеттегі Леоновтың (Миронов) жүзіндегі абыржу, көзіндегі қорқыныш қандай?! Расымен-ақ ғарышта жүргендей қалықтайды. Жүзін жуып кеткен тер мен жасанды ауа қоры таусылғандағы тынысы тарылған кейіп, жан дәрмен алақтаған қарашық… Ербеңдеген қол… Міне, шынайылық!

ӨНЕРГЕ АДАЛДЫҚ ӨРГЕ СҮЙРЕМЕК

Артық деталь, жалған пафос, әсіре бояу көріксіз қыздың әлем-жәлем боянып, көзге түсуге тырысқаны сияқты нәрсе ғой. Кино өнері табиғи сұлулықты көшіріп беруімен құнды емес пе?! Ресей жаққа қарап «ұлитындардың» санатынан емеспін. Бірақ бағы асып, таланты басып тұрған орыс актерлерінен алатынымыз көп-ау. Үйренеріміз де көп-көрім. Мұны мойындау керек. Соның ең бастысы — еңбекқорлық. Атағым бар деп дандайсымау. Өнерге адалдық. Кез келген рөлге бей-жай қарамау. Режиссерлер мен продюсерлерге де талғам тұрғысынан көп ізденіп, актер таңдауда тамыр-таныстыққа, атақ-абыройға емес, хас дарынға мойын бұрса дегіміз келеді.
Қалай таңданбайсың: Миронов және Хабенский түсірілімге дайын болу үшін жылдан астам жаттыққан көрінеді. Екі актер спорт залы мен өзге де дайындықтарды қосқанда, шамамен 4 000 сағатты дене қимылын жандандыруға арнапты. Жан-кештілік пе? Жанкештілік. Қайнаған еңбектің нәтижесі экранда сорпа бетіне шыққан кәрі биенің қазысындай кілкіп тұр.
Айтпақшы, Евгений Миронов ашық ғарышқа шығу барысында Алексей Леоновтың адам сенбейтін әрекеттерінің бірі диаметрі бір метрден сәл ғана асатын шлюз құбырында «аударылып түсуді» қайталауға тырысқанымен, оны жасай алмағанын мойындапты. Оны өзі айтпаса, қалың көрермен аңғармас та еді.
Түйінді ойым «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге саяды. Қалғаны ойлы оқырманның талғам-таразысына аманат.

Алексей Леонов фильмнің қазақшасына риза

Бірер ақпарат:
Картинаны түсіру үшін құжатқа тән дәлдікпен қайта жасалған декорациялар пайдаланылған. Бұл фильмнен көрермен бірінші ғарыш кемелерінің құрылымын, 1960 жылдардағы ұшуларды басқару орталығын және бірінші ғарышкерлер қалай өмір сүргенін және қалай жаттыққандарын көреді.
Қазақ тіліндегі дубляж жасау және жинақтау жұмысы айға жуық жүргізіліпті. Сәтті аударма деуге толық негіз бар. Өйткені орыс актерлерінің қимыл-қозғалыстары мен бет-пішіндерінде болатын түрлі өзгерістерді қазақтың бай тілімен орамды түйіндеп отырады. Кинодағы басты кейіпкер, екі мәрте Кеңес одағының батыры, ғарышкер Алексей Леонов картинаның басында қазақша аудармаға ризашылығын былай білдіреді. «Мен қазақ тілін білмеймін, бірақ сондай әуезді, құлаққа жағымды, бай тіл көрінеді. Дубляжды көріп отырып, жалықпай тыңдауыма қарағанда, бәрі мен ойлағандай шыққан».
Айта кетейін, фильмнің қазақ дубляжының бас актерлері сапында Азамат Қанапия (Евгений Миронов), Ғани Құлжанов (Константин Хабенский), Бахытжан Әлпеисов (Сергей Королев) бар.
Дубляжға барлығы 25-тен аса актер қатысқан, олардың арасында Ләйла Сұлтанқызы, Әділ Ахметов, Ислам Зейнуллаев, Шах-Мұрат Ордабаев, Сағаділда Усупбалиев, Сырым Қашақабаев, Шехназа Қызыханова және басқалар аталады.
Бұл — «Болашақ» корпоративтік қорымен қазақ тіліне дубляж жасалған 18-ші фильм. Сондай-ақ, қазақ тіліне дубляж жасалған Тимур Бекмамбетовтың бірінші фильмі.

ЛЕОНОВПЕН КЕЗДЕСУ ҒАРЫШҚА ЖОЛ АШТЫ

kinopoisk.ru

Тимур Бекмамбетов, картина продюсері: «Біздің тарихымызға негізделген ғарышты бағындыру туралы үлкен кино түсіру ниеті маған қызықты болып көрінді. Біз Женя екеуміз Леоновпен кездесу туралы келістік. Алексей Архипович бізге алты сағат бойы өзінің өмірі туралы әңгіме айтты, онымен және оның серіктесі Беляевпен 50 жыл бұрын болған оқиға туралы айтып берді. Біз осындай ғажап адам туралы және ғарышты игерудің әлемдік тарихына кірген адам сенбейтін оқиғалар туралы фильм түсірмеу мүмкін емес екенін түсіндік. Біз бірден жұмысқа кірістік».

ЖАҢА ТУЫНДЫНЫҢ ОТЫНА КҮЙІП, СУЫҒЫНА ТОҢДЫҚ

Қазақ дубляжының режиссері Айжан Жамшитова: «Дубляж процесіне жұмыс жасау барысында мен фильмнің бірінші көрермендерінің бірі ретінде олармен бірге ғарышқа ұшып барғандай болдым. Жерге биіктен қарадым, өліп қала жаздадым және ғарышта өліп қаламын ба деп қорықтым. Мен Жердің бағасын түсіндім, бұл жерде өлу де лайықты. Кейіпкерлер Жерге қонғанда мен де үйге оралғандай болдым. Бұның барлығын дубляж актерлері арқылы беру қажет болды. Фильмде барлық көріністер ғарышта болады, дубляжды да салмақсыздықта жасау қажет болды, актер ауада ілініп тұрғандай және еш тірегі жоқ ұшып жүрген сияқты. Кейіпкерлер түпнұсқасында -30/40 градус аязда болған жағдайда дубляж актері де тоңып тұрғанын, дірілдеп тұрғанын және оның әлсірегенін көрсету қажет болды. Басты рөлдердің дубляжының әр актері күніне 8 сағат бойы жазылды, студиядан әлсіз шаршап шығатын едік. Дауыс тембрін таңдайтын едік. Королев, Миронов және Хабенскийдің дауыстарын таңдауда қиындықтар болды. Бірақ фильмнің барлық эмоциялық көрінісін бере алдық деп үміттенемін».

(63)