Қазақстан футзалдан Еуропа чемпионатына жолдама алды

Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сайысын аса сәтті өткізген Қазақстан құрамасы жолдаманы жеңіп алды. Қазақстандықтар соңғы ойында Чехия құрамасын 3:0 есебімен ұтты. Төртінші топта қос команда осыған дейін жеңілмеген болатын. Сондықтан қай ұтқаны Еуропа чемпионатына тікелей берілетін жалғыз жолдаманы қанжығасына байлайтын еді. Қазақстандықтар мұны табысты орындай білді. Дуглас қос доптың авторы атанса, Михаил Першин тағы бір голды соқты.  Ең бастысы, бұл іріктеу турнирінде құрама ойыншылары Игита қорғаған қақпаға бірде-бір гол өткізген жоқ. Оған қоса құрама сапында қазақ футзалшыларының көбейе бастағаны қуантады. Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионаты 30 қаңтар — 10 ақпан аралығында Словения астанасы Любляна қаласында өтеді. Сөйтіп өткен жылы Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, бірден қола жүлдені жеңіп алған қазақстандықтар құрлық біріншілігіне екінші рет бақ сынамақ.

(11)