Байығың келсе, депутат бол!

nur.kz сайтынан

Жақында биліктің пәрменімен халықтың ақшасына тегін үйде тұрып, тегін көлік мінетін парламент депутаттарының жалақысы 1 миллион теңгеге дейін өсті, қалың жұрт бұған қатты наразы. Себебі, табан ақы, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген қара жұмысшылар мұндай ақшаны өңі түгілі түсінде де көрмейді. Халық жағдайын түзеудің орнына, онсыз да жағдайының бәрі жасалған депутаттарға мұншалық «мырзалық» жасалуына күйінгендер қарасы мол. Олардың уәжі: «Бұл — әділетсіздік. Билік елді ойласа, алдымен қарапайым адамдардың айлығын көтерсін. Депутат не бітіріп жатыр, ештеңе де. Отырыста қалғып-мүлгіп отырып, керекті де, керексіз де заңды топырлатып бекіткеннен басқа олар не істеп отыр?»— деуге келіп сайса, бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсар: «Экономикамыз қиын жағдайда тұрғанда, парламенттің қалтасын қалыңдату, халықтың жағдайын ойлайтын үкіметтің жоқтығын көрсетеді. Өйткені, парламенттегі 150-ден астам депутатты «бағу» мемлекетке үлкен шығын. Халық қалаулылары Астананың қақ ортасындағы Нұр Сая кешеніндегі жайлы пәтерде тегін тұрады, қызметтік көлік және медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Оның үстіне, әр мереке сайын айлық көлемінде, яғни 1 миллион теңге төңірегінде сыйақы алатыны тағы бар.  Шындығына келсек, парламент мұндай құрметке лайық емес. Ең мықты деген депутаттың жұмысын алсақ, күніне ең әрі кетсе ол 80-100 парақ құжат мәтінін оқиды. Одан артықты көтере алмайды. Сондықтан, мен депутаттарға белгіленген жалақы — өте әділетсіз деп санаймын»,— деп, қалың жұртшылықтың ойын жеткізді.

(13)