mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Қытайдың «Астық дәлізінен» Ресей қорқады. Ал біз ше?

Мамандар айтуына қарағанда, қара құрлыққа және өз ішіндегі нарыққа жыл сайын 160 миллион тонна астық экспорттау үшін Қытайға Орталық Азия территориясында өзінің астық дәлізін құру қажет. Осы астық орталығын Қазақстан территориясына орналастыруды жоспарлап отырған ресми Бейжіңмен салыстырғанда бүгіндері Ресей астықты сыртқа одан төрт есе аз экспорттайды. Ресей сарапшылары аспан асты елінің бұл астық жобасын берісі қиялға, әрісі ғаламдық афераға теңейді.

Сурет qamshy.kz сайтынан
Сурет qamshy.kz сайтынан

Олардың пікірінше, бұл жоспарын жүзеге асыру үшін Қытай Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға белсенді қатысып, сол жерде аймақтық экономиканы тұрақты дамытуға ықпал ететін астық дәлізін ашуы керек. Өздерінің аграрлық экспансиялық жоспарын негіздеу үшін қытайлықтар бірқатар статистиканы алға тартады. Олардың деректері бойынша, қазіргі уақытта Орталық Азияда 38 миллион гектар жыртылатын жер бар. Қазақстанның үлесіне сол жерлердің 74 пайызы (немесе 28 миллион гектары) тиесілі. Болашақта жыртылатын жердің көлемі аймақта 60 миллион гектарға дейін ұлғаюы мүмкін. Қытайлықтардың есебі бойынша, астықтың жылдық түсімі 225 миллион тоннаны құрауы тиіс. Жағдай осы бағытта өрбісе, экспорт көлемі 160 миллион тоннаға жетеді-мыс. Қытай жобасының ауқымын түсіну үшін мынаны ескерген жөн: Ресейден сыртқа шығарылатын астық экспортының шекті көлемі қазіргі таңда бар болғаны 37,5 миллион тонна ғана. Осылайша, Қытай әлемдік нарыққа бүгін Ресей шығарып отырған астық көлемінен төрт есе көп өнімді экспорттамақ. Егер Қытайдың бұл жобасы іске асса, онда Ресейге өзінің ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты жоспарын қайта қарауға тура келеді. Себебі әлемдік нарықтағы сұраныс төлем төлеу мүмкіндігінен анағұрлым артып кетуі ғажап емес. Соның салдарынан әлемдік баға міндетті түрде құлдырайтын болады. Мұндай жағдайда, астық өндірушілердің өнімінің өзіндік құны қытайдікінен жоғары болса, бұл оларды банкроттыққа әкеліп тірейді. Осы мәселеге қатысты өз ойын ортаға салған РФ Ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачев: «Біздің астық экспортының келешегі зор. Біз, тіпті экспортқа қазіргі 35 миллион тоннаның орнына 50 миллион тонна өнім шығара аламыз. Біз үшін әр гектарынан 10 центнер өнім беретін елдің барлық территориясында астық өсірген тиімді. Рас, астық экспортының барша тиімділігі әлемдік баға күрт құлдыраған сәтте көзден бұлбұл ұшатыны дау тудырмасы кәміл», — десе, IFC Markets талдаушысы Дмитрий Лукашов: «Мұнайдан түсетін табыстың едәуір бөлігінен айырылған Ресей валюталық табысын астықты экспорттаудан түскен қаражат есебінен арттыруды көздейді. Шүкір, әзірше біздің ауыл шаруашылығы өнімдерімізді сатып алатын Африка мен Азия елдері баршылық. Егер қытайлықтар Қазақстан жерінде бізден екі есе мол астық өндіріп, онысын үш-төрт есе артық көлемде экспорттайтын болса, біздің астық сатудан түскен табысымыздың ертеңдері қандай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Әлемдік нарыққа түсетін қосымша 160 миллион тонна астық оған деген әлемдік бағаны 50 пайызға дейін құлатуы әбден мүмкін. Әлемдік деңгейде астық өндіру жыл сайын орташа алғанда шамамен 1,3 пайызға артса, Жердегі адамдар саны 1,12 пайызға өсуде. Бұдан шығатыны — азық-түлік артықшылығы өте баяу қалыптасып отырғандығы. Әзірше оның зәрулігі жылына 150-160 миллион тонна мөлшерінде деуге болады. Қытай, нақ осы зәруліктің орнын жабуды ойлайтын сынды. Саяси ұстаным қырынан келсек, Қытай өзі үшін дұрыс бағытта жылжып келеді. Бірақ, жоғарыда айтылып өткен «Астық дәлізі» атты жобаның бүгін-ертең жүзеге асуы екіталай ма деп ойлаймын. Себебі Қытайдың бұл жоспарын іске асырмауға АҚШ-тың қолдан келген кедергінің бәрін жасап бағары сөзсіз. Әрі мұндай жағдайда ресми Вашингтонның Орталық Азия мемлекеттері — Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстанға қысым жасай бастауын да жоққа шығаруға болмасы анық. Әгәрәкім Қытай мен Қазақстанның астық дәлізі бойынша жоспарлары жүзеге асса, әлемдік нарық айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Яғни астық бағасы арзандап, ал сапаға деген талап айтарлықтай артуы мүмкін. Шындығына келсек, Қытай тарапы мәлімдеп отырған астық экспорты көлемі өте ауқымды. Егер осыншама зор астық көлемі әлемдік нарыққа түсетін болса, Ресей астық экспорттаудан көшбасшылық рөлінен сол сәтте айырылатын болады. Ондай күн туса, астық экспорты дәл қазіргі кездегідей табыс пайдасын әкеледі деу асылық болар еді», — дейді. Орыс сарапшыларының болжамына үн қосқан басқа мамандар мен талдаушылар да Қытайдың астық жобасы іске аспайтын шаруа деп есептейді. Солардың бірі — қазақстандық сарапшы, а. ш. ғ. к, доцент Таң Қасқаев: «Формасына қарағанда бұл белсенділік әзірше көзге дәлізді емес, бас киім — панаманы елестетеді. Себебі Қытай тарапы нысанаға алған бұл жоспар қазіргі таңда Орталық Азия аймағында қалыптасқан өмірлік шынайылықпен қабыспайды. Ондағы өңірлік елдер су жетімсіздігінен зардап шегуде. Сондай-ақ, ол аймақтағы ауа райы да қолайсыз, климаты өте күрделі. Сондықтан бұл аймақтарда қосымша өңдеу жүргізусіз егістік алқаптарының көлемін ұлғайту жүзеге асуы неғайбыл, қиялдың жемісі ғана. Сол себепті аталған өңірде астық өндірудің қазіргі көлемін сақтап қалудың өзі үлкен жетістік саналмақ. Тіпті ертегіге бергісіз базбір ғажайыптың арқасында жоғарыда айтылған астық көлемін өндіре қалған күннің өзінде оны сыртқа тасымалдау мүлде іске аспайтын шаруа десек, артық айтқандық болмайды. Оған қазіргі күні Қытайға Қазақстаннан қойылып отырған астық көлемінің тым мардымсыз екендігі дәлел бола алады», — дейді. Сәуегейлік айтушылардың қайсысының болжамы дұрыс иә бұрыс боларын алдағы уақыт көрсетеді. Біздің уайым Қытай «Астық дәлізіне» қазақ жерін неге кіргізеді? Оларға мұндай құқықты кім бермек? Ал егер кіре қалса, жерді игеретін кімдер? Сауал жетерлік. Оған кім жауап береді?

 

(31)