mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Қызы болсаң кедейдің, «тексізісің» сен үйдің…

Кезінде Төле би жиын басында жігіттерді жинап алып: «Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал. Үйдің құты да, байлығы да, жарық сәулесі де, сендерді хан көретін де таңдаған екінші жартыларың», — деген екен.
…Сөздің киесін білетін халықпыз ғой, бірақ заманына қарай адамы өзгерген уақытта мына пәлсапаны сөз қылу да ақымақтың ісі шығар. Неге дейсіз бе?
Дәулеті тасқан, әкесі елге сыйлы, ақсүйектің қыздары қазір тектінің тектілігін бір кісідей сақтап-ақ тұр…
Біздегі тектілік зәулім үй, қымбат көлік, қыруар ақшамен өлшенетіндігін өтірік деп көріңізші. Әрине, «тең-теңімен» деген бар. Бірақ тектілікті дүние-байлықпен өлшеу қаншалықты дұрыс?.. Бұрын үлкендер зұлымдық та, ұлылық та тектен тарайды. «Қызың жаман болса, жеті атаңа дейін жетеді» деп отырушы еді. Бұл дегеніңіз, «Пәленшенің қызы сондай екен» деп, өзгелер қауесет таратпас үшін, әрі үйдегі қызының тегіне кір келтірмес үшін әкенің айтатын тәлімі осындай еді. Алайда қазір кейбір елге өнегесі мол, көргені көп деген 70-80-ді алқымдаған ақсақалың мен ақбұрымың да, 80-90-ға келген қартың мен ақ үрпек кемпірің де тектілікті байлықпен тең көретін болған… Журналист болған соң, есімі елге белгілі тұлғалармен, ғалым, қоғам қайраткерлері, одан қалды өнер адамдарымен кездесіп, сұхбат құрамыз. Сонда егде жастағы көкелеріміз: «Енді көзім тірі-сінде немереме келін әперсем деймін. Ауқат-ты, өзімізбен деңгейлес, текті жердің қызы болса, бірден дүркіретіп той жасауға қазір-ақ дайынбыз», — деп жатады. Иә, өздеріне сай құда тапқандары дұрыс қой. Бірақ «деңгейлес, текті жердің қызы» деудің қажеті не? Заманымыздың көнекөз қариялары осылай десе, қалғандарына не жорық?! Қыз баланың еңбекшілдігі, өрісінің кеңдігімен, парасатының тереңдігі, кішіпейілділігі мен бойындағы ибасы, адамгершілігі мен жібектей мінезі тұрмысының төмендігінен еленбесе, зор қасірет емес пе?
Бөлтірік шешеннің «Тегі жаманды тең тұтпа» деген ғажап сөзі бар. Астарына үңілсек, бай кедейді өзіне тең көрмесін демеген, тегіне кір келген, елге жаман атымен шулы әулетті маңыңа да жолатпа дейді. Әйтсе де, жоғарыда атап өткеніміздей, біздегі тектілік деген ұғым қазір осылай қалыптасқан. Жақында бір танысымның құрбысы дәулетті отбасынан шыққан жігітпен тұрмыс құрмақшы болады. Қыз орта тап өкілі болғандықтан, алған білімі мен тәрбиесіне де қарамай, ата-анасы қарсы болып, әлгі біз айтқан «тексіздердің» тізімінен бір-ақ шығарған. Мұндайда жарлы деп жақсыдан күдер үзген жаманға жар болғанша, жапанда жалғыз қалғаның дұрыс-ау дейсің күйінгеннен.
Сөз басында айтқан Төленің «Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал» дегені есті жігітке нақ қазір ұстанатын қағида болса керекті. Өйткені үйінде темірдей тәртіп көрген текті қыздың жан дүниесі де сұлу болады емес пе? Ал сіз не дейсіз?..

(74)