Қайыспас қара нарды Махамбетім!

Батыр жатқан мазар маңында жол да, су да, жарық та жоқ.Махамбет_батыр

Махамбет Өтемісұлы:
Сергелдеңмен өткен ер.
Ойыл менен Дендерден,
Сағыз бенен Жемдерден
Одан да талып өткен ер, — деген жыр шумағындағы Дендер — Атырау өңіріндегі елді мекен. Осы өңірде 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасы, Нарын құмында дүниеге келген қазақтың көрнекті батыры Махамбет Өтемісұлының ел қорғаған ерлігі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталған. 1836-1838 жылдары Қазақстанның батыс аймағындағы халық көтерілісін ұйымдастырған өр рухты ақынның арманы туған елінің азаттығы еді. Қандыкөйлек жолдасы, мұраттас досы Исатай Тайманұлымен бірге елінің азаттығы үшін күрескен қайраткер ұлдың өзегін өртеген өкініштің оты — туған халқының патша езгісінде қалып, өзін-өзі ұмытып, мәңгүрттене бастауы.
Тәрбиесінің негізі еркіндікті қалаған өр ақынның мұсылманша, орысша да хат танитын сауаттылығы — оның ерте есейіп, ой-өрісінің қалыптасуына себепші болған ыждағатты әрекеттің бірі. Бойына біткен алапат күш-қуат, өжет ұлдың жастайынан елдік істерге араласып, биік-биік мұратты мақсаттарға қол жеткізсем деген арман отының ерте тұтануына себепкер. «Мен, мен, мен едім, Мен Нарында жүргенде, еңіреп жүрген ер едім» деген дауылпаз жырлар осы ойымыздың бір түйініне тиянақ болғандай.
Шыққан тегі кіші жүз Байұлы ішіндегі ру тақтасы — Жайық-Беріш. Атасы Құлмәлі де, әкесі Өтеміс те өз дәуірлерінің сөз білер айтулы кісілері болған деседі.
Махамбеттің отты жырларын қилы заманның қиын-қыстау өткелдерінен өткізіп, бұл дәуірге жеткізген, ел арасындағы есімі алысқа кеткен белгілі ақындар аузынан жазып алып, қағаз бетіне түсірген — қазақтың көрнекті ұлы, профессор Халел Досмұхамедұлы.
Тарих бетіне маржан болып төгілген «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Терезе» т.б. күйлері — ақын заманының зары мен мұңы. 1939-89 жылдары 8 рет жеке кітап болып шығып, күллі қазақ балалары оқитын білім шаңырақтарының оқыту бағдарламаларына енгізілген.
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев Махамбеттің күй өнері туралы: «Махамбет күйінің бір бояудан тұрмайтынын қапысыз тани алатын шығармалардың санатына «Жұмыр қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Махамбеттің аты өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, осындай сұңғыла азаматтың сезімінен сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының құймасы — күйлері неге ұмытылсын!» — деген пікірі сұңғыла жазушының батырдың бір талантына берген жақсы бағасы. Махамбет тек от ауызды, орақ тілді сөз шебері ғана емес, сонымен бірге, ол ақберен батырлығы, даналығы мен дәулескер күйшілігі арқасында да даңққа бөленді. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгергендігі жазған хаттарынан айқын аңғарылады.

ДЕНДЕР — БАТЫРДЫҢ КІНДІК ҚАНЫ ТАМҒАН ЖЕР

Мәңгі өлмес екінші өмірі Индер ауданымен тікелей байланысты батырдың кіндік қаны тамған, мәңгілік қонысы болған Қараой жазығы қасиетті Дендердің бір белесінде. Аудан орталығынан 45 шақырым жерде жатқан бұл мекен осы топырақтан шыққан ұлы тарихи тұлғалардың атамекені.
Тағдырлы ақынның алғаш жерленген жерін жақсы білетін Құрақ Бектұрғанов есімді азамат — Жайық өңірінің перзенті. 1913 жылы әкесі 6 жасар Құраққа «күндердің күнінде ел игілігіне керек болар» деп, батырдың бейітін көрсетіп, Құран оқып, басына белгі ретінде қамшының сабын тығып кетеді. Осы оқиғаны куәгер көпшілікке жеткізген соң, аудан басшылары және ғалым Қажым Жұмалиев, ақын Тайыр Жароков ақынның басына белгі орнату жайында ұсыныс жасайды. 1959 жылдың күзінде Махамбет бейітіне ескерткіш белгі қойылып, ақынның суретінің тұсына бір шумақ өлеңі жазылды.
1966 жылдың жаз айында батырдың сүйегі антрополог ғалым Ноэль Шаяхметовтың басшылығымен қазылып алынып, зерттеу үшін Алматыға жіберілді. Он жеті жылдан соң, 1983 жылдың 15 мамырында М. Өтемісұлының сүйегі Қараойдағы орнына қайта жерленді. Батырдың туған жеріне қайта оралған қуанышты күні ақын өмірі, ерлігі, шығармашылық өнері жайлы мазмұнды баяндамалар оқылып, оннан астам киіз үй тігіліп, ас берілді.
Елінің бақытты болашағы үшін өмірін оққа тіккен Махамбеттей өр мінезді ұлға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Ақынның есімін ұлықтау, шығармаларын насихаттау мақсатында жылма-жыл 15 мамырда Индер ауданында Махамбет поэзиясы күндері өткізіліп тұрады. Бұл бүгінгі жас ұрпақтың халқына қорған болған батырдың мәңгі өлмес ерлігін танып, білуіне жол ашар игі шара. Аудандық мұражайда ақынға арналған бұрыш, 1960 жылы Жарсуат ауылындағы орта мектепке берілген бабаның аты, 1988 жылы мектеп алаңында алматылық сәулетші Әйнековтің жетекшілігімен батырға орнатылған ескерткіш, Махамбет Өтемісұлы жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткізілетін спорттық сайыс — қазақ халқының батырдың биік рухына деген көрсетіп келе жатқан үлкен құрметі.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы ретінде ашылған Махамбет атындағы даңқ мұражайының жұмыс жасап тұрғанына да біраз жылдың жүзі болды. Аудан көлеміндегі ауыл, елді мекендерге Махамбет есімі берілген көше аттары, оның жыл өткен сайын дауысының биіктеп, биікке самғауы, біріншіден, батыр ерлігінің мәңгілік құндылыққа айналуы десек, екіншіден, елдік игіліктердің өркен жаюының бір көрінісі. «Біз Махамбет ұрпағымыз» өнер фестивалі, «Махамбет — ұрпаққа ұран, жыры — мұра» газет авторларының шығармашылық бәйгесі, ақын жырын орындаушылардың «Топтан озған тарланбоз» сайысы, жыл сайын өткізілетін аудан мектептері мен кітапхана, мәдениет үйлеріндегі поэзия кештері мен Махамбет оқулары ел болашағы — жастардың ақын өмірін тереңірек білуге, әлі де жете оқып түсінуге ынталандыратын игі қадамдардың бір шоғыры болмақ.
Аудандық редакциядағы әдеби бірлестікке ақын есімі беріліп, «Дендер» газетінде жарияланған жылдың ең үздік материалдарына Махамбет атындағы сыйлық беріліп тұрады. Махамбет күйлерін үйреніп, облыс, республика сахнасына ең бірінші шығарған да дендерліктер. Екі жыл сайын жастар арасындағы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Махамбет оқулары» шарасы болашақ ақындардың қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін игілікті шаруа.
1986 жылы республикалық «Отырар сазы» оркестрі Махамбет жатқан Қараойда Н.Тілендиевтің басқаруымен келіп берілген концерт — Дендер тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі. Күнтізбесіндегі осы мазмұндас ірі тарихи оқиғалардың бірі — 1995 жылы Қараойда ақынның басына тұрғызылған көрнекті ескерткіш. Маңғыстаудың ұлутасынан биіктігі 12 метрлік тұрғызылған жәдігер — бүгінде республикалық деңгейде қорғауға алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Зәулім ескерткіштің авторы — маңғыстаулық шебер К.Демесінов.
Қазақ батыры, көрнекті қайраткер, арқалы ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдың тойы ЮНЕСКО шешімімен 2003 жылы Атырау қаласында тойланғаны ел-жұрттың есінде болар. Ауқымы кең, мазмұны күрделі әлемдік деңгейде дүбірлеп өткен шараның біраз бөлігін облыстың аудандары ұйымдастырды. Солардың бірі — Индер ауданында өткен «Махамбет Өтемісұлы — күрескер, ақын және сазгер» атты ғылыми-практикалық конференция. Республиканың түкпір-түкпірінен келген академик, ғалымдардың тың тақырыптағы баяндамалары ақынның шығармаларына жаңа дәуірдегі зерттеулер деп танылды. Осы рухани дүниелердің қатарындағы академик-жазушы З.Қабдо-ловтың баяндамасы терең маз-мұнымен жұрттың есінде қалған. Айтулы мереке күндері Дендер орталығында баба барельефі орнатылды. 2013 жылы «Казреставрация» мекемесінің Махамбет мазарына жүргізген қайта өңдеу жұмыстары — көпшілік қуана қабылдаған мақсатты шаралардың бірі.
2016 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Алайда Махамбет бабамыздың басында жасалып жатқан шаруалардың бірқатары сол теңіз тамшыларының бірі. Қолдау таппай келе жатқан мәселенің бірі — Махамбет баба мазарына бастап апаратын жолдың өте нашарлығы.
Сол сияқты ескерткіш басына тоқ желісін орнату, болмағанда күн энергиясын пайдаланатын жарық көздерін қосу, батыр жатқан жерді көгалдандыру үшін жақын жердегі канал бойынан су тарту жұмыстарына да көлемді қаражат керек. Қасиетті мекенге арнайы қыдырып келген қонақтар үшін қонақүйдің жоқтығы, демалыс орнының ұйымдастырылмауы қанша рет айтылғанымен, түйіні шешілмеген өзекті мәселе ретінде ашық қалып отыр. Махамбеттей ел қалқаны болған тарихи тұлғаны еске алу шараларында ауылдық жерлерде арнайы сахнаның жоқтығы да шешімін таппаған мәселенің бірі. Атырау облысы — донор облыс, көптеген шетелдік фирмалар жұмыс жасап жатыр. Бұл мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешілу жолдары ізделсе, бағдарламаларға енгізілсе деген ұсыныс бар.

Өмірзақ Озғанбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор

(931)