Халықты қаласы асырай ма, дала асырай ма?

Еліміз және оның (қысқаша) экономикалық қуаты

Біздің елде шамамен 130 ұлт өкілдерінен құралған 18 миллиондай халық тұрады. Қазақстанның байтақ даласы 5 Франция немесе 3 Түркияның территориясымен тең. Еліміздің кең байтақ екендігі сондай, мысалы, Сингапурда 1 шаршы шақырымға 7437 адамнан келетін болса, бізде бір шаршы шақырымға небары 6-ақ адамнан келеді екен. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі құрлықпен өтетін ең ұзын шекара болып табылады. Оның ұзындығы — 7512 шақырым. Қазақстан өзінің алып таулары, жабайы ормандары, ыстық шөлдері, мөлдір көлдері, жылжып аққан өзендері, түрлі жануарлар мен өсімдіктері бар кең даласымен бай ел саналады. Сонымен қатар еліміз табиғат қорларымен ең бай мемлекеттердің бірі. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы біздің елде бар. Оның 70-інің қоры анықталған болса, солардың бүгінде 60-ы өндіріледі. Еліміз мұнай өндіруден әлем бойынша 8-орында. Болжам бойынша оның жалпы көлемі 12-17 миллиард тонна. Мұндай көлемімен Қазақстанды потенциалды мұнай державаларының бірі деп санай аламыз. Сондай-ақ, жалпы уранның бестен бір бөлігі де біздің елде, әрі оны өндіруден бірінші орындамыз. Астық экспортынан еліміз лидерлердің бірі. Біздің ел жылына 40 елге астық экспорттайды. Бүгінде біздің өнеркәсіптің жетекші салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Қазақстанның мысы, қорғасыны, мырышы және кадмийі сапасының жоғары деңгейде болуына байланысты, әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда экономикалық дамудың негізгі көзі — елдің шикізат әлеуетін пайдалану. Еуропа елдері Қазақстан экспорты көлемінің негізгі бөлігін алады. Қазақстан — ірі отын-энергетикалық өңір. Еуропа елдері арасында Қазақстан экспортын негізгі тұтынушылар Швейцария, Италия, Польша, Германия қатарлы елдер. Еуропа елдеріне экспорт жасау мұнай, ферро-қорытпалар, металлургия өнеркәсібі өнімдері, бидай сату есебінен артып отыр. Азия өңіріндегі елдерге қазақстандық өнімдерді жеткізу көлемі ұлғайып, негізгі тұтынушылардың бірі қытай өнеркәсібі болып табылады. Міне, осыған қарап, біз еліміздің кең жазира далалы, кенге бай, қуатты ел екендігімізді аңғарамыз, әрі мақтан тұтамыз.

maxresdefault (1)

Сырттан ет өнімдерін алу қазаққа жараса ма?

Кезінде Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден кұт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз…» — деген екен. Дана бабамыз айтқандай, қазақ халқы ықылым заманнан күні бүгінге дейін өзінің тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малынан қол үзбеген халық. Сонау 90-жылдардағы асығыстықпен қабылданған жекешелендірудің зардабын бүгінде ауыл халқы тартып отыр деуге болады. Олай дейтініміз, сол жылдардағы 32 миллион бас мал бүгінде құрдымға кетті деуге негіз бар. Бір кездері Одақ қорына 330 мың тонна ет жіберіп отырған Қазақстанның кешегі даңқы бүгінде келмеске кеткендігін көреміз.
ҚР Қаржы министрлігі Кеден комитетінің есебіне сенсек, еліміздің шекарасынан өткен еттің бағасы күрт көтеріледі екен. Мәселен, тауық етінің бағасы 25 пайызға қымбаттаса, сиыр етінің құны екі есеге дерлік артады.
Ет өнімдері Беларусь, Ресей, Қытай, Аргентина, Австралия, Бразилия және Канададан жеткізіледі. Біраз жылдан бері сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігі саласында Қазақстан өзін бидайдан басқа ешқандай өніммен толықтай қамтамасыз ете алмай келе жатқандығын ескертумен келеді.
Мамандардың пікірінше, Қазақстанға шеттен жеткізілетін ет көлемінің жоғары болуы шаруашылық инфрақұрылымын қасақана құрту салдарынан орын алып отыр. Ірі тауарлық шаруашылықтарды сақтай отырып, ұжымшарлар мен кеңшарларды акционерлік қоғамдарға айналдырудың орнына, оларды жеке шаруашылықтар деңгейіне дейін ұсақтаған. Бүгінде өндіріс технологиясы, өнім сапасы жоқ осындай шаруашылықтарда елде бар мал басының 80 пайызы шоғырланған. Осындай «реформалаудың» салдарынан елдегі мал басының саны күрт азайды деп дабыл қағуда. Олай болатыны 1990 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 2014 жылы ірі қараның саны 59 пайызға, қой мен ешкі саны 49 пайызға, құс саны 57 пайызға азайған. Міне, осындай жағдайларға қарап, «бүгінде ауыл шаруашылығын дамытып жатырмыз, дамып келеді» дегенге қалай сенуге болады? Мал басының осыншалықты күрт кемігеніне қарамастан, әрі өз халқымызды ет өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отырып, алдағы бір-екі жылда экспортталатын еттің мөлшерін 60 мың тоннаға жеткіземіз деуімізге жол болсын! Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға ел үкіметінен ауқымды қаржының жұмсалып жатқандығын, әрине, жоққа шығара алмаймыз. Алайда сол қаржының көзге көрінерліктей нәтижесі болуы керек қой. Ауыл шаруашылығын дамытудағы басты қаржының қомақты бөлігі шетелден асылтұқымды мал тасымалдауға жұмсалып жатқаны жасырын емес. Әрі шетелден әкелінген сол малдың да біршамасы белгісіз себептермен қырылып жатқаны жайлы халқымыз хабардар. Есесіне сол қаржы отандық мал басын өсіруге жұмсалса, ауылдық елді мекендегі халыққа әлдеқайда тиімді болар еді деген ой келеді. Неге? Соңғы халық санағы бойынша, еліміздегі халықтың 65,4 пайызы, яғни (11 миллион 35 мыңы) қазақтар екен. Олардың 7 миллион 642 200-і ауылдық елді мекендерде тұратындығы санақ барысында анықталған. Бүгінгі қалалықтар мен ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың жағдайын салыстырсақ, ашығын айту керек, олардың тұрмыс-тіршілігінде жер мен көктей айырмашылықтың барын аңғарамыз. Осыған қарап, «біз кімге қызмет етіп жатқандығымызды, ел жетістігінің жемісін кімдер көріп отырғандығын, қазақ елі бола тұра өз ұлтымыздың тағдырына осыншама селқос қарайтындығымыз неліктен?» — деген көптеген сауалдар көкейіңді мазалайды. Әйтеуір, біздің қазақ қанағатшыл һәм көнбіс, жуас халық. Өлместің күнін көріп жүрсе де, ертеңіне онша алаңдай қоймайтын кең пейіл халық. Қазақта «Үш жылдығын ойламаған еркектен без, үш күндігін ойламаған әйелден без» деген тәмсіл сөз бар. Мұның астарында тек бүгініңді емес, ертеңіңді, болашағыңды алдын ала ойластыр деген ескерту жатса керек-ті.
Әр халықтың өзіне тән кәсібі, соған лайықты тұрмыс ерекшеліктері бар. Қазақ халқы үшін олардың ата кәсібі болған мал шаруашылығы, қай кезеңдерде де олармен бірге жасасып келген, әлі де жалғасын табуда. Осы орайда ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде мал шаруашылығына басты назар аудару бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болуға тиісті. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ халқының басым бөлігінің ауылда тұратындығын ескерсек те, ауылдық елді мекен тұрғындарының әлеуетін көтерудің бірден-бір тиімді жолы — мал шаруашылығын дамыту. Біз жер асты қазба байлықтарымызға ғана сүйеніп, елдің дамуын жалғастыра береміз деу бекершілік.

Редакциядан:
Оқырман пікірінде ащы шындық бар. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға соңғы 15-16 жылда қыруар қаржы бөлгенін жақсы білеміз. Сол қыруар қаржының дені жемқорлардың түпсіз қалтасында кеткені де ақиқат. Сондықтан бұл саланың әлі де олқылықтары көп. Ауылдағы ауызсу мәселесі түбегейлі шешілмеген. Жүн, теріміз де босқа іріп-шіріп жатыр. Шаруа өндірген өнімдерін өткізе алмай қиналады. Біздіңше, ауыл шаруашылығына, ауылға деген жаңаша көзқарас қажет. Қаржы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Сонда ғана ұлы да дарқан дала халқын толық асырай алады.

Бағдал Ақынұлы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

(28)