Тілбұзарлардың жауапты орындарда отыруы өте қауіпті

сурет zharar.com сайтынан

1. Газет атына заты сай тірлік жасап, Қазақстандағы түйінді мәселелердің барлығынан шет қалып отырған жоқ. Заман үрдісіне де ілесе алып отыр дей аламын. Басылымның жүгі ауырлығын 12 беттік көлемділігінен-ақ көруге болады. Яғни ол жанкешті еңбекті қажет етеді деген сөз. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқанына да 25 жыл толыпты. Құтты болсын! Газеттің елгезектігі, өткірлігі ұнайды. Ұраны «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!» деп жазылған. Бұл да ұнайды. Ендеше, жастар мәселесі, олардың оқу бітірсе де жұмысқа орналаса алмауы себебі туралы көбірек қозғалса. Қылмыс та, ажырасу да көбіне осы жұмыссыздықтан шығады. Қазір біздің елімізде кәсіпкерлікке дайындайтын мектептер бар. Осы тақырып төңірегінде іскер кәсіпкерлердің айтары аз емес деп ойлаймын. Тіпті тұрақты айдармен беріліп тұрса көптік етпес. А.Байтұрсынұлы: «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп, оның білім мен тәрбие құралы екендігін меңзеген. Сондықтан жауапты журналистер жазылымдарда кездесіп қалатын емле, тыныс қателеріне сақ болғаны жөн. Оқырмандар тарапынан бір қайнауы ішінде дүниелердің кетіп қалатыны да рас. Одан газеттің құны түседі.
2. Атақты күрішші Ыбырай Жақаев атамыз айтқандай, «Әркім өз кәсібімен шұғылдануы керек, жазушы қаламына, қойшы таяғына ие болсын». Жүсіпбек Аймауытов та бұл туралы әдемі айтқан: «Адам өз қабілетіне қарай маманданып, еңбек етсе, өзіне де, қоғамға да пайда әкеледі. Егер өзі қаламаған жұмысты атқарса, өзіне де, айналасына да зиян әкеледі». Қарапайым мысал, көз алдымызға елестетейік, бірде-бір адам жұмыссыз емес, әркім өз ісімен шұғылдануда, ешкім ешкімнің ісіне араласып жатқан жоқ. Мәселенің бәрі өзінен-өзі шешілмей ме? Бүкіл халық іс-әрекет үстінде. Қоғамдық ұйымдар өз тәртібін біледі. Енді билік те, мемлекет те неге алаңдауы керек? Мәселе, адамдардың өз орнын таппай адасуында болып тұр. Одан қоғам зардап шегіп, билік те алаңдамай отыра алмайды. Сенімсіздіктен бірін-бірі тексеріп, бірін-бірі тінтіп әуре.
3. Кесапаттан құтылудың жолын жоғарыда біршама келтірдім деп ойлаймын. «Адамға ең бірінші тәрбие керек, тәрбиесіз қонған білім халыққа апат алып келеді» деп ғұлама Әл-Фараби тектен-текке айтпаған еді. Жемқорлық — бүгіннің апаты. Жемқорлардың бәрі өте білімділер, есеп-қисапқа жүйрік, қай жерден қалай жеуді біледі. Өкінішке орай, ұлтжандылық, адамгершілік, қанағатшылдық қасиеттері төмен. Яғни, ұлттың тәрбиесі әлсіреді. Жемқорлықтан құтылу жуық арада бола қоймас. Ең дұрысы, әркімнің жүрегінде иманы болуы керек. Имани жүрек қанағатшыл келеді.
4. Сең қозғалды ғой. Бұрынғыға қарағанда тәуірміз. Бірақ толыққанды көңілім толмайды. Себебі мемлекеттік тілді білмейтіндер, ой-пікір айта алмайтындар, қазақша жанын қинап сөйлегенмен, орысша ойлайтындардың қаншасы жауапты қызметтерде отыр. Олардың «үлгісі» өз жүрген ортасына, төңірегіне әсер етпейді деп кім айта алады? «Е-е, мені қойшы, білдей бастығымыздың өзі солай сөйлейді ғой» деген керенаулық қарамағындағылардың тілге деген өзі де аз құрметін біржола өшіріп тынбай ма?! Тілбұзарлардың жауапты орындарда отыруы үлкен қауіп. Өзге тілді үйрену бір басқа, өз тілін үйрену деген, әрине, қайта туу, қайта жаратылу, яғни басқа адамға, қазаққа айналу деген емей немене? Қазақ бола тұрып, қазақ бола алмау қандай қасірет десеңізші! Мен мұнда бірді-екілі сөз білуді айтпаймын, қазақы құнарлылықты, терең тілді ұғынуды айтып отырмын. Әр мақал-мәтелдің, шешендік сөздің, көркем әдеби шығарманың мағынасына үңілуді айтып отырмын. «Ң»-ға тілі келмейтіндер, қазақтың құнарлы тілінің қуатын ұға алмайтындар елге ақыл айтқыш, телеарналарда хабар таратқыш. Сосын баспасөз де тілдік қуаты жоқ дүниелерге құмар боп алды. Жұртты ойландырудан гөрі, қызыл-жасыл бояулы суреттерді қаптатудан әрі аса алмай отыр. Бұл не, бәсеке ме? Басқадан озайын деген әдісі ме? «Әсіре қызыл тез оңар» деген қазақ өзі қызыл-жасыл дүниені ұната бермейді ғой, Құдай берген қоңыр мінезіне салып, сабырлы болғанды, салқынқандылықты, баспасөздің де салмақты сөзін ұнатады. Желбіреген жеңіл жел сөзді арнадан да көп айтып, баспасөзде де оңды-солды пайдалана берудің ар жағында «біздің ұлтқа осы болады, «түсінікті» ғып айтпасаң, ауыр тілді ұға алмайды» деген өз «арзандығын» жұртқа таңу қитұрқылығы жатқан жоқ па?
5. Қазақ өз еңсесін көтерді. Тәуелсіздіктің орнауы, рәміздеріміз-дің мәртебесі, төл теңгеміздің дүниеге келуі, шекараның белгіленуі, тіліміздің тұғырлылығы, наурыз, айт мерекелерінің, ұлттық ойындарымыздың қайта жаңғыруы, жас ұрпаққа білім көкжиегінің кеңеюі, спорттағы жетістіктер т. б. ең қажетті құндылықтарға қол жеткізгеніміз — қазақ мәселесінің шешілгендігінің көрінісі. Жылай беруге болмас. Бірінші сұраққа қосарлама екінші сұрақты қоюларыңызға қарағанда, жұрттың көңілі толмайды-ау деген тұспалдарыңыздың бары анық. Оның жаны бар. Бізде науқандық деген жаман әдет бар. Бір мәселе шыға қалса, барлық тірлікті ұмытып, соған қарай құлап түсеміз, сол жолда бүкіл салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымызды таптап өтіп. Осыған абай болайық дегім келеді. Ұлттық идеологияны көтеру үшін телеарнадан бөтен-бөгде көрсетілімдерді, жүгенсіз жарнамаларды өшіріп, қазақ киноларын көрсетіп, нағыз еңбек адамдарын дәріптеу керек. Қазақтың біртуар перзенттері туралы кинолар түсіру жолға қойыла бастады. Ә.Бөкейханұлы, Ш.Қалдаяқов т. б. Қандай жақсы! «Балапан» арнасы секілді жасөспірімдерге арналған «Жеткіншек» дейміз бе, әйтеуір, арнайы бір арна ашылса деймін. Себебі осы жастағы тәрбие қиындап барады. Қазір, Құдайға шүкір, ел тойынды. Хан сарайындай үйлер жиһазға толы, кептелістегі көліктер анау, тойдағы дастархан мынау. Бар, жеткілікті болған өте жақсы. Бірақ адам толыққанды бай болуды көздегені дұрыс. Енді рухани бетбұрыс керек. Шама келсе, жұртты жаппай кітап, қазақ газеттерін оқуға жұмылдыра алсақ. Отбасындағы балаға ата-анасы киген киімімен, таққан алтынымен емес, оқып отырған кітабымен үлгі болса дейсің. Әйел-аналар қауымы бояу-сояуға қыруар ақша жұмсағанша, баласына ертегі, әңгіме жинағын алып берсе деймін. «Адамдық негізі — әйел» деп ұлы жазушы М.Әуезов бекер айтқан жоқ.
6. Бар. Неге болмасын? Олар кім үшін, не үшін байыды? Халық көріп, таңқалсын, бай екенімді білсін деді. Ел жоқ, жұрт жоқ жерде олардың байлығы кімге керек? Біздің қазақ әлмисақтан бай болған. Байлығын ізгілікті қарекет жолына арнаған. Алаштың асылы, хан ұрпағы Әлихан Бөкейханов айтқандай, «қазақ баласына қызмет етпей қоймаса» қанеки?! Бөкей, Жәңгір ханның ұрпағы Шәңгерей кезінде бар байлығын қазақ ұлтына қызмет жасауға жұмсаған. «Көлборсы» атты өз иелігіндегі алқаптың игілігін ел-жұртымен бөліскен. Үй, қора-қопсы салғызып, мал өсіргізіп, егін салдырады. Елдің керегін тауып беріп, дүкен ашқызып, базар саудасын дамытқан. Монша, ұстахана салдырып, жұрттың баласы үшін көптеген білімді оқытушылар жалдаған. Ұлттық өнер түрлерін, саятшылық, әншілік, аңшылықты да қызу жандандырған. Осы игі дәстүрді ұстанған байлар қазір де бар. Оларды көпке үлгі ету керек.
7. Бұған соншалықты бас ауыртпай-ақ, көп балалы аналардың толық жағдайы жасалса, жөргекпұл көбейсе, пәтер мәселесі шешілсе болды емес пе?! Қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұруға ие болса, коммуналдық төлемдерді жеңілдету қарастырылса, көп нәрсе шешіледі ғой деп ойлаймын. Көп баладан қоғам да ұтылмайды, олар өте мейірімді болады, яғни ұлттың мейірімділік қасиеті қайта қалпына келеді. Көп балалы отбасынан шыққан балалардың аға-інілеріне көрсеткен қамқорлығын көпке үлгі ете беру керек.

(42)