mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Орталық Азия елдерін осы жылы не күтіп тұр?

7kun.kz сайтынан
7kun.kz сайтынан

Жаңа жылдан әркімнің ізгі жақсылық күтетіні белгілі. Ондай жақсылықтан мемлекет басшылары да үміттенетіні кәміл. Енді сол Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үкілі үміттерін жария етсек. Мәселен, Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық рөлден басты үміткердің бірі Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев: «Осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктердің бәрі өзіміздікі. Мысалы, ел территориясында 2013 жылдан бері еркін саудалауға тыйым салынған валютаны еркін конвертациялауды енгізу; елден сыртқы мемлекеттерге шығуға құқық беретін сыртқа шығу стикерлерін алып тастау; тұрғын үй-коммуналдық қызметін жақсарту сынды сандаған талап-тілектер бар. Себебі электр энергиясын ажыратып тастау өңірлерді қойғанда, Ташкенттің өзінде бүгінге дейін жиі орын алады. Өзбекстан билігі мұндай өзгерістерге дайын. Соған байланысты Үкімет экономиканы қайта құруға бағытталған бірқатар құжаттарды қабылдады. Бұл істегі алғашқы қадам кәсіпкерлердің іс-қызметіне жоспардан тыс барлық тексерулерді алып тастаудан басталады. Ол заң биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұдан бөлек, Өзбекстан 2017 жылдың 1 сәуірінен бастап әлемнің 15 елінен келетін әртүрлі жас категориясына жататын туристер мен жастары 55-ке келген тағы да 12 елдің туристері үшін визалық режимді алып тастауға шешім қабылдадық. Біздің бәріміз, ең бірінші кезекте басшылар, күш-жігерімізді біріктіріп, осы бағдарламалық міндеттерді шешу мүмкіндігін қарастыратын боламыз», — деп уәде берген болатын.

Ал қашан да өзбек акалармен бәсекеге түсіп жүретін елімізге келсек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «2017 жыл Қазақстан үшін ерекше жыл болады. Жаңа туған ресми жылда біздің халық халықаралық деңгейдегі оқиғаларды күтеді. Олар қазірдің өзінде басталып та кетті: биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап республика БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде оның тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысқа кірісті. Ол бізге халықаралық аренада өз ықпалымызды арттыру үшін ауадай қажет. Бұл болжамдық жағынан алсақ. Ал, шындығына келсек, Қазақстанда биылғы жылы басқа да халықаралық деңгейдегі оқиғалар өтуі жоспарланған. Солардың ішіндегі ең бастысы — Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін «ЭКСПО — 2017» көрмесі, ол барша төрткүл әлемнен шамамен 5 миллион туристі жинайтын болады. Бұдан басқа Қазақстанда 2017 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының, ғылым мен технологиялар жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиттері өтеді. Елдің ішкі саясатында да бірқатар маңызды жаңалықтар болады деп күтілуде. Мысалы, 2017 жыл Қазақстан үшін «ашық аспан» және визасыз режим жылы болады. Біріншіден, жылдың басынан бастап әлемнің 60 мемлекетінің азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Екіншіден, биыл республикаға ең кем дегенде бес жаңа авиакомпанияның ұшақтары ұша бастайды. Бұдан бөлек, 2017 жылы елді білім беру саласында болатын өзгерістер күтеді. Зейнетақы, жәрдемақы, басқа да әлеуметтік төлемдер үш миллионға жуық адамды қамтиды. Осының бәрі болашаққа деген сенімді бекемдей түседі. Байқап отырғандарыңыздай, биылғы жыл Қазақстан үшін айрықша жыл болғалы тұр», — деді.
Бұдан кейін сөз ұстар Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон: «2017 жыл Тәжікстан үшін дамудың жаңа кезеңі болады. Бұл жылы біз жоғары патриоттық сезіммен және өзімізді-өзіміз танумен бейбітшілікті, ел ішіндегі тыныштық пен саяси тұрақтылықты, бірлікті бекемдеуге, өзара түсіністікті нығайтуға, мемлекет пен ұлттың мүддесін бірлесіп қорғауға ұмтылуымыз қажет. Біз күткен басты оқиғалар өткен жылы басталып кеткен. Ең бірінші кезекте бұл көрші Өзбекстанмен қарым-қатынасымызды қайта жаңғыртқанымыз. Биылғы жылы күтілетін оқиғаның тағы бірі — Душанбеде Өзбекстанда шыққан тауарлар көрмесі мен қос ел тарихында алғаш рет бизнес-форум өткізу. Біз туризм саласын дамытудан да үлкен үміт күтеміз. Одан республика бюджетіне ауқымды түсім түсетіні бұрыннан айтылып келе жатқанмен, ол тек сөз жүзінде ғана қалып келе жатқаны жасырын емес.
Ал Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев не дейді екен? «2017 жылы бізге адамдардың өмірін жақсарту үшін көп нәрсе істеуге тура келеді. Биыл күзде елде президенттік сайлау өтеді. Бұл саяси оқиға ел тіршілігінің барлық саласына ықпал етері сөзсіз. Өзіме келсем, мені бізде мұрагердің жоқтығы қуантады. Кімнің президент болатындығын менің өзімнің білмеуім — соның дәлелі. Мұрагерлер тек «шах-сұлтан» жүйесі бойынша жұмыс істейтін, онда диктатура үстемдік ететін елдерде ғана болады. Жалпы, сайлаудан кейін Қырғызстанда жаңа вертикалды билік құрылуы мүмкін. Күтулі экономикалық оқиғаларға келсек, ресейлік-қырғызстандық даму қоры елде 20-дан астам зауыттар мен фабрикалар ашуды жоспарлап отыр. Қырғызстан биылғы жылы инвесторлар есебінен бюджеттің табыс бөлігін арттырудан дәмелі. ЕАЭО республиканы инвесторларға жағымды етіп көрсетеді. Бұл жағымдылықтан дағдарыс кезінде ешқандай пайда көрмегенмен, біз алдағы уақытта оның жемісін көреміз бе деп ойлаймыз. Елдің сыртқы саясатындағы басты өзгеріс Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Алдағы күн мен жыл біз үшін қандай болады, бұл — біздің өзімізге талпынысымыз бен іс-әрекеттерімізге, тілек-ниеттеріміз бен жүзіміздегі күлкіге тікелей байланысты».
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов былай деп толғайды: «Біз 2017 жылды зор серпіліспен қарсы аламыз, ол біздің Отанымызды прогрестің жаңа шыңына шығаруы тиіс. Бұл жыл бізде «Денсаулық және көңілдің көтеріңкілігі жылы» болады. Елдегі ең айтулы оқиға Түркіменстан — Ауғанстан — Пәкстан — Үндістан (ТАПИ) трансұлттық газ құбыры магистралі құрылысы болары анық. Оны нақ осы 2017 жылы іске қосу жоспарланған. Біз оған ЕО-ны да тарту жолдарын қарастырамыз. Ашхабад ТАПИ жобасын іске асыруға қолдау табу үшін Ауғанстан және Пәкстанмен әртүрлі салаларда екіжақты байланысты бекемдеуді жалғастырады. Осылайша, экономикалық өзгеріс бейтарап Түркіменстанның сыртқы саяси белсенділігіне ықпал етеді. Көңілдің көтеріңкілігі — дені сау ұлттың байлығы. Біз темекіге бақылау жасау жөніндегі БДҰ-ның (ВОЗ) рамалық конвенциясын ратификациялап, соған сай келетін заңнамалық база дайындадық. Зерттеулер бүгінгі күні біздің елдің әлемде темекіні ең аз қолданатын ел болып табылатындығын көрсетті. Түркіменстанда биыл өтетін тағы бір айтулы оқиға санатына жауынгерлік өнер бойынша жабық залда өтетін 5-і Азиялық ойындарды қосуға болады. Оны қыркүйек айында өткізу жоспарланған.

 

(41)