Мектеп кітапханасы — рухани мәдениет мекені

Қазір балалар тұрмақ үлкендердің кітап оқудан алыстап кеткен шағы. Оның несін жасырамыз? Нағыз оқитын адамдар мұғалімдер болуға тиіс.
Өз мамандықтарына байланысты кітаптарды айтпаймын, көркем әдеби шығармаларды меңзеп отырмын. Біздің өмір сүріп жатқан кезеңнің ең қорқынышты тұсы, ұрпақ тәрбиесіне нағыз жауапты деген ұстаздардың дені көркем әдеби кітаптарды тек әдебиет пәнінің мұғалімдері оқуға тиіс деген түсінікте екені де рас.photo20170206-2-5

Бүгінгі күнде отбасында, мектепте, тіпті, жоғары оқу орындарында ұрпақ тәрбиесі неге қиындап барады? Себебі оларды тәрбиелеушілер қазақ ақын-жазушыларының жазған еңбектерін оқып, оны тәжірибесінде пайдаланбақ тұрмақ, яғни тамаша кейіпкерлерді үлгі ете отырып тәрбиелеуді қаперінде ұстаудың орнына, тіпті қаламгерлердің көпшілігінің аты-жөндерін білмейді де. Осы орайда мектептегі кітапханалардың рухани тәрбие құралы ретіндегі бала тәрбиелеудегі рөлін арттыру керек. Яғни кітапхана жұмысын жандандыру керек деп ойлаймын. Себебі мектептегі кітапханалар — нағыз рухани тәрбие мекені. Күн сайын оқушылармен қоян-қолтық жұмыс жасауға, оларды кітап оқуға баулуға мол мүмкіндік бар. Ал кітапханашы — кітапханаға жан бітіретін адам. Ол оқушыларды, ұстаздарды кітап оқуға қызықтыра алатын, түрлі әдеби шаралар ұйымдастырудың шебері болуы тиіс. Бұл ретте өзім қызмет ететін «Қаратау» орта мектебінің кітапханашысы Ахметова Нұрзаданың осы тұрғыда атқарып жатқан жұмыстарын көпке үлгі етсем деймін. Күн сайын кітапхананың іші бір босамайды. Бірі кітап алып жатса, бірі сабақта алған тапсырмасына керек деректер сұрап жатады. Кітапхананың іші жарық, оқу залы кең. Көрнекті тұсқа «Кітапхана ережесі» ілінген. Мұнда кітапханашы мен оқырмандардың құқықтары мен міндеттері жазылған. Ал оқу залында «Қазақстан — 2050 стратегиясы», «Біз Елбасымен біргеміз»», «Алашқа айбын болған арыстар», «Тәуелсіз елдің тұғыры биік», «Тіл — ұлттың жаны», «Ертегілер елінде», «Абайды оқы, ерінбе!» т.б. тақырыптық көрмелер жабдықталған. Бір сүйсінерлігі — кітапханашы жаңадан келген көркем әдеби шығарманы оқырмандарына таныстырып, авторы туралы, оның басқа да еңбектері жайлы стенд жасап қоюға құмар. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Тәуелсіздік — тәу етер асыл киеміз!» атты кітап көрмесін әзірлеп, сынып жетекшімен бірлесіп, 8-сынып оқушылары арасында «Тәуелсіздік құндылықтары» тақырыбында таным сағатын өткізді. Онда ел тәуелсіздігінің 25 жыл ішінде жеткен жетістіктері, толайым табыстары, әлемге танымалдылығы туралы кітаптар мен мақалаларды оқыған оқушылар пікір алмасты. Түрлі сұрақтарға жауап берді. Кітапханада ақын-жазушылардың өмірінен, шығармашылығынан жеке досьелер арналып, газет-журналға шыққан мақалалар жинақталған. Мұғалімдер мен оқушылар қажет материалдарды осы жерден табады. Қазақтың аса көрнекті ақын қызы Күләш Ахметованың 70 жасқа толуына орай «Күләш Ахметова — сыршыл, нәзік ақын» атты конференция-сабағын өткізген Н.Ахметова ақынның өмірінен, қаламгерлік қызметінен сыр шертетін «Өлеңмен өрілген өмір» атты суретті стенд және кітап көрмесін жабдықтады. «Күләш Ахметованың ақындық, қайраткерлік өмірі» тақырыбында баяндама оқып, соңынан баяндама төңірегінде талқылау ұйымдастырды.

Өз кәсібінің қыр-сырын білетін Нұрзада Ахметова түрлі тәрбиелік шараларды түрлендіріп отыруды басты мақсаты етіп алған. Мысалы, «Кітапханаға кітап сыйы» акциясына қатысқан оқушылар ата-аналарының рұқсатымен үйлеріндегі сыйға берілген кітаптарды бір жерден оқуға мүмкіндік болуы үшін кітапханаға әкеп тапсырған болатын. Әр шараға белсенді атсалысқан оқырмандарға кітапханашы «Құрметті жас ұлан! «Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» деген асыл сөзді ұққаның үшін саған алғыс айтамыз. Ой-өрісіңді рухани азыққа толтыра біл. Келешекте де кітаптың жанашыры, қамқоры бола бер!» деген мәтіндегі алғыс хаттармен марапаттап отыруды ұмытпайды. Ісіне тиянақты, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын кітапханашының жан-жақты жұмысы еленбей қалған емес. Ол аудандық, облыстық бірнеше марапат қағазының иегері. Кітапхана іші әрдайым жарқырап тұрады. Барлығы өз орнында, мұнда, ең бастысы, қоңырау сайын мұғалімдер мен оқушылардың қарасы үзілмейді. Балаларға рухани тәрбие берудің бастауы кітапханадан басталатынын жақсы түсінген Нұрзада Ахметова сынып жетекшілеріне осы тұрғыда көмектесуге әрдайым әзір.

Зеберкүл Кеңесқызы,
«Қаратау» орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Жамбыл облысы

(657)