Любовь Худова: Жеңіл өнеркәсіп 1 пайыз, Үкімет неге қауқарсыз?

Шикізатқа бай бола тұра, импортқа тәуелдіміз

худова
Любовь Худова, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы

— Елімізде «иті қырын жүгірген» саланың бірі — отандық жеңіл өнеркәсіп. Ол баршаға аян. Иә, билік «жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасын дамытудағы үлесі орасан. Сол себепті де бұл сектор Үкімет назарынан тыс қалып отырған жоқ» дейді. Сіз бұған не дер едіңіз?
— Жеңіл өнеркәсіптің дағдарысқа ұшырағаны қашан! Әлі еңсесін көтере алмай келеді. КСРО-мен бірге бұл сала да құлдырап кеткен еді, әлі де бір орында ілдәлдалап тұр. Үкімет лайықты көңіл бөліп отырған жоқ десем, қате айтқандық емес. Иә, мүлде ұмыт қалды демеймін, бірақ Үкіметтің шала тірлігі жылдар бойы қордаланып қалған қыруар проблеманы шешуге тіптен қауқарсыз. 2000 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі он жыл аралыққа көз жүгіртіп өтсек, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көрсеткішінің тек кері кеткендігін ғана аңғарамыз. Нақтырақ айтсам, 2000 жылы жеңіл өнеркәсіптің үлесі еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызын ғана құраса, 2011 жылдың аяқ шенінде ол тіпті 0,3 пайызға дейін төмендеп кетті. Ал бүгінгі күні 1 пайызға жетер-жетпес мөлшерде. Білетін боларсыздар, Кеңес Үкіметі кезінде ЖІӨ-нің 15,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп құрап, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бір бөлігі, яғни 25 пайызы осы саланың есебінен толықтырылды. Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Қазақстанда шикізат мейлінше көп бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің осынша мүшкіл халге ұшырауы ақылға қонбайтын дүние. Қазақстан әлемде шикізатқа аса бай мемлекеттердің қатарында. Тері, жүн, мақта дейсіз бе, бәрі бар бізде. Соған қарамастан импортқа тәуелдіміз.
— Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кедергі болып отырған факторларды таратып айтып берсеңіз.
Біріншіден, Үкімет тарапынан дұрыс қолдау болмай отыр, екіншіден, нарықты шетелдік арзанқол дүниелер жаулап алды, үшіншіден, елде шикізат тапшы.
Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік. Көршіміз Қырғызстанды алайық, экономикасы бізбен бәсекелес бола алмайды деп санаймыз ғой, ал ол елде жеңіл өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі қазір 30 пайыздың төңірегінде. Бұл елде жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді. Олар жылына құны 190 миллион доллардың өнімін өндіріп, оның барлығын дерлік Қазақстан мен Ресейге жіберіп отыр. Тәуелсіз сарапшылардың есебінше, Қырғызстандағы жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы ресейліктердің, 30 пайызы қазақстандықтардың иелігінде. «Біздің отандастырымыз сол бизнесті неге өзімізде жасамайды?» деген ой туындайды. Өйткені бізде кәсіпкерлікпен айналысу қиынның қиыны. Ал Қырғызстан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін оларды салықтан босатқан. Осылай халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, экономикасын жақсартып отыр. Қырғызстан халқының 30 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіппен айналысып, соңғы он жылда көп нәрсені үйренді. Бұл ретте олар германдық белгілі компаниялармен іскер байланыс орнатып, солардың технологиясын мықтап меңгерді. Сөйтіп, төмен сапа, арзан баға принципімен жұмыс істейді.
Екінші — Қазақстан арқылы РФ және алыс шетелге контрафактілі дүниелерді жеткізумен негізінде алып-сатарлар айналысады. Олар көбінесе Қытайдан тауар әкелудің ұрын жолдарын пайдаланады. Қырғызстанның бақылау органдарында қытай импортын жеткізуді реттеу төңірегінде түйінді түйткіл жетерлік. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының заңсыз айналымы жылына 2 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Қазақстандағы киім-кешектің 70 пайызы бізге Түркия, Қытай, Ресей және Қырғызстаннан келеді екен. Осылайша, өзіміздің өнімдерімізді өзге елдердің киімдері басып қалған.
Отандық тоқыма-тігін өнімі ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтеп тұр. Елдегі киім-кешектің 90 пайызы бізге импорт арқылы келуде.
Сарапшылардың кейбір деректеріне сүйенсек, қырғыздар Қазақстанға қайта экспорттау арқылы жылына шамамен 300 миллион доллар пайда тауып отыр. Бішкек қаласындағы «Дордой» базары Алматыдағы базардан бір жарым есе үлкен, оның жылдық айналымы 3,5 миллиард доллар. «Дордой» негізінен Қазақстанды және Ресейдің бір бөлігін қамтып отыр. Қазақстан мен Қырғызстанның географиялық орналасуы мен шекарадан өту рәсімдерінің жеңілдігі, сайып келгенде, елдегі контрафактілік тауарларға мейлінше жол беріп отыр. Ішкі нарығымызды шетелдік тауарлар басып, отандық өнімдерді ығыстырып барады. Қазақстанда мұндай сауда түрімен айналысатын саудагерлердің саны шамамен 2 миллиондай. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Біздің қауымдастық осы мәселені талай көтерді, әлі де жеңілген жоқпыз, яғни сырттан келетін тауарларға бақылау мен талапты күшейтуге барымызды саламыз.
Үшінші — Қазақстанда шикізат өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы. Жұмыс істеп тұрған тігін цехтары матаны сырттан тасымалдайды. Өздеріңіз білетін боларсыздар, әсіресе теріге қатысты мәселе өзекті болып тұр. Ал статистикалық агенттік «қазақстандықтардың аяқкиім мен тері бұйымдарына жұмсайтын қаржысы жылдан-жылға артып келеді» дейді. Егер тауардың осы түрін өзімізде шығаратын болсақ, бізде тері жеткілікті ғой. Бір қуантарлығы, арнайы қаулы қабылданып, өңделмеген теріге кедендік салықты көтеруге қол жеткіздік. Сонымен қатар, өңделмеген теріні сыртқа шығаруға алты айға тыйым салуға қол жеткіздік. Бірақ мұнымен проблема шешілген жоқ. Сапалы терілердің басым бөлігі шетелге көлеңкелі бизнес арқылы кетіп жатыр. Біздің кәсіпорындар шикізаттың жоқтығынан жұмыссыз қалуда. Өйткені фермерлер теріні қолма-қол ақшаға сатып жібереді. Бұрындары мал сойып, оның терісін сыпырып алудың өзіндік технологиясы болған. Қазір малдың 80 пайызы фермерлік шаруашылықта. Олар теріні бұзбай алуды тіпті ойламайды да. Ондай шұрық-тесік терілер өңдеуге жарамайды. Бұл да өз алдына күрделі мәселе. Тері — байлық көзі. Жүн мәселесі де жөнге келмей отыр. Елімізде тек 14-15 пайыз жүн ғана өңделеді екен. Біздің кәсіпорындар жүн тапшылығын қатты сезінуде. Тағы бір мәселе, кілем шығаруды қайта жандандыруымыз керек. Бізде кезінде сапалы, тіні мықты, тығыздығы кез келген шетелдік өнімге бәсекелес бола алатын кілемдер шығарылған. Өкінішке қарай, кезінде жап-жақсы жұмыс істеп тұрған Алматыдағы кілем фабрикасы өнімдерінің көлемін шектеп тастадық. Сарапшылардың мәліметінше, жылына Қазақстанға 50 миллион доллардың кілем өнімдері сырттан әкелінетінге ұқсайды.

Кезінде дүркіреген
АХБК-нің жұрты
ғана жатыр…

8223364f564b0c54e1c6fa1b74a35c23Қытай киімі —
кеселдің көзі

— Сөзіңіз аузыңызда, «төмен сапа, арзан баға» деп қалдыңыз, одан келетін залалды қайтеміз? Қайбір жылы Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында зерттеу жүргізілген екен, балалардың 75 пайызы сапасыз аяқкиімнің кесірінен түрлі ауруға шалдыққан болып шықты. Қытайлық аяқкиімдер адам денсаулығына өте зиян, балалар аяқкиімдері тіпті пайдалануға болмайтын шикізаттардан тігілген. Қарулы күштер қатарына шақырылған жастардың басым бөлігінің денсаулығы әскерге жарамай қалады. Солардың барлығы сапасыз аяқкиіммен келген аурулар.
— Дұрыс айтасыз, сапасыз өнімнің кеселі орасан. Мынаны ескертіп алайын, төмен сапа мен арзан бағаның екі жағы бар. Өз басым сапасыз дүниеге үзілді-кесілді қарсымын. Алайда арзан бағаға келсек, әңгіме мүлде басқа. Кезінде Қытай да, Корея да осы принциппен дамыған. Иә, халыққа арзан киім керек. Қазақстанның «төмен сапа, арзан баға» принципін «жоғары сапа, арзан баға» етіп өзгеруге, менің ойымша, мүмкіндігі мол. Тек мықтап қолға алмай отыр, әттең!.. Мынандай парадокс, Қазақстанда сырттан келетін тауарларға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылса, өзіміздің кәсіпкерлерге талапты күшейтіп тастаған. Сертификат дейсіз бе, қосымшы құн салығы дейсіз бе, бәрі жағадан алады. Оның үстіне менеджмент жүйелерін енгізіп, сапаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді қолға алып жатыр. Мұндай халықаралық стандарттар қомақты қаржыны талап етеді. Сол себепті отандық өнімдер біршама қымбатқа түседі. Ал біздің отандық өнімдер — экоөнімдер. Шетелдік мамандардың өздері бізде шығарылатын жеңіл өнеркәсіп тауарларына тәнті болып жатады. Қырғызстанды жоғарыда айттым, солар сияқты Өзбекстанда жыл басында жеңіл өнеркәсіп саласын салықтың төрт бірдей, яғни барлық дерлік түрінен босату туралы заң шығарды.
— Егер бізді киіндіріп отырған елдер эмбарго жариялайтын болса, жалаңаш қалатын түріміз бар сияқты ғой. Адамзат баласына шалбар киюді үйреткен көшпелілердің ұрпағы саналатын біздерге өзгенің киіміне қарап қалғанымыз ақылға қонбайтын нәрсе. Тығырықтан шығудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
Бірінші кезекте отандық тауарлардың бағасын арзандатудың тиімді тетіктерін қарастыру қажет деп ойлаймын, яғни сырттан келетін тауарлардың демпингтік бағасымен теңестіру керек. Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіппен айналысатындарды бес жылға қосымша құн салығынан босатайық. Кіріс салығын да алып тастайық. Сонда кәсіпкерлер үнемнен түскен пайданы инвестицияға салса, жағдайын жақсартып алар еді. Қазір кәсіпкерлер үшін несие де тиімсіз болып тұр. Мәселен, Қытайда несиенің мұндай түрі бар-жоғы 2 пайызбен ғана берілсе, бізде екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеу 14 пайыз. Айырмасы жер мен көктей.
Жалпы көпшілік елдер жеңіл өнеркәсіпке мейлінше жағдай жасауға тырысады. Мәселен, салықты төмендетеді, субсидия береді т.т. Бізде қазір жеңіл өнеркәсіптің экономикадағы үлесі 0,5 пайыз ғана. Экономикалық қауiпсiздiктің тұрақтылығы үшін ішкі нарықтағы отандық жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Мысал үшін айта кетейін, Қазақстандағы жағдайға сараптама жасау үшін қазақстандық мамандар Жапония, Корея елдерінде болып қайттық. Дамушы елдер қатарына жататын олардың ішкі нарықтағы өз өнімдері шамамен 80 пайыздан астам, яғни бұл сала машина жасау өндірісінен кейін екінші орында тұр. Әлеуметтік, экономикалық әлеуетін арттыруда жеңіл өнеркәсіп саласының рөлі орасан. Ал сол елдерде шикізат мүлде жоқ. Соған қарамастан, олардың жеңіл өнеркәсібі күшті дамып кеткен. Көпшілік елдердің мемлекеттік бюджетінің шамамен 50 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіп үлесінен.

Үкіметке ұсыныс

Ұсыныс демекші, Өңдеу өнеркәсібі хатшылығы Комитеті билік мына мәселелерге айрықша назар аударса дейді:
1) «KAZNEX INVEST» АҚ экспортшыларды қолдау бағдарламасына экспортқа бағдарланған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын «Шатырлы брендтер» бағыты бойынша қосу.
2) Отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының «ЭКСПО — 2017», «УНИВЕРСИАДА — 2017», «Рио-де-Женейродағы Олимпиада ойындары — 2016» шараларын жабдықтауға қатысуы бойынша жәрдем көрсету.
3) Заңсыз және контрафактілі өнімді әкелуге, өндіруге және оның айналымына қарсы іс-қимыл мақсатында жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жүйесін енгізу жөнінде шаралар қолдану.
4) Салық салынатын табыстың негізгі бөлігі өндірісті қайта қаржыландыруға жұмсалады деген шартпен, толық циклды өндірісі бар жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын ҚҚС-тан босату жөніндегі мәселені қарау.
5) Отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілер өнімінің 2015-2019 жж. Жеңіл өнеркәсіпті қолдаудың кешенді бағдарламасы аясында ішкі нарықта сатылуының өсуін ынталандыру жөніндегі тәсілдер мен ұсыныстар дайындау.
6) Отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысуы кезінде жайғасымын күшейту үшін өндірістерді ірілендіруге жәрдем жасау (консорциумдар құру).

Оқушылар киімінің
7 пайызы ғана
өзіміздікі

— Білуімізше, оқушыларымызды отандық киімдермен қамтамасыз етуде де шешімін күткен мәселелер баршылық…
— Иә, жетерлік. Жыл сайын 37,5 миллиард теңгеге мектеп формасы сатып алынады екен. Ал сол формалардың тек 7 пайызы ғана отандық өнім. Сондықтан да сырттан келіп жатқан сапасы күмәнді киімдер тасымалына тыйым салу керек. «Сапасы күмәнді» деп отырған себебім, оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Балаларымыз не киіп жүр, бір Құдай біледі.
— Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіп саласында қандай жаңалықтар бар?
— Барды бар деп айту керек. Елбасымыз Н.Назарбаевтың қаулысымен 2005 жылы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылғаны жұртшылыққа мәлім. Соның аясында бес кәсіпорын салынды. Әрине, бұл — қуанышты жағдай. Бұл жоба көп проблеманы шешті. Атап айтсам: халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі жетілдіру т.т. Жалпы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы мына мақсатта құрылған болатын: тоқыма өнеркәсібін, атап айтқанда, дайын бұйымдар өндірісін дамыту; ел экономикасының әлемдік шаруашылық экономикасын жандандыру; дайын тоқыма өнімдерін өндіру үшін әлемдік сауда маркілерін өндірушілерді тарту; жоғары технологиялық өндірістер құру, өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапасын жақсарту мен түрлерін көбейту.

Елдегі
ірі өнеркәсіптер:

1) «Қазақстан Тексти Лайн» ӨКФ ЖШС (спорттық, балалар киімдері, сондай-ақ кәдесый өнімдері өндірісі). Компания MIMIORIKI балалар киімі брендінің иегері болып табылады.
2) «Textiles.kz» корпорациясы (100 пайыз мақтадан иірілген жіп, үйге арналған тоқыма, арнайы киім өндірісі). Кәсіпорын екі ірі өндірістік тоқыма кәсіпорнынан тұрады: «Ютекс» АҚ және «Меланж» АҚ.
3) «СЕМИРАМИДА» ТІГІН ФИРМАСЫ» ЖШС (тігілген бұйымдар өндірісі (жүн матадан, жасанды үлдірден тігілген пальто, плащтар, пончо, қысқа пальто).
4) «БОЛЬШЕВИЧКА» ПРК (тігілген бұйымдар өндірісі (жүннен тігілген мектеп костюмдері, қыз балаларға арналған форма, курткалар, шалбарлар, халаттар, балалар мен ересектерге арналған жейделер; арнайы киімнің барлық түрлері).
5) «КазСПО-N» ЖШС (кәсіптік киім өндірісі: «Thinsulate» қысқы киімі, тау шаңғысы киімі, «Thinsulate» іш киімі, жаздық трикотаж іш киім, арнайы киім, футболкалар, поло пусер майкалар, түнемел қап).
6) «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС (гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы, сондай-ақ техникалық және тазартылған карбоксиметилцеллюлоза өндірісі).
7) «АРАЙЛЫ» ЖШС (сырт киім өндірісі (формалық киіндіру, азаматтық костюмдік сұрыпталым, арнайы киім).
8) «Арго» ЖШС (құрылыс компаниялары, мұнай өндіру кешені, тау-кен өнеркәсібі ұжымдары жұмысшыларына арналған мамандандырылған аяқ киім өндірісі).

— Әңгімеңізге көп рахмет!

(77)