Жеріміз кең-байтақ, бірақ ұлтарақтай жері жоқ қазақ көп

Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, Қазақстан Республикасы солардың арасында жер көлемі  жағынан 9-орынды иемденеді екен. Халық саны 18 миллионнан сәл-пәл асады. Өкінішке орай, бірде-бір сотық жер телімі мемлекеттік резервте сақталмапты. Жекеменшікке әлдеқашан өтіп кеткен. Ал жер теліміне зәру азаматтар сан мыңдап саналады. Сонда осыншама жердің бәрі кімдердің меншігіне, қашан өтіп кеткен? Сол жер иелері соншама көлемді жерді не істейді? Ең болмаса ғасырлар бойы жауларымен ат үстінде алысып өткен ата-бабаларымыздың аруағынан да қорықпайды екен… Қарапайым халық-тың қытығына тиетін «жер» мәселесі, жердің мәртебесін айқындайтын Ата Заң баптарын өзгерту  туралы неге жиі-жиі ұсыныстар айтылып жатыр? Кезінде жаппай жекешелендіруден биліктің қитұрқы саясаты бойынша тыс қалған қарапайым халық әлі де болса өздерін «Қазақстан Республикасы» деп аталатын мемлекетке тиісті жердің нағыз қожасы, иесі ретінде сезінеді. Жер мен халық — егіз ұғым. Бұл жеке менің ғана емес, бар қазақтың айтар сөзі! Ал «халық айтса, қалт айтпайды». Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жердің иесі — халық. Ал халықтың пікірімен санасу биліктің тікелей міндеті екенін ұмытпаған абзал. Қазақстан — аграрлы мемлекет. Жерінің басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне тиісті болса, едәуір бөлігі мал шаруашылығына арналған. Өкі-нішке орай, еліміздегі мал басы сонау Кеңес дәуіріндегі деңгейге жете алмай отыр. Оның басты себебі мал шаруашылығын жаппай дамытуға арналған мемлекеттік арнаулы бағдарламаның болмауынан екені сөзсіз. Рас, ауылда мал өсірумен айналысатын азаматтар саны күннен-күнге өсуде. Дегенмен, жалпылай салыстырмалы түрде қарағанда аз болып көрінеді. Оның басты себебінің бірі ірі-ірі шаруа қожалықтарының болмауынан  десек, қателеспейміз. Қарапайым халық қолдан келгенін жасап жатыр. Ендігі кезек  күні бүгінге дейін Қытайдың қалтасын қампитып келген ірі-ірі алыпсатар байларды Қазақстанның мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын жоспарлы түрде жоғары деңгейге көтеруге жұмылдыратын, тіпті міндеттейтін арнайы заңнама қабылдау керек сияқты. Нақтылап айтар болсақ, қалталы байларды еліміздің аудандары мен ауылдарында ірі-ірі, орташа мал шаруашылығы  фермаларын, кооперативтерін ашуға міндеттеу қажет-ақ. Әрбір аудандардан бұрынғы кеңестік жүйе кезіндегідей, автомобиль, трактор, комбайн парктерін, стансаларын ашуды қолға алатын кез келді. Әр ауылдан бірнеше мыңдаған, жүздеген ірі қара — сиыр, жылқы және қой, ешкі өсіретін фермалар ашып, қарапайым халыққа сол фермалардың басында қарапайым жұмысшысы бола жүріп, кейіннен еңбектеріне қарай пай  бөлу арқылы белгілі бір пайыздық көрсеткішпен меншік иесі болуына мүмкіндік берген орынды. Сонда кең-байтақ даламыз мыңғырған малға толып, ауылымыз да, ауылдағы азаматтар да еңсесін көтерер еді. Егер осы ай-тылған ұсыныстар депутаттардың құлағына жетіп, белгілі бір шаралар қолға алынса, мемлекетіміздің әл-ауқаты едәуір сауығар еді. Бір сөзбен айтар болсақ, ат шаптырым хан сарайындай кеңселер мен сауда үйлерін, базарлар мен казино, сауна салудың хас шеберлері — «жасанды» байларды еліміздің ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын жоспарлы түрде өркендетуге үлес қосуға міндеттейтін кез келді.

Жаңабек Тойбазаров

(73)