ЕЛБАСЫ: Маңғыстау — нағыз қаймағы бұзылмаған, барлық дәстүрді ұстап отырған ел

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына арнайы жұмыс сапарымен барды.
Мемлекет басшысы бірінші Ақтау қаласының 33 шағын ауданынан бой көтерген «Маңғыстау-Арена» көп қызметті спорт кешенінде болды.
Демеушілердің қаражаты есебінен салынған жаңа кешен 550 орынға арналған. 9333 шаршы метрді құрайтын алаң футболға, баскетболға және волейболға арналған залдардан, сондай-ақ, жекпе-жек пен жеңіл атлетикаға арналған залдан тұрады.

Мемлекет басшысы іссапар аясында «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында болды. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының 39,4 гектар алаңында бір уақытта 5000-ға дейін контейнер (TEU) мен 170000 тоннаға дейін негізгі жүкті сақтауға болады. Заманауи көп мақсатты терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн. тоннаға дейін негізгі жүкті, оның ішінде, 1,5 млн. тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Жоба құны 37,5 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта терминал астық, металл, контейнерлер мен негізгі жүктерді қабылдап жібереді, вагондарға жүкті тиеп, оларды түсіреді, кемелерге кешенді қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында Маңғыстау облысының 190 тұрғыны қызмет етеді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымымен кездесті.
— Еңбек нарығындағы тұрақсыздықты жою және аймақ тұрғындарын жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігімен жасалған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасының аясында, терминал үшін 27 адам оқытылды. Олардың көбі біз үшін қажетті мамандар — механизатор-док жұмысшылары мен тальмандар. Олар Санкт-Петербург қаласының жанындағы теңіз портында оқытылды, — деді «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС бас директоры Асқар Қарабасов.
Одан соң, мемлекет басшысына азық-түлік тауарларын сақтауға арналған «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» қойма кешенін таныстырды. Жабық қоймалардың аумағы 8730 шаршы метрді құрайды, соның ішінде, құрғақ жүктерді, жеміс-жидек пен көкөністерді сақтауға арналған және мұздататын қоймалар бар. Барлық қоймаларға паллет ыдысындағы тауарларды сақтауға арналған 4 қабатты сөрелер орнатылған, штрих-коды бар бағытталған және орталықтандырылған бақылау жүйелері ұйымдастырылған. Қоймалар орталық басқару жүйесі бар толық автоматтандырылған климаттық бақылаулармен қамтамасыз етілген. Инновациялық құрал-жабдықтар, соның ішінде мұздататын құрылғылар, климат жүйелері терең қатыруға арналған. Бұл жобаны іске асыру Маңғыстау облысының сыртқы нарығын жоғары сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
— Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев орталық қызметкерлеріне табыс тіледі.
Бірқатар өндіріс орындарын аралаған соң, Елбасы маңғыстаулық қоғам белсенділерімен кездесті. Мұнайлы аймақ жұрты мемлекет басшысымен бірге өткенді шолып, болашаққа бағдар жасады. Салиқалы кездесуде түрлі сала мамандары сөз алып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін тілге тиек етті.
Президент кездесуге жиналған қауым-мен емен-жарқын амандасқан соң, өңірдің жеткен жетістіктеріне тоқталды.
— Киелі мекен — әулиелер мекені деп айтамыз ғой, нағыз қаймағы шайқалмаған, барлық дәстүрді ұстап отырған елдің азаматтарысыздар. 25 жылда бүкіл елде істелген шаруа Маңғыстау облысында да істелді. Осы жылдардың арасында облыс экономикасы қарқынды дамыды. Барлық ауыл, газбен, жарықпен, жылумен, медициналық қызметпен, интернетпен қамтамасыз етілді. Қашан олай болып еді? Тәуелсіздік алған кезден бастап, өңірлік жалпы өнім 32 есе өсті. Жалпы өнім жан басына шаққанда 3,5 млн. теңге болды. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш болып саналды. Осы жылдары Маңғыстаудың бүкіл елге қосатын үлесі көбейді. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция көлемі 400 млрд. теңге болды. Бұл 2000 жылдармен салыстырғанда 12 есеге артық, — дейді Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Елбасына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндады.
— Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға барлық жағдайлар бар. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды дамытуға толық мүмкіндік бар. Өңір экономикасының дамуындағы басым бағыттарының бірі кәсіпкерлікті дамыту. Оған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы оң серпін береді деген сенімдеміз. Ағымдағы жылы 250 шағын несие бөлуге 1 млрд. теңгеден астам қаржы және 165 бизнес бастамаға субсидия бөліну жоспарланып отыр, — дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Кездесу аясында аймақтың дамуына үлес қосып жүрген жастар да сөз алды. Солардың бірі — көптеген ғылыми-зерттеу жобаларының авторы Ержан Абылханов. Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері жастарға мол мүмкіндік туғызған Елбасына алғысын айтты.
— Сіз әрдайым жастар жан-жақты болу керек деп талап қоясыз. Біз сол үдеден шығуға тырысып жүрміз. Мен қазір кешкі сағат 18:00-ға дейін негізгі инженерлік мамандығым бойынша қызмет етемін. Сосын қосымша фермерлік кәсіппен айналысамын. Бұған отбасым қолғабыс етеді. Осылайша облысты ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз, — дейді жетекші инженер Ержан Абылханов.
Мемлекет басшысы әмбебап жастардың өсіп келе жатқанына көңілі толып, ризашылығын білдірді.
— Жарайсың! Еңбек ету керек. Еңбек етсең, барлығы жақсы болады. Еңбек етуге Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Инженер болып жұмыс істейсің. Шаруашылығың бар өзіңнің. Өзің әлі жассың. Мінекей, жастардың барлығына үлгі, — деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Жастарға риза болған Елбасы, бірақ Маңғыстаудағы жалғыз ЖОО-ның жағдайын сынға алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті:
— Қазақстан университеттерінің ішінде сіздің ЖОО рейтингісі қай орында?
Әділбек Ботабеков, Ш. Есенов атындағы КМТжИУ ректоры:
— Қазақстандағы ЖОО ішінде 18-21 орындардамыз.
Нұрсұлтан Назарбаев:
— Жарайды. Университеттің жағдайы онша емес. Көтеру керек. Барлық ғылым қазір университеттерде. Жастарды жоғарғы курстан бастап үйретуіміз керек. Сендерде ол жоқ. Екіншіден, сендердің шығарып жатқан ғылымдарыңды ешкім цитировать етпейді. Керегі жоқ деген сөз. Сондықтан профессорлардың, мұғалімдердің жағдайы жоғары болмаса, мамандардың да жағдайы жоғары болмайды, — деді.
Маңғыстаудағы маңдай алды ЖОО-ның көрсеткішіне көңілі толмаған Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтау қаласының әкімінен шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігін сұрады.
— Жағалауымызды дамытуымыз керек. Қазір солтүстік бағытта 74 гектар жерде теңіз жағалауына жоспар жасақтадық және Құрық бағытына 600 гектар жерге жоспар жасақтадық. Бұл енді біздің мына жағалауды дамыту үшін, осы жерге инвестиция тарту үшін қазір біздің жоспарымыз жасақтаулы, — дейді Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов.
Елбасы қала құрылысына жіті мән беру керектігін баса айтты.
— Ақтау — теңіз жағалауындағы қазақтың бірден-бір қаласы. Сондықтан архитектурасына көңіл бөлу керек. Қаланы баладай қарап отыру керек. Көшесінің тазалығына мән беру керек. Мен Астананың әрбір ғимаратын өзім сызбай, ешкімге салдырмаймын. Мына жерден жаңа шағын аудан салыпсыңдар. Кеше мен барып көрдім. Спорт кешені бар, бәрі бар. Ол жақсы. Бірақ үйлер барлығы бір-біріне ұқсаған. Мердігерге айтпайсың ба? Фасадтарын жөндеңдер деп. Мына теңіздің жағасында көк бояу мен сары бояу екеуі әдемі үйлеседі. Қыста мұнда ағаш жоқ. Үйлердің өзі қаланы әдемі қылып тұру керек. Сондықтан қаланы жақсы көру керек, — дейді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиында жергілікті билік Елбасыға кей олқылықтардың орнын толтыруға уәде берді. Дегенмен, мемлекет басшысы маңғаз Маңғыстаудың түрлі салада жетістікке жеткенін жоққа шығармады. Ширек ғасырда 275 мың сәби дүниеге келіп, атамекенге 125 мың қандасымыз оралған. Әлеуметтік саланың тағы бір діңгегі — медицинада 2500 нысан салынса, 230 балабақша қолданысқа берілген. «Мұның барлығы ел бірлігінің арқасында», — деді Президент.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев ел татулығының қаншалықты маңызды екенін айтып, қоғам белсенділерімен естелікке суретке түсті.
Айман Оңғарбайқызы

(343)