Білімді әрі иманды ұрпағы бар ұлт бақытты

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қалалық білім беру бөлімінің бастығы Мәдениет Ахметова ханым ұзақ әңгімемізді осылай тұжырымдады. Сүйініші мен күйініші, алғысы мен қарғысы, мақтауы мен даттауы, қуанышы мен қасіреті итжығыс түсіп жататын мамандыққа, әрі өмір атты бозшолақ жалғанның ең ізгі әрі иманды кәсібіне — ұстаздыққа бар саналы ғұмырын арнаған адам бұл түйінге тегіннен-тегін келмегені шындық.

— Мәдениет Медеуханқызы, осы біздер мұғалім деп, ұстаз деп жіліктеп жатамыз. Осы бір киелі де қасиетті әрі синоним атаулардың аражігін ажыратып алып барып әңгіме бастасақ қайтеді?
— Ойланбай айта салған адамға бұл атауларда айырма мүлдем жоқ секілді көрінуі мүмкін. Десек те, аражігі жер мен көктей. Синонимдігі де шамалы. Мұғалім оқытады, жаттатады. Ұстаз үйретеді. Оқыту екінің бірінің қолынан келеді. Оқылған нәрсе ұмытылуы мүмкін. Үйрету — жасаған иеміздің тек мыңнан бірге берген арда қасиеті. Үйреніс қанға сіңеді. Жарық дүниеде мұғалім көп. Ұстаз аз. Абай атамыздың:
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, — деп ой сапыратыны содан. Қазіргі таңда білім мен тәрбие беруде кемшін түсіп, жиі-жиі бармағымызды шайнап қалып жатсақ, ол — ұстаздарымыздың аздығынан. Мәселен, үлкен бір мектеп ұжымында бес-алты мықты ұстаз болса, ол мектептің білім сапасынан да, тәлім мен тәрбиеден де бұзып-жарып алдан көрінетіні шындық. Неге десеңіз, әлгі шағын ұстаздар тобы шәкірттерін ғана емес, мұқым ұжымды тәрбиелейді. Көшбасшы болады. Бұл — аксиома.
— Өзіңіз басқарып отырған Өскемен білім беру бөлімі ұстаздарға бай ма? Кеңестік кезеңде «Қызыл Шығыс» атанған, большевиктерден қандыауыз маузер мен селебелі винтовка аманаттап алып қалған көзі көк, бастарын Мәскеуге қарап шұлғитын жұрты басым өңір еді, бүгінгі тірлігі қалай? Өзіңіз жайлы да бірер ауыз сөз қыстыра кетсеңіз…
— Институт қабырғасынан шыға сала еңбек жолымды мектептен бастағанмын. Әлі күнгі сол теріні илеп келемін. Мұғалім де, директор да, аудандық, облыстық білім беру салаларының басшысы да болдым. Қысқасы, мен осы облыс педагогикасының оты мен суынан, мыс құбырынан өткен жанмын. Ол бөлек әңгіме. Ал басшы болу — ұстаздардың ұстазы болу деген сөз. Ол биіктен көріне алдым ба, жоқ па, оның сарапшысы — өңірдің педагогикалық ұжымы.
Өскеменнің білім беру жүйесіне басшылық жасау оңай шаруа емес. Жаңа өзіңіз айтқандай, қаладағы саны жағынан басым жұрт большевиктердің ресми мұрагерлері аталмаса да, тәуелсіздіктен кейін кейбір арандатушылардың айтағына еріп, біраз «мөңкіген». Оның үстіне солтүстік шекарадан ары өтіп, бері өтушілердің басым бөлігі жас әрі егемен Қазақстанның етегін жинап, еңсесін тіктеп кетуіне ықыласты болмады. Өңірде кеңестік кезеңде қалыптасқан «орыс — бірінші басшы, қазаққа қалған-құтқаны да жетеді» қағидасының іргетасы бертінге дейін бұзылған жоқ. Бүгінде сең қозғалған. Заман озды, ескі түсініктер тозды. Жаңа леп келді өңірге. Мен сол жаңалықтың алғашқы қарлығаштарының бірімін — Өскемен қаласы білім беру бөлімінің алғашқы қазақ басшысымын. Әрине, қиындықтар болды. 17 жыл бойы табан аудармай бір ғана адам басшылық жасаған, соның тәсіліне бойлары үйреніп қалған, психологиялық өзгерістерге қалыптаспаған ұжымды игеру бір төбе десек, менің қазақ болуымның өзі бір төбе болғаны рас. Десек те, сабырлылық пен не нәрсеге болсын ой көзімен қарау, шырт етпе күйгелек сезімнің құлы боп кетпеу, қажырлылық пен қайсарлық, адалдық пен әділдік сынды ертеректен бойға сіңді қасиеттерім менің бұл ұжымды да игеріп кетуіме ықпал жасады.
Қала аумағында 49 мектеп бар. Оның 45-і жалпы білім беретін, екеуі жекеменшік, екеуі кешкі мектептер. Қазақ мектептері — 9. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін бірде-бір қазақ мектебі болмаған Өскемен үшін бұл үлкен жетістік, әрине. Аймақтағы ауылдан қалаға бағытталған ішкі миграцияның әсерінен қаладағы қазақ балаларының саны күрт өсу үстінде. Бұл үрдістің етек алғанына ширек ғасырдан асып кетті. Таза қазақтілді мектептер ашу қажет-ақ. Алайда ғимараттар жетіспейді. Сондықтан қаладағы орыстілді 19 мектепте қазақ сыныптары ашылған. Яғни, аралас мектептерге айналған. Тығырықтан шығу айласы бұл. Аралас мектептің пайдасынан зияны көп екендігін өте жақсы білеміз. Түптеп келгенде былай ғой, ондай мектептерде нәтиженің болу-болмауы ұжым басшысының деңгейіне, біліктілігіне, қос тілді де жетік меңгеруіне тікелей байланысты. Таласып-тартысып жүріп бұл мәселені де ептеп реттеп алдық. Оған жаңадан ашылған таза қазақтілді мектептер көмекке келді. Немен дейсіз ғой? Тыңдаңыз. Білім сапасымен! Ұлттық тәрбиемен! Өскеменде ҰБТ көрсеткіштері, тәлім мен тәрбие, тіпті өнер, спорттық байқаулар, түрлі жарыстар қорытындысы бойынша үнемі қазақ мектептері суырылып алға шығатын болды. Тіпті, сол қазақтілді мектептердің басым бөлігі материалдық-техникалық қуаты жағынан орыс мектептерінен әлсіздеу. Мен бұл жерде бірер жылдың нәтижесімен шектелейін деп отырған жоқпын. Соңғы он шақты жылдар көлеміндегі ҰБТ көрсеткіштерін жіліктейтін болсақ, өсу сандарына тап боламыз. Мәселен, қаладағы О. Бөкей атындағы №44 қазақ мектеп-лицейі 2016 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша (директоры Т.Түменбаев) — 117,9 балл, №43 мектеп-лицейі (директоры Ж.Шаянбаева) — 108 балл, №46 мектеп (директоры Г.Ауғанбаева) — 113,75 балл, №3 мектеп-гимназиясы (директоры Е.Әкітбаев) — 103,5 балл, №45 орта мектеп (директоры О. Тілеукенов) — 97 балл… Міне, осылай кете береді. Көп жылдар бойы осы мектептер біздердің, жалпы облыстың мақтаны болып, мұқым ата-аналарды қуантып келеді. 2016 жылы Өскемен қаласы мектептері түлектері-нің 35-і «Алтын белгіге», 21-і Үздік аттестатқа ие болса, 15 оқушымыз халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанды.
Өзіңіз жайлы дедіңіз бе? Екі жыл ішінде бөлім жұмысының басты бағыттарына реформалар жасадым: бас-аяғы көрінбейтін жиналыстардан, нәтижесіз семинарлардан арылып қалдық. Білім сапасы әлсіз мектептерге түрлі әдістемелік көмектер ұйымдастырдық, нәтиже жаман емес, сапаны 5-10 пайызға көтердік. Үздіктеріміз бен озаттарымыздың саны артты. ҰБТ-дан жыл сайын төмен деңгейден көрінетін мектептеріміз ұпай санын 5-тен 10-ға дейін көтерді. Тәрбие жұмыстарында да алға жылжу баршылық, жаңа формалар дүниеге келді: қалалық ата-аналар форумын, жалпықалалық ата-аналар жиындарын өткізуді тәжірибеге енгіздік, жекелеген ата-аналармен психологиялық тренингтер ұйымдастырамыз. Құқық бұзушы және соған бейім оқушылардың барлығын спорттық секцияларға тартып, тәлімгерлерге бекітіп қойдық. Арнайы мектеп-балабақша кешендерінің статустары ҚР заңнамаларына сәйкестендірілді. Шу мен ду әсте басылмайтын балабақша кезегін «Е-Әкімшілік» порталы арқылы толық реттедік. Әдетте балабақшалар әртүрлі себептермен жазда жұмыстарын тоқтатып тастайтын, енді жыл он екі ай жұмыс істеуде.
Ата-аналардан ақша жинау деген иісті әңгіменің де ініне су құйған сияқтымыз: мектеп басшыларына қатаң тыйымдар салынды, ата-аналар құлақтанды, сауаттандырылды, әр мектеп өз кезегінде тек ғимараттарын сылап-сипайтын (косметикалық) жеңіл жөндеулеріне ғана қалалық оқу бөлімінен жарты миллионнан қаржы алып отыратын болды. Ал оқу орындарына жиһаздар, компьютерлік техникалар, шаруашылық, спорт тауарларын сатып алу үшін қосымша 250 миллион ақша тағы бөлінді. Қаладағы оқу-өндірістік комбинаты жұмыс бағытын түбегейлі өзгертті. Ол бүгінде тек кәсіптік мамандық берумен және қажетті кәсіпке бейімдеумен шұғылдануда…
— Байқайсыз ба, соңғы жылдары білім беру ордаларында сыбайлас жемқорлық деген «жұқпалы дерт» өршіп барады дегендей гу-гу, пыш-пыш әңгіме алқынып, ентігін баса алмай тұр. Осы мәселеге нендей тосқауыл қойып отырсыздар? Естіген құлақты жазғырмассыз, сіздің артыңыздан да домалақ арыздар болды деп естіп едім…
— Шынында да, осы бір адамзатқа, қоғамға, мемлекеттің болашағына орасан зор зиянын тигізер зауалға тосқауыл қою қиын екені рас. Қалалық бөлімге басшы болып тағайындалған соң, маған дейін атқарылған шаруаларды зерделей отырып, біраз құқық бұзушылықтардың басын аштым. Ең алдымен мектепке дейінгі тәрбие беруде, әсіресе «Балапан» бағдарламасы төңірегінде біраз былықтың үстінен түстім. Мемлекеттік тапсырыс Ережеге сай, әділетті бөлінбепті. Комиссия отырысы өтпеген. Комиссия мүшелерінің қолдарын менің алдымдағы бөлім басшысы өзі жеке-жеке жинап алыпты. Мәселен, 2012 жылы жобалық қуаттылығы 440 орындық «Лада» жекеменшік балабақшасын 700 орындық деп рәсімдеген. Республикалық бюджеттің қаражаттарын игеруде министрліктің 2012 жылғы 21 тамыздағы №387 бұйрығын ескермеген. Белден басқан. Жаңағы «Лада» балабақшасында жас сәбилердің құқықтары өрескел бұзылған: топта 20-25 бала болуы керек болса, оларда 38-40 балаға дейін шоғырландырылған. Мен осы мәселені көтердім. Әділет іздеуім өзіме жебе боп атылды: «Лада» ЖШС-нің құрылтайшысы, бұрындары облыстық білім беру саласына басшылық жасаған Ольга Видова және жеке балабақшалардың директоры, жаңағы Ольганың бауыры В.И.Бельков, менің алдымда бөлімге 17 жыл басшы болған А.Кузнецов дегендер менің үстімнен домалақ арыздарды қарша боратты. Жалғыз өздері емес, әрине. Бұрыннан бар, әбден жетілген технологияны қолданды: «қазақ басшы орыстар иелік жасап отырған кәсіпкерлікке әдейі кедергі жасап, жала жауып отыр. Өзі өйткен, бүйткен» деген секілді шөрім-бөрімді үйіп-төгіп, ол арызға ішінара қаладағы орыс директорлардың қолдарын қойғызып, не қыласыз, тәуір-ақ жанталасты. Әлі күнге екпіндері басылмай тұр. Мен өзімнің аналардың жанды жерлерін дөп басқанымды түсіндім. Одан кейін…
Өскемен қалалық әкімдігінің құзырында «Октябренок» балаларды сауықтыру ор-талығы жұмыс істейді. Балабақша ретінде, басқа бағдарлама негізінде қаржыланды-рылады. Сол мекеме балалармен емес, ересек тұрғындарды қабылдаумен шұғылданып жатыр бүгінде. Атап айтар болсақ, ҰОС және Ауған соғысы ардагерлерін, ардагер ұстаздарды, тіпті басқа да кәсіпорындардың ардагерлерін сауықтырумен айналысуда. Басшысы Л.А.Клостер дегенге: «Мынауыңыз өрескел заңсыздық, заңды белден басушылық!» — деп, сан мәрте ескерттім. Ақыры прокуратураға шағымдандым. Қызық пен шыжық сонан кейін басталды: прокуратура айыпты Клостерді жайына қалдырып, әділет пен заңдылық іздеген менің соңыма түсіп кеп берсін. Бұл шым-шытырық, есі дұрыс адамның миына кірмейтін спектакль әлі де жалғасуда. Мен ойлаймын, ұлы драматург Шекспирдің қиялы дәл осыған жете қоймасы анық.
Тағы да осы «Балапан» бағдарламасына сәйкес құрылған шағын орталықтар мемлекеттік қызмет ретінде рәсімделмепті. Ал оларда өз кезегінде 2300-ден астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бұл саланы реттеу де біраз жүйкені жеп қойды. Сонымен бірге «балабақшаға кіру жарнасы» деген заңсыздықпен күресуге тура келді. Мәселен, сіз сәбиіңізді өзінің заңды кезегімен балабақшаға орналастырмаққа ниет жасадыңыз делік. Бәрі заңды, алайда балабақша сізден 30-80 мың теңге көлеміндегі «кіру» жарнасын төлеуіңізді талап етеді. Сәбиіңізді орналастыра алмай әбден запы болған сіз «аш пәледен қаш пәле», оны да беріп құтылдыңыз делік. Енді келіп балабақша ай сайын 1500 теңге көлеміндегі «демеушілік» сомасын төлеп отыруды сізден бек «өтінеді». Тіпті осы бір көзді бақырайтып қойып тонаушылық, қанаушылық күнделікті тірлік дәстүріне, өмір сүру дағдысына еніп алған көрінеді. Бұл да сол менің алдымдағы «ескі көзден» қалған мұра. Күрестім. Алыстым. Әрине, бұл спектакльдің соңғы актісі де мені көрсетумен, менің үстімнен жоғарыға арыздар жазумен көрініс тапты.
Тағы да… Бөлім құзырында 60 пен 75 жас аралығындағы 26 адам басшылық қызметтерде істеп жүр екен. Әлгілер әрі зейнетақы, әрі қомақты жалақы алады. Тиісінше дипломды жастар жұмыс таба алмай, зар еңіреп көшеде жүр. Заңсыздық деген, адами моральға нұқсан келтіретін ұятсыздық дегеніміз осы емес пе? Ең қиыны осы болды. Бата беріп көшелісігенде, ділмәрсігенде сондай, өз еріктерімен кеткілері келмейді жаңағы қарттарымыздың. Әлгілермен екі жыл алыстым. Әрине, жоғарыға құрығанда жиырма домалақ арыз кетті менің үстімнен. Жиырма жылдық жүйкемді «садақаладым». Құрбандықсыз жеңіс келмейді.
Тізе берсем, мұндай сорақылықтардың соңғы нүктесіне жету қиын. Барлығын өзім жеңдім десем, өтірік, жанымда жақсы адамдар көп болды. Әлі күнге солардың жылы алақандарын, ізгі ниеттерін сезініп отырамын. Әсіресе қала әкімі, оның орынбасарлары дегендей. Сол сезіну менің тамырыма өрлік пен қажыр қуатын құяды. Жо-жоқ, жер бетінде әділеттілік құрып кетті, бәрі бітті дейтіндердікі құр далбаса. Дүниеде бәрі де көшпелі, бәрі де өтпелі. Жемқорлық, жалақорлық секілді албасты қасиеттер де мәңгілік емес. Іріп-шіріп құритынына сенемін. Жақсылықты жамандық жалғанда жеңе алмайды. Түнектен кейін жарқырап күн шықпаушы ма еді?
— «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп жатамыз. Айтыңызшы, сізде арман көп пе, өкініш көп пе?
— Біз негізі кеңестік құрылымның өкілдеріміз ғой. Өміріміздің басым бөлігі сонда қалды. Сол дәуірде оқыдық, білім алдық, үй болдық, ұрпақ сүйдік. Өкініштер көп, әрине. Алайда өкініштің түпкі философиясына назар аударайықшы, ол да арманның құрамдас бір бөлігі секілді. Өкініш те, одан туатын өксік те орындалмай қалған немесе мұратына жете алмай орта жолда шорт қиылған армандардың жиынтығы ғой. Өкініш адам баласын шынықтырады, шыңдайды, астарлы тілмен өрнектер болсақ, өкініш — болашақ асқаралы армандарға сапарға шығар алдындағы дайындық алаңы. Полигон. Ал арманды мен екі топқа бөлемін: пенделік және азаматтық. Менің пенделік армандарым қоғамды аса қызықтырмас. Сондықтан азаматтық арманым жайлы бір ауыз сөз.
Мен ғұмырын ұстаздыққа арнаған жанмын. Тіпті тумысымнан ұстазбын. Мақтанғаным емес. Ең ұлы арманым біреу-ақ, ол — ұрпағымыз білімді әрі иманды болса екен! Ал тұлымды ұлдарымыз бен бұрымды қыздарымыз білімді әрі иманды болса, ұлт бақыты, халық бақыты деген сол!
— Тұшымды әңгімеңізге көп-көп рақмет! Бәріміз де сол бақытты көруге құштармыз!

(50)