«Қазақстан-Петропавл» телерадио арнасында аға тілші, редактор, облыстық «Солтүстік Қазақстан» газет газетнде аға тілші, қоғамдық-саясат, экономика бөлімдерінің редакторы. 2009 жылдан бері «Қазақстан ZAMAN» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, Қазақстан Журналистер одағының, ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ақрапат және байланыс министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған, облыс әкімі сыйлығының иегері.

Биылғы міндет — өнім көлемін екі есе көбейту

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, олардың өндіріс көлемімен танысты.
Облыс әкімі ең бірінші «ЗИКСТО» ЖШС-ға соқты. Аталмыш зауыт жүк вагондарының 4 түрін және оларға қажетті бөлшектер жасаумен айналысады.
— Біздің цехта 38 адам еңбек етеді. Мұнда вагонның дөңгелек жұптары жасалады. Құрал-жабдықтардың барлығы заманауи, соңғы стандартпен әзірленген. Біздің цех ай сайын 560 дөңгелек жұптарын шығарады, — деді дөңгелек жұптарын қалыптастыру және жөндеу цехының басшысы Александр Лошкарев.
Құмар Іргебайұлының ат басын тіреген келесі нысаны Петропавл трактор зауыты болды. Өткен жылдың жазынан бері онда «К-704-4Р «Батыр» маркасымен трактор шығарылады. Одан басқа зауытта «Степан» пневматикалық себу кешенінің үлгісі әзірленген көрінеді. Кәсіпорын алдағы уақытта лентамен тасымалдайтын астық артқыш және шөп шабатын машина шығаруды жоспарлап отыр.
Өңір басшысы зауыттың өніміне баға бере келіп, ауыл шаруашылығының болашағы кеңалымды агрегаттарда екенін атап айтты.
— Облыста астықтың 70 пайыздайы осындай кеңалымды, болашағы зор себу кешендерімен егілетін болады. Қажетті технология сақталмаса, астық та мол алынбайды. Бұл техника барлық технологияны сақтауға жағдай жасайды. Өйткені ол бір жүріп өткенде, барлық операцияны атқарады, — деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі зауытты әрі қарай дамыту жоспары туралы да сөз қозғады.
— Алдағы уақытта «ҚазАгроҚаржы» компаниясынан көмек сұрайтын боламыз. Тек сатып алған агроқұрылымдар шағымданбайтындай техникаларды сапалы металдардан жасау керек. Себу кешендерін әзірше Қазақстанда ешқандай өндіріс орны шығармайды. Бұл — алғашқы қадамдар. Мұндай кешендер біздің кең даламызға арналған. Сондықтан осы кәсіпорын бойынша жеке жұмыс істейтін боламыз, — деді облыс әкімі.
Құмар Ақсақалов «ПАМЖ» зауытының машина жасау және құрал-жабдықтар цехында өндіріс үрдісімен танысты.
— Газатқыш тақталар ГРЭС пен ТЭЦ-терде қолданылады. Экібастұз ГРЭС-і «СолҚазЭнерго» үшін көп тапсырыс берді. Қазір Подольскінің тапсырысын орындап жатырмыз, бұған дейін Теміртаумен жұмыс істегенбіз. Өндіріс көлемін 1,5 есе өсіргеннен кейін, қосымша мамандар тарттық. Оларды осында өзіміз оқытып жатырмыз, оқыту мекемелері мен колледждердің қызметін пайдаланудамыз, — дейді цех басшысы Александр Ступаченко.
Кәсіпорын бұдан басқа мұнай-газ ұңғымаларын күрделі және жерасты жөндеу үшін көтергіш құрылғылар, АС-204 бу қондырғысы орнатылған арнайы автомобильдер, цементтейтін агрегаттар, автоцистерналар, ауамен салқындататын аспаптардың секцияларын, ребойлерлер, айырғыштар, теміржол жолдарының жоғарғы құрылғысын жөндейтін құралдар және басқа өнімдер шығарады.
Жұмыс сапары соңында өңір басшысы С.М.Киров атындағы зауыттың өнімдерімен де танысты. Аталмыш кәсіпорын мұнай-газ саласы мен теміржол көлігі үшін автоматика құралдарын шығарады. Мұнда теміржол кешенінің мұқтаждығы үшін қауіпсіздік және радиостанция құрылғыларының кешенді және локомотивті өндірісі игерілген. Сол сияқты зауыт 5-сыныпты дәлдігі бар баспа платоларын шығарады. Кәсіпорын білім беру мекемелері үшін өзіндік бағдарламалармен қамтамасыз ететін 3D принтерлерін шығаруды жоспарлап отыр. Ол үш өлшемде өлшейтін бейне жасауға, қабаттап сандық үш өлшемді үлгі басып шығаруға мүмкіндік береді. Оның тәжірибелік үлгісінің тұсаукесерін солтүстікқазақстандық зауыт өткен айда өткізіпті.
Сапар соңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Құмар Ақсақалов:
— Өткен жылдың қорытындысы бойынша, біздің зауыттардың өндірістік қуаты 27 пайызды ғана құрады. Сондықтан биыл олардың өндіріс көлемін екі есе арттыру жайлы алды-мызға міндет қойып отырмыз. Сол үшін қазірден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті біздің зауыттарға көмектесу, инвесторлар табу, инвестициялар мен тапсырыс берушілерді тарту болуға тиіс. Бүгін біз ірі зауыттардың басшыларымен әңгімелестік, алға қойған мақсаттарымен таныстық. Барлық өнеркәсіп кәсіпорындарын алдағы уақытта тапсырыстармен қамтамасыз ету үшін орталық атқарушы органдармен, министрлермен қазір келісуіміз қажет. Тағы да қайталап айтарым, басты мақсат біздің зауыттардың өндіріс көлемін кемінде екі есе өсіру болмақ, — деді.
Өңір басшысы осындай міндет аудан әкімдерінің алдына да қойылып отырғандығын атап айтты. Дүйсенбі күні өткен аппарат мәжілісінде сондай сәйкес тапсырма берілген болатын.

(12)