mm
«Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі». «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» атты романдары, балалар туралы хикаяттар мен әңгімелерден құралған бірнеше жинақтары жарыққа шыққан. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің алтын медалін, «Жалын» жабық бәйгесінің жүлдегері атақтарын жеңіп алған. «Спорт», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде әрқилы қызметтер атқарған.

Бақытымызды ұрлаушылар кімдер?

Иә, кімнің бақытты болғысы келмейді дейсің. Біріккен Ұлттар Ұйымы «Әлемдегі ең бақытты ел кім?» тақырыбында рейтинг (world Happiness Report 2017) өткізіпті. Үздік үштікте Норвегия, Дания және Ирландия тұр. Ал біз 155 елдің ішінде 60-орындамыз. Өзбек пен Түркіменстан бізден көш ілгері жерде кетіп барады. «Бақытты елдер дегеніміз — молшылық пен әлеуметтік капиталдық тұрақты балансы бар елдер. Яғни қоғамның жоғары сеніміне ие болған, теңсіздік деңгейі өте төмен, билігі әділ мемлекеттер» деп БҰҰ түсінік берді.

Бақытты елдің таразы басын ауырлататын кереғар нәрсенің бірегейі жемқорлық екен. Әне-еу жоғарыда тұрған молшылыққа мелдектеп отырған бай елдерге қызығып қарайсың да, сол бақыттылыққа жеткізбей тұрған жемқорларға кіжінесің. Жақында еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов осы ұрлық мәселесінде бізден де гөрі ызалы екенін тек айтып қана қоймай, деректерді мұрнынан тізіп ашына жеткізді. 25 жылда 2 млн-нан аса ұрлық жасалыпты. Оның 70%-ы , яғни 1,5 млн-ы ашылмаған.
Мәссаған! Қаптаған заң орындары сонда не істеп отыр? Біздің еліміздегі егеуқұйрық тәрізді қаптаған ұрыларды кім ұстайды сонда? Бір қызығы, Жақаң (бас прокурор) ұрлықты тоқтатудың бір амалын ұсынды. Ол «ұрлық жасамайтын өңір құрса» дейді. Біз аң-таң болдық. Қалай? «Ешкім ештеңе жымқырмайтын өңір ашып көрейік. Осы тәжірибемен басқа өңірлерді үйретеміз». Оны қалай жасаймыз? Түсініксіз. Әзірге бас прокурор оны қалай жасайтынын айтпады. Біз таң қалған күйімізде әлі отырмыз. Біздің бақытымызды, байлығымызды ұрлаушыларды шынында да қалай ұстаймыз? Оқырманым, бәлкім сіз айтарсыз бұл сауалды. Шіркін, ондай адам табылса, ел болып, оған алтыннан ескерткіш орнатар едік…

(29)