ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Кәсіби журналист. Сала бойынша білімін жетілдірудің сертификаттарына ие. Т.Амандосов атындағы облыс әкімі сыйлығының иегері. Республикалық баспасөз сайыстарының жүлдегері. ҚР Ақпарат саласының үздігі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше кітаптардың авторы.

Алдағы міндеттер айқын

Өткен жұмада Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев БАҚ өкілдерімен жүздесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Аймаққа басшы болып келгеніне бір жыл толған ол осы кезеңдегі жүзеге асырылған жұмыстар жайын сөз етті. «Өткен жылға жоспарланған Атырау облысын дамыту міндеті орындалды», — деді аймақ басшысы.
Журналистер өз кезегінде түрлі тақырыптардағы сұрақтарын қойды. Солардың бірі — жақында ғана болған қатты желден зардап шеккендерге көрсетілетін жәрдем жайы. Әкім табиғат құбылысының әсерінен зардап шеккен ауқымы 1 мың ш/м асатын әлеуметтік нысандар есепке алынып, мемлекет есебінен жөнделетінін айтты. Сондай-ақ, браконьерлермен күрес турасындағы сұрақ та өзекті еді. Жауап барысында облыста бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасарлары жергілікті полиция және басқа да мемлекеттік орган басшыларымен бірлесіп, жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат шараларын қолға алған. Жайық- Каспий суларының балық қорын қорғау бағытында Үкімет қабылдаған ережелер бар. Тұрғындардың заңсыз әрекеттерге баруы осы талаптарды білмеуінен болып отырғандықтан, браконьерліктің алдын алу шаралары жасалуда. Ең бастысы, жұмыссыздарды қызметке орналастыруда біраз іс атқарылмақ.
Келесі маңызды сұрақ өткен жылы болған Исатай-Махамбет алаңында өткен жер мәселесіне қатысты митингіге, одан кейінгі жиындарға, осылардың қорытынды нәтижесіне орай әкім ойын білуге ойысты. Бұған Нұрлан Асқарұлы: «Бұл оқиғаларға қатысты жеке пікірім де, ресми пікірім де бір бағытта. Ол болған оқиғаға кезінде заң тұрғысын баға берілді», — деп қысқаша қайырды. Мұнан соң жергілікті балық өнімдерінің бағасының қымбаттығы алға тартылды. Бұл мәселе облыс әкімінің назарында екен. Жиналыс өткізгенін, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға міндетін атқарушы М.Айнабековпен кездескенін, өзге де шаралар алынып жатқанын айта келе, биыл балық бағасының түсетінін хабарлады.
Жаңбыр жауса, Атырауда жеке секторлардағы біршама тұрғын үйлердің суда қалатыны жыл сайын жырға айналуда. Бұл сұрақ «су жиналатын аумақтар анықталды, қосымша сорғылар, жабдықтар дайындығын күшейтудеміз, нөсерлік желілерді кәріз жүйесіне қосу жұмыстары іске асырылуда» деген мәліметпен қанағаттандырылды.
Сұрақ кезегі аймақтың экологиялық ахуалын да кеузеп, Қашаған кенішінен өндіріліп жатқан мұнай құрамындағы күкірттің ауаны ластауына ойысты. «Қашаған кен орнынан игерілген мұнай Қарабатан зауытында өңделгенде күн сайын 3800 тонна күкірт бөлінеді. Осыған орай, өндірістегі қолданылатын технологиялар қоршаған орта мен адам ағзасына зиянды бөлінулерді төмендетуге бағытталған заманауи әдістермен жұмыс жасауда. Бұл мәселе ТШО-да шешімін тапты. Тәжірибесі Қарабатан зауытында да ескерілмек. Күкіртті жоюмен Энергетика министрлігімен бірлесе айналыса беретін боламыз», — деді аймақ басшысы.
Атырау мен Қарабатан зауыты орналасқан елді мекен арасына ағаш отырғызып, желектендірудің айтылғанына біршама уақыт өткені рас. Журналистер мұны да тілге тиек етті. Облыс әкімі бұл мәселенің «жасыл белдеу» белгіленген жерлердің топырағы сортаң болғандықтан ағаш өспейтіндігімен, сондықтан «Теңізшевройл мен NCOC мұнай компаниясы басшыларымен келісе отырып, жақын елді мекендер, Атырау қаласы маңын желектендіруге келісім жасалып жатқандығымен түсіндірді.
Кездесуде жол мен жолаушы тасымалы мәселелеріне де облыс әкімі назарын аудартар фактілер келтірілді. Бұл да «сүрленген» тақырыптар қатарында екенін ескерсек, осы бағыттарда жұмыс жасалуда, дегенмен мәселенің өзектілігін өңір басшысы жасырмады. Осы жиында БАҚ өкілдері қойған сұрақтар арасында жаңадан бой көтерген ықшамаудандар тұрғындарының тұрмыс жағдайын қолайландыру да қалыс қалмады. Қойылған сұрақта Нұрсая мөлтек ауданы мысалға алынды. Әр елді мекеннің даму жоспары бар екенін қаперге алғызған Нұрлан Асқарұлы биыл 300-ден астам қала көшелерінің тас жолдары жөнделетінін мәлімдеді. Ал жолаушы тасымалы мәселесінде қала әкімдігінің Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы қоғамдық көліктер қызметімен айналысатын мекемелерді Атырауға шақыртып, бәсекелестік арқылы жағдайды түзеуге қадам жасап жатқаны жағымды естілді.
Күн тәртібінде қоғамдық пікір тудырған тақырыптың бірі баспанамен қамтылған жетім балалардың өз ағайындарынан зәбір көріп, яғни олардың пәтерлерін тумалары тартып алып, қаңғыртып жіберу фактісіне орай мынадай жауап алынды. «Панасыз, жетім балалардың жағдайы облыстық білім беру басқармасының назарында. Өткен жылы 100-ден астам осы топтағы адамға Нұрсая мөлтек ауданынан пәтер берілді. 240 пәтерлік осы үй тұрғындарынан ұрлық, қоғамдық тәртіп бұзушылық шағымдары жиі түскендіктен, жетім балалардың біразы басқа жерлердегі пәтерлерге көшіріліп, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бақылауға алынды. Биыл да 240 пәтерлік үй салынып, жетім балалар қамтылады. Пәтер иелігі заңдастырылғандықтан, оны ешбір ағайыны тартып ала алмайды», — деді облыс әкімі.
Баспасөз мәслихатында көктемгі ауыл шаруашы-лығы жұмыстары, жер асты қазба байлығын игерудегі инвестор тарту, мектептердегі балаларды ыстық тамақпен қамту, өзге де тақырыптарда сұрақтар қойылып, жауабы алынды. Ең бастысы, облыста игілікті жобаларды жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалғасы жылдың еншісінде.

 

(21)